АРҚАДА ҚҰЛАН ӨСІРУ ІСІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Биыл Қостанай облысының Жанкелдин ауданына бірнеше құлан әкелінген. Түз тағыларының қыстап шығуы үшін арнайы орын дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жыл басынан бастап Жанкелдин ауданына 9 құлан арнайы тікұшақпен жеткізілді. Оларды «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты қарауына алды. Сондай-ақ, даланы қорғауға Ырғыз-Торғай резерваты инспекторлары, Саға, Алтыбай аңшылық шаруашылықтарының иегерлері, табиғатты қорғау полициясы жауап береді. «Бүгінде құландардың бейімделуі үшін аумақтан 55 гектар жер қоршалды. Олар сонда қыстап шығады. Көктемде сыртқа шығарылады. Жанкелдин ауданы түз жануарларын өсіруге өте қолайлы өңір. Аңдардың мойындарына электронды қарғы тағылып, олар спутник арқылы бақылауға алынған, - деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ғилымхан Молдағұлов. Түз аңдарын әкелу мен өсіру шаралары 2017-2020 жылдар аралығында екі кезең бойынша жүзеге асырылады. 2018 жылы 16, одан кейінгі жылы тағы 16 саяқты жануар әкелінеді. Қостанайға құланнан бөлек, Пржевальский жылқылары да келеді. Себебі, керқұландар деп аталатын жылқының бұл жабайы түрі өткен ғасырларда Қазақстан аумағын, соның ішінде Торғай даласын да мекен еткен екен. Ғилымхан Молдағұловтың сөзінше, қаржылай қолдау табылып жатса, Пржевальский жылқылары байырғы қонысына қайта оралады.
http://www.inform.kz/kz/arkada-kulan-osiru-isi-kolga-alyndy_a3080755