"ЭЛЕКТРОНДЫ СОТ ТӨРЕЛІГІН" КЕЗ КЕЛГЕН ТҰРҒЫН ПАЙДАЛАНА АЛАДЫ
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық соттың судьясы Камшат Сәдуақасова мәлімдеді.
Онда «Электронды сот төрелігін» дамытуды жүзеге асыруға, «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесін пайдалануды насихаттауға байланысты түсіндірілді.
"Сот өндірісіндегі істердің саны көбейген сайын, қағазбастылықтан арылу қажетті туындады. Осыған орай, сот жүйесі толығымен электронды жүйеге өтуге алғашқы қадамдарын жасады. Қазірде ақпараттандыру жүйесінің кеңістігі ұлғайды. Қазақстан аумағындағы соттарда кеңінен қолданысқа енгізілген негізгі электрондық қызметтер яғни «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі, «Сот кабинеті» ақпараттандыру жүйесі, сот отырысының аудио-бейнетіркеуі, «Талдау» форумы, «Ахуалды орталық» жұмыс жасауда," - деді Кәмшат Сәдуақасова.
Сонымен қатар, Жоғары Соттың сайтында 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Сервистің қызметін пайдаланып отырған, электронды цифрлық қолтаңбаға ие азаматтар ешқайда шықпай сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап арызды электронды түрде бере алады. Және мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлейді. Аталған сервиске деген халықтың сұранысы күн санап артуда. Оған дәлел, 2016 жылдың 11 айында Қызылорда қалалық сотына «Сот кабинеті» арқылы электронды түрде 9180 талап арыз тіркелсе, 2017 жылдың 11 айында 18046 талап арыз келіп түскен.