Құмар ойынның құрығы
Арман бүгін үйіне кеш келді. Есіктің дауысы ащы қоңырауын басқан еді, ұйқылы-ояулы кейіппен жұбайы Асыл ашты. Әйелінің сағат тіліне телміріп тағаты таусылған секілді. Қабағы қатулы. Қос перзентінің тыныш ұйқысы үшін Арманға қайда жүрсің демеді. Бұл Арманның алғашқы рет кешігуі емес. Ол құмар ойынның құрығына ілінгенін байқамай қалғаны сонша өз отбасы алдындағы жауапкершілігін мүлдем естен шығарды. Қашанғы жолы бола берсін. Алғашқыда оңай олжаға кенелген еді. Кейіннен қарызға белшесінен батты. Бір сәтсіздік екіншіге ұласып, шаттығын шарапқа айырбастайтын күйге түсті. Тіпті жалақысын толықтай құмарлыққа салып жібереді.
Қонақ бөлмесінде қарсы отырған Арманға жұбайы «сынған шыныны қайта құрастыру қиын» деді. Арман үнсіз. Не дей алады? Айтатын уәжі бар ма?. Ақылын арзан дүниеге айырбастап жібергенін ұққандай. Отбасының қамал қорғаны болудың орнына, барын бәсекеге салған сәттерін көз алдына елестетті. Өкініш өзегін өртеп тұр. Бас шайқап, бармақ тістегеннен өткенді қайтара алмайсың. Бірақ болашаққа жаңа қадам жасауға әлі де кеш емес.
Құмар ойындары – талай шаңырақтың шайқалуына себепші. Жеңіл жолмен келген ризық-несібең жыртығыңды жамауы мүмкін. Бірақ, болашағыңа бағдар болмасы белгілі.
Арман қателігін кеш сезінді. Айлар бойы азарт деген азаппен арпалысып, таныс-біліске қадірі де қалмады. Тура жолдан тайғанын білген тұста тым кеш еді. Әкесінен алғыс емес қарғыс алғанын сол қадірлі жанның өз аузынан естігенде төбесінен жай түскендей болды. Самайын ақ шалған анасының өкпе-реніші бір бөлек. Қос перзентінің әр бөлмеден әкесін елеңдеп іздегенін көрсеңіз. Біреу сәбидің күлкісіне зар болып жүр. Ал Арманның бауыр еті-балаларының бақытын құмар ойынға айырбастап алды. Өмір тосын сыйға толы, тек ғажайыпқа сеніп өмір сүру – қате ұғым. «Ата-ананың ашуы Алланың ашуы» демей ме хадисте. Қайсыбір жан рақаты болмасын, ата-анаңның жан қайғысы өзегін өртейді. Серттесіп шаңырақ көтерген адал жарының да сенімінен айырылды. Алғашында қателік деп көз жұмып қарағанымен, болаттай төзім екінің біріне беріле бермейді ғой. Бұл заңды да. Орда бұзар жасқа жетіп, санаңдағы жұтаңдықпен өмір сүрсең ұтыларың тек ақша ғана емес. Осы дағдарысқа саналы түрде қадам жасағаны үшін бармақ тістегеннен не пайда? Бар-жоғы 2-3 Арман жылда құрдымға қалай түсіп кеткенін білмей де қалған. Сол есікті қақпағалы ұтыстағы миллиондарға қажеттілік те болмаған. Алғаш¬қы билет – алғашқы ұтыс. Сол ұтыстан ұмтылыс пайда болған. Ұмтылыс ұтылысқа әкеп соқтырады. Өзі құрған шаңырақтың тұтастығын сақтай алмады.
Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Бақыт пен байлықтың ара жігін ажырата алмай жатады көпшілік. Шынайы бақыттың бағасын білген адам – шаттығы шалқыған, ең дәулетті адам. Ал, кейде байлыққа жеңіл жолмен жетуді жөн көріп тұратынымызды жасырмаймыз. Құмар ойын құрығына ілігіп, қыруар қаржыға кенелсем деген оймен букмекерлік кеңселерді торуылдап, жиған -тергенінен бір түнде, бір сағатта, бір сәтте айырылып қалып жатқандар жетерлік. Кінәнің бәрін жастарға артатынымыз бар. Біз арнайы аралаған кеңселерде бәс тігіп, бой көрсететін азаматтардың басым көпшілігі орта буын өкілдері екенін аңғардық.
Өмір жеңіспен бірге қателігімен де суреттеледі. Бұралаң жолда бағытыңнан адассаң, бақытыңнан алыстап кеткенін де байқамай қаласың. Әркімнің шығар өз биігі бар. Өткенін көз алдынан ойша өткізген Арманның жанын жегідей жеген жайлар осы еді. Құмар ойынның зардабынан шаңырағы ортасына түскен отбасылар саны жетерлік. Бір адамның жүрген жолын жұртқа жария етіп, жығылғанға жұдырық болу мақсатымыз емес, сол жолда жүрген азаматтардың санын бір пайызға болсын азайта алсақ, біздегі үміттің ақталғаны.
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ