ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Өңірлік коммуникациялар орталығының ұйымдастыруымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр №2 көшесі аумағында салынып жатқан құрылыстардың жай-күйімен танысу мақсатында баспасөз туры өтті.
Мұнда тұрғын үй салу қарқынды жүріп жатыр. «Алтын Айдарлы» ЖШС мекемесі көп қабатты 160 пәтерлік №8 тұрғын үй құрылысын жыл аяғына дейін аяқтауды межелеп отыр. Сонымен қатар, «Авангард ПГС» ЖШС қолға алған осы аумақтағы 50 пәтерлік №16 тұрғын үй келер жылы бітеді деп күтілуде.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағамбетов:
– Мекеме жұмысшылары күннің суығына қарамай қарқынды жұмыс жасауда. Құрылысты уақытылы бітіреміз деген жоспарымыз бар. Халық игілігі үшін атқарылып жатқан істің аясы кең, – дейді өз әңгімесінде.
Қызылорда қаласы еліміз бойынша тұрғын үй құрылысы жағынан өңірлер арасында алдыңғы орында келеді. Соңғы жылдары баспаналы болғандар қатары артып, 5 мыңға жуық жерлесіміз қоныс тойын тойлады. Жаппасбай батыр көшесінде салынып біткен кейбір тұрғын үйлер кезегімен тұрғындарға табысталуда.
Осындай игілікті істің шарапатын көріп отырғандардың бірі жас маман Нұрбек Сайранов.
– Осы жерден үй алғаныма 4 жылдың жүзі болды. Ай сайынғы төлемақысы да қолжетімді. Бөлме іші жарық әрі жылы. Жұмыс барысы сапалы орындалғаны байқалады. Өзім құқық қорғау саласында қызмет жасаймын. Мұндай қолдау жастарға жігер мен қайрат береді. Енді елдің қамы үшін аянбай алаңсыз қызмет атқаруымызға мол мүмкіндік беріліп отыр, – дейді ол өз сөзінде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.