БАЛАЛАРДЫҢ БАҒЫН АШҚАН «БОЗТОРҒАЙ»
Қадым заманнан қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде өміршең ұлттық мұраларымыз ұрпақтар сабақтастығында атадан балаға үздіксіз жалғасып келеді. Бүгінгі жас буын өкілдері де өткен күннен қалған рухани қазынаны қайта жаңғыртып, текті өнерді бойға сіңіруді өздеріне парыз санайды. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші бұл тұрғыда табиғи таланты мен қабілеті ұштасқан жастарға қазіргі таңда қолдау да ерекше.
Халқымыздың бай өнерінің інжу-маржанын теру, өткенді ұрпаққа ұлағат ету мақсатында бүгінде мұндай шаралар өткізудің тамаша дәстүрі қалыптасқан. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы осы дәстүрді жалғастыру мақсатында түрлі байқаулар өткізу арқылы жас таланттарды ел арасына кеңінен танытып, шығармашылық шеберліктерін шыңдай түсуде. Жыл сайын өткізілетін осындай өнер бәйгесінің бірі – «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауы биыл өзінің жиырмасыншы мәрте шымылдығын түрді. Алғаш 1999 жылдан бастап қолға алынып, 2003 жылдан бері халықаралық мәртебесін алған өнер додасы тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азия елдерінде де өтеді. Болашақ жұлдыздарды бала күнінен баулып, кішкентайынан үлкен сахнаға дайындайтын байқау халық арасынан талай таланттарды тауып, жас есімдердің жарыққа шығуына жол ашты. Сыр өңірінен шыққан қаншама жеке орындаушылар, би топтары лауреат атанып, олардың көпшілігі әлем сахналарында өнер көрсетіп жүр. Мақсаты да сол – халық арасында көркемдік дәрежесі жоғары жыраулық дәстүр, ән мен күй, би өнерін кеңінен насихаттау, талапты жасты қолдау.
Қаладағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен байқауға ән, хореография, дәстүрлі ән салу, халықтық орындау және көркемсөз оқу жанрлары бойынша 300-ден аса жеткіншек бақ сынады. Ал, іріктеу кезеңінде облыс орталығы мен барлық аудандардан 500-ге жуық өнерпаз қатысуға ниет білдірген. Биылғы байқау дәстүрлі ән салу мен халықтық орындау күйшілік жанр бөлек-бөлек марапатталуымен ерекшеленді. Өрелі өрендер өнеріне Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Мұрат Құттымұратов, жырау Төлеубай Бейсенбек, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева, хореограф Дана Әбілова сынды өнер майталмандары төрелік етті. Шараныӊ алғашқы күнінде қатысушылар вокалдық қабілеттерін дәлелдеп, халықтық шығармаларды нақышына келтіріп орындауға күш салды. Ал, ертеӊіне балалар көркемсөз оқып, би билеуден өнер көрсетті.
– Мен Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылынан келдім. Байқауға биыл алғаш рет қатысып отырмын. Мәлгеждар Әубәкіровтің «Талас», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйлерін сахнаға алып шықтым. Төрт жылдан бері домбыра үйірмесіне қатысып келемін. Арманым – байқауда лауреат атанып, шетел сахнасында өнер көрсету, – дейді Әли Өткелбай есімді жас өнерпаз бізбен әңгімесінде.
Ал, 14-18 жас аралығында аспаптық орындау шеберлігі бойынша сынға түскен Жұлдызай Жанболат күллі Тұран даласының абызына айналған – Қорқыт бабадан қалған қобыз аспабында ойнап, көпшілік қошеметіне ие болды. Жас қобызшы Е.Брусиловскийдің «Боз айғыр» туындысын көрермен назарына тарту етті.
Сайыс барысында жас ерекшеліктеріне қарай талапкерлер кіші, орта, үлкен топтарға бөлініп, сайыс көркін қыздырды. Вокалдық орындау жанры бойынша байқауға талапкерлер тыңғылықты дайындалып келген. Ереже негізінде әр үміткер сахнада екі әннен орындап, әуезді әуелете созып, қазыларға музыкалық мүмкіндігін толыққанды танытуы тиіс. Осылайша үш күнге созылып, байқау қорытындысын жариялайтын кез де келді. Көптен күткен марапаттау салтанаты да басталды. Аспаптық орындау жанры бойынша 11-13 жас ерекшелікте қызылордалық Нартай Нұрмағанбет пен үлкен топ арасынан Нұрғиса Райымбеков І дәрежелі лауреат атанды. Ал, Шиелі ауданынан келген Сымбат Үсен кіші топта өнер көрсетіп, «Дәстүрлі ән салу» жанры бойынша бас жүлдені қанжығасына бөктеріп қайтты. Вокал жанрында «Көрермен көзайымы» номинациясымен қармақшылық Ақтолғай Ержан марапатталса, әншілер арасында топ жарған Бексұлтан Бектемір І дәрежелі дипломант атанды. Жалағаш ауданынан келген Мәди Бижан қара өлеңді нақышына келтіре мәнерлеп оқып, жеңімпаз атанды.
Осылайша облыстық өнер бәйгесі өз мәресіне жетті. Ал, түрлі жанрлар бойынша бас жүлде иеленген жеңімпаздар алдағы мамыр айында Алматы қаласында өтетін халықаралық «Бозторғай» байқауында Қызылорда намысын қорғамақ.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.