Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » НЕКЕ НЕГЕ БЕРІК ЕМЕС?

НЕКЕ НЕГЕ БЕРІК ЕМЕС?

     «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөз әрбіріміздің жадымызда сақталған. Расында, үйлену оңай. Ал, үй болу ше? Бұл кезде бәріміз ойланып қаламыз. Отбасы – қоғамның ең өзекті бөлшегі. Сондықтан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен, бүгінде шаңырақ көтеруге бел буған жастардың басым көпшілігі оның құндылығы мен қасиетін толық сезіне алмай жүрген секілді.
Өйткені, кеше ғана өзіміз бақытты сәтіне куә болып, тойларында ақ тілек арнаған жас жұбайлар көп ұзамай ажырасып жатқанда ойланып қаласың. Оған не себеп? Үлкендер жағы жастардың тіл табыса алмауы мен мінездерінің үйлеспеуін алға тартады. 
Соңғы кезде ажырасу мәселесі қазақ қоғамының дертіне айналды. Себебі, статистикалық мәліметке сүйенсек еліміз әлем бойынша бұл жөнінен алғашқы ондыққа кіреді екен. Біздің өңірде де бұл көрсеткіш көңіл көншітпей отыр. Мәселен, былтырдың өзінде облыс бойынша 2751 неке қиылса, 782 ерлі-зайыптының жолы екіге айрылған. Ал, үстіміздегі жылдың 3 айында 542 жас шаңырақ көтерсе, 240-ы ажырасып үлгерген. Осы көрсеткіштердің өзі-ақ отбасы құндылығына ерекше көңіл бөлудің қажет екенін аңғартады.
Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін бақытты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан бірлігі жарасқан, тату-тәтті отбасын қалыптастыруымыз тиіс. Әрине, бәрі де айтуға оңай. Десе де, әрбір адам бақытты отбасын құру үшін атсалысуға міндетті. 
– Біз ешқашан жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халықпыз. Бұрын қандай қиын-қыстау заман болса да, ажырасу деген ұғым мүлдем болмаған. Сонымен қатар, қарттар үйі мен жетімдер үйі де бізге жат атаулар. Алайда, бұл мәселелер бүгінгі қоғамның қасіретіне айналды. Өйткені,  Алла тағала ешқашан адам тағдыры­мен ойнауды құптамайды. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желідегі ажырасқан жұлдыздардың өмірі сананы әбден улауда. Оның орнына 10-15 баланы дүниеге әкелген Батыр аналар жайында насихат жасамаймыз? Қандай қиындық болмасын мойымай жұмыспен қатар, баланы да дүниеге әкелген көп балалы аналар бар. Міне, нағыз отбасы құндылығы деп осыны айтуға болады емес пе? Олардың ерлігін қазіргі жастарға неге үлгі етпеске? Ұл-қыздарының немере, шөберелерінің ортасына отырғызып, суретке түсіріп, насихаттамасқа. Қазіргі кезде жастардың басым көпшілігі кішкентай мәселені даурықтырып, үлкен дауға айналдырады. Одан ортадағы бала зардап шегуде. Міне, қоғамның ащы шындығы осы. Мәселен, «Күйеу – жүзжылдық, құда – мың жылдық» деген ұста­нымды ата-бабаларымыз сан ғасыр­лар бойы жалғап келеді. Бүгінде құда – мыңжылдық деген сөздің астарына басым көпшілігі үңілмейді. Оның негізгі түп-төркіні – қызын, ұрпағын барған жеріне аманаттау. Қазақта аманатқа ешқашан қиянат жасалмаған. Оны бүгінгі жастар жіті түсініп, отбасы құндылығын басты орынға қойса екен. Қарап отырсаңыз, қазір  көп отбасыны әйелдер басқарады. Ол үйде әкенің орны бірінші емес, екінші орында.  Әрине, бұл дұрыс емес. Өйткені, әкенің орны қашанда бөлек. Сондықтан анасы баласына әкеңнен сұран, әкең ұрысады деп тәрбиелеу керек. Сонда ғана ол отбасында өскен ұрпақ дұрыс жолды таңдайды, – деді дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Бахтияр Оспанов.
Расында да тәрбие неден басталады? Бүгінде жас ата-аналар ұл мен қызына лайықты тәрбие беріп жүр ме? Бұл жөнінде 12 баланы дүниеге әкелген қала тұрғыны Мырзакүл Алшоразовадан сұраған едік.
– Қазақта «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген әдемі сөз бар. Әрине, әр отбасының өзіндік ұстанымы, ережесі, тәртібі болады. Құдайға шүкір, екі ұл, он қызды отағасы екеуміз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірдік. Қазір бәрі де отбасылы. Немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішіп отырған бақытты әжемін. «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтылмаса керек. Мәселен, қыздарымызды мәпелеп өсірдік. Десе де, «ертең сен бір әулеттің келінісің, үй тірлігін үйрен» деп үнемі құлақтарына құйып отырдым.  Сондай-ақ, ер азаматты қашанда жоғары қойып, құрмет көрсету керектігін үйреттім. Міне, тәрбиенің нағыз бастауы осы. Мұны мен өз анамнан көріп-біліп өстім. Сондықтан оны қыздарымнан да талап еттім, – деді батыр ана. 
«Отбасында бақытты жан өмірде де бақытты». Себебі, әр адамның алтын бесігі, аялы ордасы отбасы екені анық. Әрқайсымыздың бақытты отбасын құрғымыз, сонымен қатар, өмір сүргіміз келетіні сөзсіз. Ол үшін ата-ана, отбасы, балаға деген жауапкершілікке немқұрайлы қарамаған жөн.
                                                                     Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.



10 сәуір 2018 ж. 1 604 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам