ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРДІ ҰЛЫҚТАЙ БІЛСЕК
Соңғы уақытта жастар тымақты сәнге айналдырды. Қазақтың кәдімгі ұлттық баскиімі оларға жарасып-ақ тұр. Сәндеп тіксең, әрбір киім көздің жауын аларлықтай болады екен. Бір кездері бұл дүниелерге мұрын шүйіріп те келдік. Оны архаизмге жібергендей күй кешкеніміз де рас. «Ол бүгінгі күнге ешбір сәйкес келмейді» деген қасаң пікір де елдің арасынан оқтын-оқтын естіліп қалатын еді.
Дегенмен, оның барлығы бекер сөз екенін қазір ұққандаймыз. Өйткені, орайын келтіріп тіге алсаң, әрбір киім тұла бойыңа жарасып кетеді. Шындығын айтқанда, бүгінгі ұрпақ ертеде ата-бабаларымыз қандай киім кигенін біле бермейді. Бесік жырын тыңдап өспеген ұрпақтың жаһандану заманының залалын көріп отырған жағдайы бар. Себебі, біз өзіміздің ұлттық дүниелерді насихаттауға келгенде бейғам күй кешіп жүргендейміз. Ол қашанға дейін созылады? Осы күйімізде жаһандану талабына бас шұлғып кете береміз бе? Қазір жұртшылықты осындай жағдайлар ойландырады.
Өз-ағам деп өзімсінетін өзбектер өздерінің ұлттық дүниелерін ұлықтауға келгенде алдына жан салмайды. Ала тақиясын басына киіп, шапанын жамылған оларды көргенде біз еріксіз таңырқап қаламыз. Тіпті, олар қалада да сондай киімдерін киюге келгенде ешкімнен қымсына қоймайды. Ал, бізде ондай елжанды кісілерді емге іздесең де таппайсың. Қала түгіл, ауылдың өзінде ұлттық киімді тұрақты түрде киетін адамдар саусақпен санарлық қана. Осылайша, біз ұлттық ұғымдарға байланысты таным-түсінігімізді жоғалта бастадық. Осыдан 20 жылдай бұрын шапан, тақиясын киіп жүретін ақсақалды ауылда жиі көзіміз шалатын. Бүгінгі күнгі құтты қоныстың қариялары оған назар аудармайтын болды. Сонда тарих үшін қас қағым сәтте біз өзіміздің ұлттық ұстынымызды қаншалықты жоғалтып алдық? Әрине, жоғалтқанымыз аз емес. Оны қайта қалпына келтіре аламыз ба? Бұл мақсатта қандай насихат жүргізе аламыз? Осы тұрғыда қаншалықты ойландық?
– Тарихтан білетініміз, ер адамдар түрлі маңызды шараларға барардың алдында киімнің жақсысын киген екен. Атап айтқанда, шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем, шекпен секілді киімдерді сәндеп киген. Оны тігетін ісмерлер де көп еді. Байқасаңыз, қазір аталған киімдердің көбін біз біле бермейміз. Тіпті, оларды мұражайда көрсететін экспонат ретінде қабылдайтын адамдар да арамызда аз емес. Қандай кезең болса да, өзінің ұлттық құндылықтарын ұлықтап жүрген ұлттар баршылық. Өзбектерді былай қойғанда, түрікмен әйелдері де ұлттық ою-өрнекпен безендірілген киімдерін жиын-той, мемлекеттік салтанатты жиналыстарға да киіп баратынын теледидардан талай мәрте көзіміз шалды. Олардың ер кісілері де тақияларын басынан тастамайды. Үндістанның қыз-келіншектері әлі өздерінің сари киімдерін киіп жүреді. Сондай-ақ жігіттері дхоти, шервани секілді киімдерді үстінен тастамайды. Олардың осындай ұлттық киімдерге жанашырлығын бізге де үйрену қажет секілді.
Айтпақшы, біздің ұлттық ою-өрнектер қазір талай жұрттың кәдесіне жарап жатыр. Бүгінгі күні Қазақстанда қазақтың ою-өрнектері салынған кілемдер және өзге де дүниелер сатылып жатыр. Базарға барсаңыз, оларды көруге әбден болады. Мәселен, түрік кәсіпкерлері тоқыған кілемнің бағасы удай, 3-4 мың доллардың шамасында. Сонымен қатар осы дүниелер Біріккен Араб Әмірліктерінен де келіп жатыр. Бұл жақтан келген кілемдер біршама арзандау. Қалтаңызда 15-60 мың теңгедей болса, қолтығыңызға қысып кете бересіз. Сонда біз осы дүниелерді өзіміз дайындай алмаймыз ба? Біздің ұлттық байлығымызды неге басқалар пайдалануы тиіс? Күні ертең бұл ою-өрнектер біздікі деп жатса, оларға қандай дәлел айта аламыз? Ата-бабадан аманатқа айналған дүниелерді айдың күні аманда өзгеге беріп қоя саламыз ба?
Рас, бізде әлі күнге дейін жеңіл өнеркәсіп өркендемей тұр. Оның ішінде киім-кешек өнеркәсібінде өзгеге тәуелдіміз. Түрік пен қырғыздар тіккен киімдерді бағасына қарамай сатып аламыз. Ал, сонда өзіміздің тігіншілер қазір қайда жүр? Оған ұсақ-түйек деп қараудың реті келмес. Өйткені, алдағы уақытта олар біздің ұлттық киімдерімізді жаңа заманға сай етіп тігіп, өзімізге сатып жатса, еш таңғала қоймаспыз. Жалпы, біз ұлттық киімдерді қай уақыттан бері ұмыт қалдыра бастадық? Осының сырына үңілген біреу бар ма өзі? Оларды қашанға дейін ескінің көзі деп санай береміз?
Бұрынғы солақай саясаттың кезінде қазақты орыстандыру үдерісінің жүргені белгілі. Сол уақытта ұлттық дүниелерді ұмыттыруға күш салынды. Дегенмен, көненің көзіндей болған қарияларымыз оларды сақтап қала алды. Десе де бүгінгі уақытта бізді оған назар аударылмай отырғаны алаңдатады. Әрине, барлық ұлттық киімді жаңа заман талабына сай бейімдей алмайтын шығармыз. Алайда кейбір киімдерді сәндеп тіге алсақ, үстімізге жарасып кетер еді. Басқасын былай қоялықшы, қай қазақ басына тақия киіп жүр? Оған ұсақ-түйек деп қарамайық. Өйткені, кез келген нәрсе сондай кішігірім нәрседен басталады емес пе?
Біз ұлттық киімді Наурыз секілді төл мейрамдарда ғана жарқыратып киеміз және табылса ғана. Ал, қалған уақытта сандық түбінде жатады. Ұлттық дүниелерді ұлықтаймыз десек, осы тұрғыда ойланып көрелікші. Жас ұрпаққа оларды қалай насихаттаймыз? Ол – ойланатын шаруа.
Ә. ТАЛАПТАН.