АСЫҚ БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТАДЫ

Облыстық рухани жаңғыру орталығы мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектепте асық ойыны үйірмесінің тұсаукесері өтті. Шарада алдымен балаларға бұл құндылықтың тарихы таныстырылды.
– Қазақ халқының дүниетанымында аталмыш ойынның алатын орны ерекше. Ол баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, алғырлыққа баулиды. Адамның ой өрісінің және дене бітімінің дамуына ықпал етеді. Ауылда өскен адамға балалық шақ символы ретінде мәңгі-бақи есінде қалады. Ұлттық ойындар ішіндегі ең көнесі – асық ату тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ, – деді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас.
Тағылымды шара барысында асықтың тарихына қаныққан оқушылар мектептің спорт залына қарай аяндады. Мұнда олар асық ойынының жекелей түрімен жарысты. Қаланың 10 мектебінен келген сайысқа оқушылармен қатар, ұстаздарда бақ сынады.
Аталмыш мектептегі асық ату үйірмесіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Райхан Наукеев жетекшілік етеді. Ол бұл ойын баласын ептілікке, шапшаңдыққа, қырағылыққа баулитынын айтады. Келешекте мектеп оқушыларының қоңырау кезінде асық атып ойнағаны артық емес. Бұл туралы «Асық ату» республикалық федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов мәлімдеді. Қазір көптеген балалардың денсаулығы нашар. Оның себебі көп қимылдамай, күні бойы компьютер алдында отыру, таза ауада көп уақытын өткізбеу болып отыр.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.