Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КІШКЕНТАЙ КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

КІШКЕНТАЙ КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

  Қызығы көп қалада тұратын Қожа ауылға, ата-әжесіне қонаққа келеді. Өркениет көшіне бет түзеген шаһардың заманауи мәдениетіне дағдыланған жалқау Қожаның бар ермегі – ұялы телефон. Бір күні ол ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде жалқаулық, еріншектік жаман әдет екенін, спортпен шұғылдану керектігін түсінеді. Көрген түсі балаға үлкен ой салып, салауатты өмір салтын ұстануға бекінеді. Сөйтіп, күнде жаттығулар жасауды әдетке айналдырады.Бұл – сатира саңлағы Оспанхан Әубәкіровтің «Қожа мен спорт» атты қуыршақ спектаклінің қысқаша желісі. Балаларды осындай елжандылық пен салауаттылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін қойылымдардың бүгінгі таңда тәрбие-тәлімдік маңызы айрықша. Кішкентай көрермендердің де қызығушылығы жоғары. Спектакль кейіпкерлерімен бірге қосыла ән салып, би билеп, жадырай күліп отқаны. Сыр балғындарына ойын-күлкіден осындай берекелі-мерекелі базарлық жасап, шат-шадыман күйге бөлеп жүрген «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобының бұл тұрғыда орны бір төбе. Алғаш 2004 жылы Н. Бекежанов атындағы облыстық драма театры жанынан құрылған шағын топтың бүгінде шығармашылық тынысы кеңейіп, өнердегі өрісі ұлғайған. Театр режиссері Хұсейін Әмір-Темірдің тікелей бастамасымен қолға алынған жоба қазіргі таңда балақайлар үшін насихаты терең, тағылымды тәрбиесі мол рухани ортаға айналған. – Мен алғаш халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығында жұмыс жасап жүрген кезімде қаладағы дарынды өрендердің басын қосып, жастар театрын ашқан едім. Аз уақыт ішінде жеткен жетістігіміз де жоқ емес. Кейін театр өнерінің Сырдағы қарашаңырағында қызмет жасау бақыты бұйырып, аталмыш іс мұнда да өз жалғасын тапты. Оған Хұсейін Әмір-Темір ағамыз көп қолдау білдіріп, қуыршақ тобының құрылуына ықпал етті. Сөйтіп, «Нартай бүлдіршіндерінің» алғашқы сахнасы «Алтын сақа» қойылымымен түрілген еді, – дейді топ режиссері Күләш Жанмұратова бізбен әңгімесінде.Оның айтуынша, кішкентай көрермендерге арналған туындылардың бүгінде саны артқан. Топтың шығармашылық қоржыны «Ит пен мысық, тышқан дос», «Тосын сый», «Адасқан тышқан», «Қаңбақ шал», «Тапқыр бұзау», «Ауыл иті – Ақбай», «Балапан қораз», «Қожа мен спорт» сынды өзге де балалар ертегілерімен толыққан. Ал, түрлі образды шебер сомдап, балақайларды нағыз ертегілер әлемінде саяхаттатуда Айгүл Қиятова, Раушан Каймашова, Нұрбек Ерден, Ерлан Жұман, Айғыз Қосмаханова сынды білікті әрі талантты әртістер өнер көрсетіп келеді. – Мен мұнда 2013 жылы келдім. Оған дейін Ақтау мен Алматы театрларында жұмыс жасадым. Кейін жолдасымның қызмет бабымен Қызылордаға ауысып келдім. Содан бері осы облыстың іргелі мәдени шаңырағында өнер көрсетіп жүрмін. Қазіргі таңда топтың шығармашылық қоржынындағы спектакльдердің барлығында дерлік ойнаймын. Мәселен, татар халқының белгілі драматургі Туфан Миннуллиннің шығармасы аясында жазылған «Ауыл иті – Ақбай» ертегісінде мысық бейнесін сахнаға алып шығамын. Онда ауылын тастап, қалаға келген мысықтың мүшкіл күй кешуі арқылы балаларды туған жерді құрметтеуге, оның қашанда ыстық, қадірлі екенін насихаттаймыз, – дейді топтың белді әртісі Айғыз Қосмаханова. Расында, мұндағы әртістердің қай-қайсысы болмасын кәсіби тұрғыда шыңдалған жандар. Баламен балаша қуанып, түрлі образды жан-тәнімен беріле ойнайды. Қызылды-жасылды сахналық костюм киіп, жануарлар кейпіне енген оларды көргенде бейне бір хайуанаттар бағына тап болғандай әсерде қаласың. Ал, балаларды бірден елітіп, ертегілер әлеміне шақыратын қуыршақтарды мұндағылар Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырады. Топ режиссерінің айтуынша, бүгінге дейін бұл сұранысты еліміздің белгілі суретшісі Маяра Дәуренбаева, Гуля Бабаева, Олег Миртаиров сынды шеберлер қанағаттандырып келеді. Ал, қуыршақтарды одан әрі дамытып, тақырыпқа сай көркемдей түсуде театрдың суретші-бутафоры Нұрбадрадин Бегімбеттің еңбегі өлшеусіз. Осындай өз ісінің білгір мамандарымен біріге жұмыс жасайтын шығармашылық ұжымның алған асулары да аз емес. 2007 жылы Ақтау қаласында өткен «Ортеке» халықаралық өнер фестивальінде мәдениет министрлігінің арнайы алғыс хатына ие болған қуыршақ тобының мәртебесі еселене түсті. Бұдан кейін де Алматы, Көкшетау, Атырау қалаларында өткен байқауларда бақ сынап, марапат биігінен көрініп қайтты. Сонымен қатар, биылғы жылдың басты жетістігі – «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ сазды драма театрының сахнасында елордалық кішкентай көрермендерге үздік қойылымды тарту етті. Сыр өнерпаздары онда Г. Ландаудың «Балапан қораз» спектакльін балақайлар назарына ұсынып, шынайы достықты кеңінен насихаттады. Жан-жануарлардың әрекеттері арқылы өмірдегі жамандық пен жақсылықты, қамқорлық пен зұлымдықты қалай ажыратуға болатындығынан хабардар етті. Осылайша балаларға керемет көңіл-күй сыйлаған театр ұжымына ата-аналар мен балабақша тәрбиешілері өздерінің ыстық ықыластарын білдірген еді.Иә, қуыршақ десе, санамызды ойын ұғымы бірден жаулап алатыны жасырын емес. Бірақ, сол ойынды сан түрлі көзтартарлық құбылыспен балалар санасына сіңіру автор мен әртіс шеберлігінде астасып жататындығы сөзсіз. Біз кейде театр аудиториясында халық ертегілерімен қоса, батырлар жыры, аңыз-әфсаналар, драмалық шығармалардың қуыршақ сахнасында балалармен жұп-жұмыр қауышып жататындығын жиі байқаймыз. Ал, бұл тұрғыда балалар театры мен қуыршақ топтарының орны айрықша екенін ұмытпаған абзал.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

22 қараша 2017 ж. 1 635 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам