ИГІЛІКТІ ІСТЕР БАСТАУЫ
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиыны Ақжарма ауылдық округінде жалғасын тапты. Есептік шарада округ әкімі Жұмабек Әлиев пен учаскелік полиция инспекторы Ділмұрат Жұмадуллаев өткен жылы атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Жиында алдымен учаскелік полиция инспекторы Ділмұрат Жұмадуллаев ауылдың қоғамдық тәртібі жайын сөз етті. Былтыр округте 24 қылмыс тіркеліп, оның 11-і ашылған. Жыл көлемінде 87 арыз-шағым түсіп, олар тиісінше заң талабына сай қанағаттандырылған.
Округ әкімінің айтуынша, Баймұрат батыр, Талдыарал, Құбас және Қалғандария елді мекендері қарайтын аумақта бүгінде барлығы 2248 тұрғын тіршілік етуде. Былтыр мұнда 45 млн. теңге көлемінде қаржы қаралып, ол өз кезегінде толығымен игерілген. Соңғы жылдары ауылдың кәсіпкерлік саласында серпіліс байқалады. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 90-нан астам тұрғын жеке кәсібін бастаған. Оның ішінде шаруа қожалығы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, дүкен, наубайхана, жылыжай мен өзге де кәсіпкерлік түрлері бар. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында мал шаруашылығын дамыту бойынша 4 жоба қаржыландырылған. Мәселен, «Шах-Баймұрат» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің 16 мүшесі «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы өз бизнесін ашуға мүмкіндік алған. Денсаулық сақтау мекемелері де ақжармалықтарға сапалы қызмет түрін ұсынып келеді. Мұнда қалалық №4 емханаға қарасты емдеу амбулаториясы бар. Сондай-ақ, Талдыарал елді мекенінде жаңа медициналық бекет ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ауылдық округте жаңадан клуб құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Н.Тасымов және Ә.Молдағұлова көшелері жарықтандырылған. Биыл Талдыарал елді мекенінің орталық көшесіне 2 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал, Баймұрат ауылындағы М.Шоқай, А.Иманов көшелерінің бойына жүргізілетін шараларға тиісті жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім жасалған. Сонымен қатар, аталмыш аумақтарға ауыз су, электр бағанасы мен қосымша ұңғыма орнату, кәріз жүйесін жаңғырту секілді біршама жұмыстар атқарылмақ. Осыдан соң қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы жарқын жобалар мен игілікті бастамалар барысымен таныстырды. Ол өз сөзінде қаланы жасыл желекке айналдыруға, көркейту-көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп келе жатқандығын атап өтті. Осы ретте шаһар шырайын арттыра түсу мақсатында 52 аллея мен сквер орналастырылған. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылған. Қаланың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар жасалып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар көптеп салынуда. Қазіргі таңда Тұңғыш Президент атындағы саябақ пен Рәміздер алаңының арасы кеңейтіліп, жаңадан демалыс паркі бой көтеуде. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Өткен жылы республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден инфрақұрылымды дамытуға барлығы 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі таңда Қызылорда республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан аса толық жаңартылған қаланың біріне айналды. Жылу желілерін жаңарту да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, соңғы 5 жылда магистральды жылу желілерін жаңартуға 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жиын барысында қала әкімі қаланың экономикалық әлеуетін көтерумен қатар, мәдени-архитектуралық келбетіне де ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Есептік кездесу соңында жергілікті жұртшылық жасалған жұмыстарға өз ризашылықтарын білдірді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.