Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАҚСЫНЫ ҮЙРЕН, ЖАМАННАН ЖИРЕН

ЖАҚСЫНЫ ҮЙРЕН, ЖАМАННАН ЖИРЕН

   Еліктеушілік о баста қанымызда бар қасиет. Сондықтан «Әсіре қызыл тез оңар» деп айтқан. Алайда, еліктеушіліктің пайдалы, пайдасыз тұстары да бар. Пайдасыз жағы – ол ұлт ұрпағының санасына, тәрбиесіне кері әсер етеді. Осының ішінде еліктеушілік жағы бүгінде жастар арасында басым болып тұрғандай. Соның бірі – заманның сазы, уақыттың ағымы деп қыздар секілді боянып алған, өз тілімізбен айтқанда «91» деп аталатын өнер тобы. Оны теледидардан көрген кей ағайын түрлі ойға беріледі.  Одан басқа да түнгі клуб жағалайтындар кездеседі. Тамырына егіп, есірткі шегіп алудың арқасында бұзақылыққа бой алдырады. Осындай келеңсіз көріністермен қатар, қыздар мен әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық жиілеп бара жатқандай. Мәселен, ішкі істер министрлігінің мәліметінше, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша біздің еліміз әлемдегі мемлекеттер арасында ішімдікті тұтынуда 34 сатыда екен. Бүгіндері адамдардың ауыр және аса ауыр қылмысқа барудың басты себебі, осы мас болумен қатар, есірткіні пайдаланудың әсерінен көрінеді. Өкініштісі, олардың қатары жылдан-жылға арта түскен. Бұл – көңіл алаңдатарлық әрі ойланарлық жағдай. Айып орындығында отырғандардың көбі – осы арақтың  кесірінен қылмысқа барғандар.
         Айтпақшы, қыздар арасында арақ ішетіндер де, темекі тартатындар да көбейген. Шылым шегуге үйір болған сылқымдар қатарының артуы – ел келешегіне, өзінің болашағына, өз ұрпағына балта шапқандық. Бұдан да басқа жат әдеттер  қыздар  бойында жетерлік. Мәселен, олар нәп-нәзік, көрікті денелерінің кез келген жеріне сурет салдыруға әрі емес. Онсызда үнді киносына еліктеген жасөспірім қыздардың қолдарына, білектеріне, аяқтарына ою салып алғандарын көріп жүрміз. Сау шалбарды жыртып киіп, тізесін шығарып қойғандарға не айтасыз? Осы көріністер батыс жаққа еліктеушілік емес пе? Жыртық шалбарды соғыстың ауыр  кезеңінде ағаларымыз жамап-жасқап киген. Ол сол кезеңдегі әлеуметтік жағдайға байланысты еді. Ал, бүгінгі күндері қырықтан асқан асқан сарықарын әйелдердің өздері де киіп жүргендерін көргенде еріксіз жағаңды ұстайсың. Олардың ой-санасының соншалықты төмендеп кеткенін  осыдан-ақ байқауға болады. Бірақ, оның қазақтың көзіне оғаштау көрінетінін кеудесінде түйсігі, санасында сәулесі бар жастар ғана ұға алса керек.
 Ол ол ма, ең сорақысы өткен жылы бұрын аты аталмайтын, батыста жын-шайтандарды шақырып алысатын «Хэллоуин» күнін біздің еліміздің кей жерлерінде мереке ретінде атап, өте бастағанына не уәж айта аласыз?  Енді бізге жетпей тұрғаны осы еді. Бұл да тойлана бастады. Былтыр ол іргелес жатқан Шымқаланың дәмханасында, Ақтөбенің жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында кеңінен аталып өтілді. Тілімізді, ділімізді, қазақи құндылықтарды ұлықтаймыз деп жүргенде, түсініксіз «Хэллоуинді» тойлау қай сасқанымыз? «Жат ағымнан, жат әдеттерден аулақ болайық» деп жастарға ақыл айтқанмен, олардың жат әдеттеріне шектеу  қоюмыз керек шығар, сірә? Ертең оның басқа да аймақтарға қанат жая түспейтініне кім кепілдік бере алады?
Осындайда өткен шақ еске түседі. Баяғыда жертөледе өскен бір үйдің он баласының ауызбіршілігі керемет еді. Қол диірменге тартқан қара нанды олардың бәрі теңдей бөліп жейтін. Кішісіне нан жетпей қалса, үлкені қолындағысын оған беретін. Бәрі бір көрпенің астында ұйықтайтын. Бір-бірін арқалап, жетектеп өсті. Сол кезеңдегі балалар ата-ананың айтқанын екі етпейтін. Бұны бүгінгі замандастарымыздың көбі жақсы біледі.  Сондай қатаң тәртіпті көрген баланың бойы мен ойы өспей қалды ма? Жоқ, керісінше ынталы, жігерлі, зерделі, қайратты, алғыр болып жетілді. Ол кезде де ата-ана баланы ұрмайтын. Бірақ, ұрысса баланың санасына жеткізіп, бойына сіңіріп айтатын. Сондықтан болар, ата-бабамыз «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген. Сонда таяқтан гөрі сөздің қадірі, құдіреті болғандығын байқайсыз. Осы айтылған сөздерді зердесіне, санасына тоқи білген сол кездің балалары қандай алғыр еді деп ойлайсың.
Қазір ше? Қазір көп сөйлеп, сөздің қасиетін қашырып алғанымыз шындық. Көп сөзде түйір де, түйін де болмайды. Сөздің дәйегі болмағандықтан айтылған жерде қалып жатады. «Жастарға айттық, арғыжағын өздері білсін» деген енжарлық басым. Айту арқылы оларға жауапкершілік жүктеу жоқ. Сұраныс, талап болмағасын әр істің соңы сиыр құйымшақтанып, көлеңкеде қалып қояры белгілі. Айтылған сөзді жаңғыртып, баладан күнделікті сұрап отырса, ол жауапкершілікті сезінер еді.
          Қазір бәрі басқаша. Заман өзгерді. Керісінше, пейіл бұзылып, көңіл тарылды. Бірге туған бауырлардың өздері бір-бірімен боқ дүние үшін санасатын, таласатын халге жетті. Ол ол ма, ақыр соңында 8-10 бөлмелі кең үйде отырып, отбасындағы екі-үш баланың өзі бір дастарқан басына сыймайтын болды. Қарап отырып, үстел басындағы орындыққа таласып, «әрі отыр, бері отыр» деп бір-бірін түрткілейді. Міне, пейіл мен көңілдің өзгеруі. Мына бес күн тірліктің адамға сынақ үшін берілгендігін біле тұра, көп жағдайда түсінуге тырыспаймыз. «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын –  ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп дана Абай білмесе неге айтты? Кейінгі ұрпақ осыны біліп жүрсін деді. Тапқан дүниесіне күпірлік етпей, шүкірлік етуін қалады. Мына дүниенің жалғандығын кейінгілер ұқсын, ойлансын деп нақылмен жол көрсетті емес пе? Барлықтың да, байлықтың да бәрін көрген хакім Абайдай ешкім кейінгі ұрпаққа ой тастай алмас.
Бір қоғамда өмір сүріп отырғасын ортаның жақсы болғанына не жетсін? Көпшілік болғасын жаман да, жақсы да, ермек те, қызық та кездесуі заңдылық. Бірақ, соның бәрі өзінің жолымен, ізімен, жобасымен жалғасып жатса, оның аздаған мінінің білінбесі белгілі. Абай дана отыз жетінші қара сөзінде «Мен егер закон қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді. Бұл жерде тәртіппен қатар, тәлім мен тәрбиенің күшін арттыруды меңзесе керек ұлы ойшыл. Ал, қазақтың біртуар ұлы қолбасшысы Бауыржан Момышұлы «Заңсыз ел болмайды, заңға бағынған құл болмайды» деді емес пе?
         Біздің айтпағымыз, тәртіп те, тәлім де бүгінгідей технологиясы дамыған жаһандану кезеңінде аса қажет-ақ.  Біз одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Тоқпақ пен соқпақты жолдарды бастан өткерген біздің ұлттың аға буын өкілдері оны жақсы біледі. Арақ та, темекі де, есірткі де ұрпақ санасын улайды. Одан басқа еш пайдасы жоқ. Бүгінгі болып жатқан қазақ қоғамының арасындағы зорлық-зомбылық пен ауыр қылмыс жасалуы ішкіліктің салдарынан 75 пайызға жетуі ойланатын жағдай. Сондықтан мәңгілік ел боламыз десек, жаман әдеттен жиреніп, жақсыны үйренген дұрыс. Осыны бүгінгі ойлы ұрпақ есте сақтаса дейміз!
                                                                                                                                                 К. ЕРІМБЕТОВ
06 ақпан 2018 ж. 1 767 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам