ЖАРЫҚ ДҮНИЕНІ ЖҮРЕГІМЕН СЕЗГЕНДЕР
Көзбен емес жүрекпен сезетін мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда өмірге құштар келеді. Олардың бірі – туа бітті зағип болса, енді бірі – жүре келе түрлі себептерден осы жағдайға ұшыраған жандар. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы құрметіне зағип жастар арасында «Мен жастарға сенемін» атты көркем сөз оқудан облыстық байқау өтті. Зағиптар қоғамы клубы ұйымдастырған шарада облыс орталығы мен аудандардан 16 – 35 жас аралығындағы барлығы 10-ға жуық талапкер өзара бақ сынады. Үш кезеңді құраған байқауда үміткерлер Елорданың 20 жылдығына орай «Астанаға тарту», «Туған жерім» бөлімдері бойынша елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын түрлі тақырыптағы өлең шумақтарын нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Байқау қорытындысы бойынша Динара Ешниязова жеңімпаз тұғырынан көрінді. Туа бітті жанарынан айырылған Динара бұған дейін түрлі қалалық, аудандық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, марапат мерейін асырып жүрген жайы бар. Белсенді жас бүгінде зағиптар қоғамы клубының мүшесі. Ал, екінші орынды Жалағаш ауданынан келген Құралай Мылтықбай иеленді. Сондай-ақ, үздік үштікті қаладағы №5 көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатының оқушысы Меруерт Құлдейсенова мен шиелілік Бақыткүл Іргебаева түйіндеді. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.
ҚМУ-дің 4 курс студенті