ЕЛ ТӨРЕЛІГІ ЕРДІ ШЫҢДАЙДЫ
Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округ әкімдерінің ел алдындағы есебі Қызылжарма ауылдық округінде мәресіне жетті. Оған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, дербес бөлім басшылары, депутаттар қатысты.
Кездесуде алдымен учаскелік полиция инспекторы Талғат Қалиев округтің қоғамдық тәртібіне тоқталды. Өткен жылы ауыл тұрғындарынан 239 арыз-шағым түскен. Сондай-ақ, 61 қылмыс тіркеліп, оның 20-ы ашылған. Ал, 62 азамат әр түрлі санат бойынша профилактикалық есепке алынып, 96 тұрғынға әкімшілік хаттама толтырылды.
Ауыл әкімі Нұрболат Ибраевтың айтуынша, округтегі тұрғындар саны – 7405 адам. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Бүгінде қызылжармалықтар «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Мұнда ауыз, аяқ су мәселесі оң шешімін тапқан.
Жыл сайын көшелер жаңарып, жарық бағаналары орнатылуда. Атап айтсақ, Ә.Әбенов, Ө.Махамбетов көшелері орташа деңгейде жөнделді. Ал, Қ.Сексенбаев көшесінен №7 көше аралығына тас төселді.
Соңғы жылдары округте кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді. Мәселен, жеке кәсіпкер Дүйсенғазы Байділдаевқа өзі салған жылыжайын әрі қарай дамыту үшін қаржылай көмек көрсетілген. Одан бөлек, шағын және орта бизнесті қолдау, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша біршама жұмыстар істелуде. Атап айтсақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау кеңесші» мемлекеттік бағдарламасы тұрғындардың қызығушылығын тудыруда. Соның нәтижесінде былтыр 111 кәсіпкерлік нысаны тіркелді. Бүгінде аталған көрсеткіш 164-ке жетті. Олардың басым көпшілігі «Сыбаға», «Құлан» жобасы арқылы несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар.
Ауылда жұмыссыздықты болдырмау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осыған орай 20 адам тұрақты, 19 азамат қоғамдық жұмысқа, 3-і жастар тәжірибесі, ал, 21 тұрғын кәсіпкерлік оқуға тартылды. Жыл сайын адам саны көбейіп, халық көп қоныстанып жатқан аумақтың бірі болғандықтан бұрынғы құс фабрикасының 2,6 гектарына 900 орындық мектеп салу жоспарлануда. Бүгінде осы мақсатта тиісті құжаттар әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өйткені, ауылға қарасты №144 С.Әлжіков атындағы орта мектепте 1924 оқушы білім алады.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылда денсаулық, мәдениет, білім ошақтары жаңадан салынып, ел игілігіне берілген. Мәселен, округте 2014 жылы бір мезгілде 120 келушіге қызмет көрсететін амбулатория ашылды. Содан бері бұл мекеме алғашқы көмек көрсету, үйге шақыру, жүктілікті есепке алу және қалыпты босануын қадағалау секілді жұмыстарды қамтамасыз етеді.
Басқосу барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы қаладағы атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды.
– Соңғы бес жылда қалада жол құрылысын дамытуға 23 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымға жуық жол орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар, 38 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Сондай-ақ, 94 көшеге жарық бағаналары орнатылды. Ал, 72 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөнделіп, 87 спорт және ойын алаңдары қолданысқа берілді, – деді өз сөзінде қала басшысы.
Осылайша өткен жылы атқарылған біршама жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Қызылжарма ауылының тұрғындары қаладағы, округтегі алдағы атқарылар игі бастамалармен танысып, жүзеге асқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.