Электронды сот жүйесі жұмысының дамуы
Еліміздің сот жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келеді. Ширек ғасырдан астам уақытта елімізде сот билігі толық қалыптасып, түрлі реформалар жүзеге асты. Соттар заманауи жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық соттарға енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды.
Республика соттары ақпараттық-сараптамалық жүйені тәжірибеге енгізді. Соттың және сот билігінің беделін нығайту, қоғамда соттың әділдігіне, бейтараптығына және тәуелсіздігіне сенімді орнықтыру және сот төрелігінің жариялылығы мен ашықтық қағидасын іске асыру үшін сот процестерінде аудио-бейне жазба жүйелері қолданылуда.
Электронды сот төрелігі соттардың қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сот ісі жүйесін автоматтандыруды жеделдетеді. Соттарда электронды технологияларды қолдану – процеске қатысушы азаматтарға қолайлы жағдай жасауды, сонымен қатар сот актілерінің сапасын көтеру мен істерді қарау мерзімін жылдамдатады және сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді.
Сот кабинеті – бұл электрондық ақпараттық сервис, ол сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді біріңғай терезе болып саналады. Сот ісін жүргізуді жеңілдету және азаматтар үшін сот жүйесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылған. Сотқа жүгінген әрбір азамат «Сот кабинеті» арқылы арыз беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында электронды цифрлы қолтаңба алуы қажет.
Қазіргі таңда біздің сот кабинетін пайдалану соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың уақыты мен жұмысын азайтады. Мысалы, азамат немесе оның заңды тұлғасы өзінің уақыты мен қаражатын жұмсамай, үйінен талап арыз жіберсе, ол электронды түрде соттың базасына түседі. Сот қызметкері дайын электронды түрде түскен арызды тіркейді. Ол үшін ол құжаттарды сканерден өткізіп, базаға салып жатпайды. Өйткені олардың барлығы дайын түседі. Өз кезегінде ол сот жүйесі қызметкерінің азаматтармен байланысын азайтады және сыбайлас жемқорлыққа бейімдікті азайтуға ықпал етеді.
Интернет қосылуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) электронды бұрыштар ұйымдастырылған. Барлық келушілерге өкілетті операторлар «Сот кабинеті» сервисін қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, қажетті құжаттарды электронды түрде жіберуге көмек береді. Қазіргі уақытта «Сот кабинеті» бағдарламасының мобильдік қосымшасы жұмыс істеуде. Бұл сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығын жетілдіре түседі.
М.Жакупова,
Қызылорда қаласының
№ 2 сотының бас маман
сот отырысының хатшысы