ШӘРКҮЛ ӘБДІРАЗАҚОВА: «ОТБАСЫН ҚҰРУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК»
Әдетте, АХАТ қызметі дегенде көпшіліктің көз алдына әдемі көріністер – қол ұстасқан жас жұбайлар, той, гүлдер елестейді. Ал шын мәнісінде сала мамандарының жауапкершілігі жоғары, күнделікті қарбаласы көп іс-шаралары сол көріністердің тасасында қалып жатады. Қалалық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Шәркүл Әбдіразақовамен сұқбат барысында сол сан-салалы қызметтің қыр-сырын ашуға тырыстық.
– Әрине, жыл өткен сайын отбасы құрып, некеге тұрушылардың қатары көбейіп келеді, – деп бастады әңгімесін Шәкүл Ибрашқызы. Былтыр Қызылорда хал актілерін тіркеу бөлімінде 2751 неке тіркелді. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір көп. Шаңырақ көтеріп, отбасы жауапкершілігін сезініп жүргендердің жастар арасында көбеюі көңіл қуантады. Жыл басталғалы бері 113-ге жуық жас жұбайға неке куәлігі табыс етілді. Жалпы, отбасы құру мезгіл, белгілі бір уақытпен санаспайды. Бізде қай кезде де жұмыс қызып жатады. АХАТ бөлімінде күнде неке қиған жастар көп. Бос қалған күніміз жоқ. Оған қуаныштымыз. Әрдайым той көбейсін. Отбасы құру – үлкен жауапкершілік. Негізінде, сәуір мен қазан аралығы – біздің қызметіміздің ең бір қызатын кезі.
– Көптеген жастар некесін салтанатты түрде, ел алдында қидырғысы келеді. АХАТ қызметкерлері үйге, мейрамханаға барып неке куәлігін табыс ету қызметін көрсете ме?
– Жоқ. Біздің мамандар ондай көпшілік ортаға барып неке қиған емес. Себебі, неке қиюдың да өз нормасы бар. Мұндай рәсімді біз АХАТ бөлімінде Елтаңба мен Тудың жанында орындаймыз. Ал, мейрамханаға барып неке қиып жүргендер – олар жеке кәсіпкерлер, осылайша өздерінің нәпақасын тауып жүр. Біз тек осында ғана өз қызметімізді атқарамыз.
– Жастардың шаңырақ көтеріп жатқаны қуантады. Алайда дәм-тұзы жараспай, жолдары екіге айырылып жүргендер де кездеседі арамызда. Олардың қатары қаншалықты?
– «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді ғой. Жұбайлардың арасындағы ұрыс-керістің алдын алу мүмкін емес шығар. Дегенмен, оны ажырасуға дейін жеткізбеуге болады деп ойлаймын. Қазіргі заманда үйленген ерлі-зайыптылар өздерінің жас отбасылы болғанын толық ұғына алмайды. Құрған некелеріне немқұрайлы қарайды. Бірін-бірі сыйламайды. Қасиетті қара шаңырақтың қадірін түсіне алмай жүргені де кездеседі. Тіпті, арадағы бала да отбасыны сақтауға себеп бола алмай жатады. Неге? Санасы әлі толық жетілмеген сәби әке-шешесінің екі жаққа айырылысып кеткенін бірден түсіне алмайды. Психикасы әлі қатпаған жеткіншекке бұл жағдай кері әсерін тигізбей қоймайды. Міне, осы тұста үйленген екі жұп бір-бірін бағаласа, қадірлесе қара шаңырақты сыйласа ғана ұрыс-керіс, жанжалдың алдын алуға әбден болар еді. Ажырасу оқиғалары жиі кездесетін жағдайға айналды. Мәселен, 2017 жылы қалада 925 неке бұзу дерегі тіркелді. Оның 861 соттың шешімімен бұзылды. Ал, кәмелет жасқа толмаған, ортақ балалары жоқ, бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың өтініштері негізінде 64 неке бұзылды.
– Сіздер олардың қайта татуласып кетуіне ықпал жасайсыздар ма?
– Негізінде нәзік жандыларға көп нәрсе байланысты. «Әйел – бір қолымен бесікті бір қолымен әлемді тербетеді» демекші, нәзік жандылар болмашы нәрсеге көңіл бөлмей, арадағы сүйіспеншілікті сақтап қалуға тырысса, татулықты нығайта түссе ғана отбасыны сақтап қалуға әбден болады. Ал ер азаматтарға айтарымыз, арадағы кикілжіңге байланысты отбасыны екіге бөлмей, бір-біріне қолдау көрсете білу керек. Әрқашан қиыншылықта жарының жанынан табылып, жылы сөз айту арқылы мәртебесін асырса, отбасын сақтап қалу мүмкіндігі бар. Не болса да тату-тәтті өмір сүруге талпыныс жасаған абзал. Бізде өз тарапымыздан олардың татуласып кетуіне ықпал жасаймыз. Тренингтер ұйымдастырамыз. Шаңырақ көтергендеріне 40-50 жыл толған қарияларды шақырамыз, олардың ақыл-кеңестерін тыңдатамыз. Психологтар жұмыс жасайды. Осындай ұйымдастырылған шаралардан кейін райынан қайтып, қосылып жатқан отбасылар да кездеседі. Олар ажырасу себебін көп жағдайда мінезі жараспағанымен түсіндіреді. Кейде екі жасты шақырып, оңаша сөйлесетін жағайлар да кездеседі. Оларға отбасының, шаңырақтың берік болғаның, оның қаншалықты маңызды екенің түсіндіреміз.
– Аралас некенің Қызылордадағы ахуалы қандай?
– Өткен жылы АХАТ бөлімі 23 шетел азаматын жұптастырды. Олардың қатарында өзбек, кәріс ұлттарының өкілдері бар. Қазақ қыздарының шетелдіктермен некеге тұру дерегі кездескен жоқ.
–Электронды түрде некеге тұруға арыз беру, оны қабылдау жұмыстары қалада қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?
– 2011 жылдан бастап жаңа электрондық қызмет, яғни «Интернет арқылы некеге тұруға арыз беру» енгізілгені белгілі. Оны Қазақстан Республикасының азаматтары ғана пайдалана алады. Интернет желісі арқылы некеге тұруға арыз беру ісі электронды үкіметтің www.egov.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. АХАТ бөліміне интернет арқылы жіберілген арызда некеге тұратын тұлғалар туралы және заң талаптарына сәйкес басқа да мәліметтер толық жазылуы керек. Электрондық арызды алғаннан кейін мамандар оны тексеріп, некенің тіркелетін уақытын, күнін және өткізілетін орнын көрсетіп, арыз берушіге қайта хат жолдайды. Егер электронды түрде некеге тұруға өтініш білдірген арыз дұрыс толтырылмаса, оны тіркеуден бас тартамыз.
– Қызылордада соңғы жылдарда нәрестелердің өмірге келуі қуантады. Оларға құжат беру ісі қалай жүргізіледі?
– Бүгінде қалада туу көрсеткіші өте жоғары. Бөлімде былтыр 10730 нәрестеге тиісті құжаттар берілді. Айта кетер жаңалық, аналар үшін жаңа жоба іске қосылды. 2017 жылғы 29 желтоқсанда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірге нәрестелері дүниеге келген ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Азаматтар мен мемлекет қарым-қатынасының жаңа нұсқасы болып табылатын бұл жобаға сәйкес мемлекет халықты олардың қажеттіліктерін алдын-ала болжап, тиісті қызметтер және сервистермен дер кезінде қамтамасыз етеді. Алғашқы кезеңде проактивті принцип адамның өміріне келуіне қатысты қызметтер бойынша жүзеге асырылады. Жаңа босанған анаға автоматты түрде оның сәбиіне беретін аты-жөні сұратылған хабарлама келеді. Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Сондай-ақ, телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады. Проактивті қызметке қол жеткізу үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. Ол үшін азаматтар порталдағы жеке кабинетінде телефон нөмірін және сәйкестендіру нөміріне байланыстырып қоюы тиіс. Оны жұртшылық халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Connection рoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторын пайдаланып, қажет болған жағдайда оператордың кеңесіне жүгіну арқылы жасай алады. Осы әдіс бойынша бүгінде 20 балаға туу туралы куәлік табыс етілді.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген: Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ