АСЫҒЫҢ АЛШЫСЫНАН ТҮССІН...

Шыны керек, бүгінде балалар арасында асық атып, ләңгі теуіп жүргенін кезіктірмейтін болдық. Айтса айтқандай, жастар компьютер, айфон, айпад секілді техникалық құралдарға байланып қалған. Жастарға ұмыт қалып бара жатқан осы ойындар жайлы кеңінен насихат жүргізу керек. Әйтпегенде, қала тұрмақ ауылда да бұл көріністер көзден таса қалып барады.
Қазақтың дәстүрлі ұлттық ойыны асық – адамның денсаулығын нығайтады дейді дәрігерлер. Өйткені, ол үшін де үлкен физикалық қозғалыс керек. Дәлдікке, мергендікке үйренген бала болашақта нақтылық пен туралыққа жақын болады. Қарап отырсақ, асық – жай ғана ойын емес, таптырмас тәрбие құралы екенін байқаймыз. Ол – ұлттық ойынның атасы ғана емес, халықтың өткені мен бүгінгісінің көрінісі. Өйткені, ертеде қазақ баласы қолына ең алғаш асық ұстаған. Ырымдап «Асығың алшысынан түссін» деген. Қазақ: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деп бекер айтпаған. Ұлттық тәрбие – осындай құндылықты бағалау арқылы қалыптасады. Бұл – тәлім-тәрбиенің, ізеттіліктің белгісі. Асық мергендікпен қатар баланың ептілігін, шапшаңдығын, табандылығын және қырағылығын жетілдіреді. Асық баланың жүйке-жүйесін қалыптастырып, ой-өрісін кеңейтеді. Сондықтан асық ойынын, ұлттық бренд деңгейіне көтеріп, спорт түрі ретінде дамыту қажет.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.