ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ҚҰНДЫ МҰРАСЫ «КУБАНЬ» ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙГЕ ҚОЙЫЛДЫ

Астана ақшамы газеті тілшісінің мәліметінше, музей қорына тапсырылған дүние - қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Кубань» деп аталатын пианиносы. Бұл музыкалық аспапты композиторға 1965 жылдың 4 ақпанында Шымкент жастары сыйға тартқан.
Жалпы, бала жасынан музыкаға құмар болған Шәмші пианинода ойнаумен қатар домбыра шертіп, сырнайды да тартқаны айтылады. Ауылына келген сыған жігітінен мандолинаны сатып алғаны жайлы да дерек бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева Шәмші мектеппен қоштасу кешінде Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өскенін жазады.
Шәмшінің артында 300-ге жуық ән қалды. Соның біразы қазір Ұлттық музейде тұрған пианиномен шығарылған шығар деп топшылаймыз.
Айтпақшы, композитор бұл музыкалық аспапты сыйға алған жылы Қазақстан Комсомолы сыйлығымен марапатталды. Ал 1991 жылы Халық әртісі атанды. Композитордың ғұмыры осыдан 26 жыл бұрын осы ақпан айында үзілді.
Өмірінің соңғы жылдары киген қаракөл бөрігі де Астанадағы музейде сақтаулы.