АЛМАТЫДА БҮРКІТШІЛЕРДІҢ КЕЗЕКТІ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ
Ителгі, бүркіт, қаршыға салу сайысының ересектер арасындағы республикалық XII чемпионаты биыл Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында, ал «Қансонар-2018» турнирі Орал қаласында өтетін болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің 2018 жылғы берген республикалық шараларының жоспарына сәйкес, Қазақстан чемпионаты ақпан айының 1-4 аралығында өткізілмек. Республикалық чемпионаттың өтуіне Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Үржар ауданының әкімдігі мұрындық болып отыр. «Қазақстан чемпионатына 12 облыс пен 2 қаладан келген бүркітшілер қатысады. Барлық өңірден 50-ге жуық бүркітші өнер көрсетеді деп күтіліп отыр», - деп хабарлайды Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы. Ал бүркітшілердің дәстүрлі «Қансонар-2018» республикалық турнирі биыл ақпан айының соңында Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында өтпек. Ол турнирге де жиыны 50-ге жуық жуық бүркітші шақырылған. Оралда өтетін көк тағыларының сайысында 20-ға тарта төреші қазылық ететін болады. Одан бөлек, ақпан айында Алматы қаласында құсбегілердің «Қыран-2018» республикалық турнирі, Бүркітшілердің III Халықаралық фестивалі (әзірге қайда өтетіні белгіленбеген) өткізілмек. Сонымен қатар, Қазақстанда бүркітшілік пен саятшылықты дамыту жолында сәуір айында «Төрешілердің бапкерлер мен нұсқаушылардың біліктілігін арттыру курстарын» өткізу жоспарланған. Оған облыстық федерацияларға қарасты спорт мектептерінің жаттықтырушылары мен Астана және Алматы қалаларынан келген нұсқаушылар қатысады.
https://egemen.kz/