Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » МӘДИНА СӘДУАҚАСОВА: АҚМЕШІТ – МЕН ҮШІН АРДАҚТЫ АТАУ

МӘДИНА СӘДУАҚАСОВА: АҚМЕШІТ – МЕН ҮШІН АРДАҚТЫ АТАУ

        Сырдың киелі топырағынан нәр алып, ән қанатында қалықтаған Мәдина Сәдуақасованы танымайтын, өнерін бағаламайтын жұрт кемде-кем. Әуелі, телевизиялық ең ірі жоба – «Музыкальный вояж» байқауынан көзге түскен оның бүгінге дейін қол жеткізген атағын да тізбелей айтып, оқырманға таныстырып жатудың өзі әбестік сыңайлы. Бүгінде асқаралы Алатауды әнге бөлеп жүрген ол қайда жүрсе де сырбаз Сыр өңірін ешқашан естен шығарған емес. Балалықтың қайтып келмес кемесі қалған бұл аймаққа жиі ат басын бұрғанды жөн көреді. Сондай сәттің бірінде әншімен жүздесудің орайы түсті.                                                      
– Биыл Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласына 200 жыл толып отырғанынан жақсы хабардарсыз. Құт қонған қастерлі мекеннің төл перзенті ретінде өзіңізді айтулы мерекемен құттықтаймын. Балалық бал күніңіз, жалынды жастық шағыңыз осы қаламен етене астасып жатыр. Туған жерде өткен тәтті естеліктеріңізбен бөлісе отырыңызшы.                
– Рақмет, бұл мерейлі күн – бәріміз үшін ортақ мереке. Туған қаланың дамуы, жаңарып-жасануы, өркендеп-өсуі әрбіріміз үшін зор мерей, ерекше қуаныш. Сыртта жүрсек те, Қызылордаға бүйрегіміз бұрып, құлағымызды түре жүреміз. Перзенті ретінде жанашырлық танытып, жетістігіне сүйсінеміз. Бұл сезім жалғыз менде емес, барша адамзат баласының туған жеріне деген іңкәрлігі осындай болса керек. Тіпті, мен қандай да бір байқауға қатыса қалсам, басқа-басқа қызылордалық жерлестердің ерекше қолдайтынын іштей сезіп тұрамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент оркестрінде жүрген кезімде халықтан біраз уақытқа шеттеп қалдым. Өйткені, онда тек ресми шараларда ғана өнер көрсететінбіз. Оның өзі кейде жабық көрсетілімде өтеді. Сөйтіп, эстрадаға қайта оралар шақта үлкен қобалжу болды. Ел алдынан біршама уақыт қол үзген әншіні халық қалай қабылдар екен деген ой мазалады. Үлкен сахнамен қайта қауышар алдында өзімнің Сыр жұртшылығының батасын алайын деген оймен әуелі осы облыстағы Н.Бекежанов атындағы драма театрында жеке концертімді бердім. Өнерімді бағалайтын халқым зор қошемет білдіріп, мені қанаттандырды, шабыттандырған еді.                                                                                      
   Жалпы, бұл өлкеден жырақтап кеткеніме біраз жылдың жүзі болса да, «Ақмешіт» атауы мен үшін өте ыстық. Бүкіл қимас жастық-шағым, қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдарым, арманға толы күндерімнің бәрі осында өткеннен соң, бұл қаланың атауы атала қалса, елең ете түсемін. Шын сөзім. Мен қазір мұнда қалған тәтті естеліктерімді айта бастасам, бір апта жырлайтын шығармын (күлді). Өте көп қой. Өзге балалар секілді үйден қашып шығып, дарияға барып суға түсуші едік. Қазір қарап отырсам, сол кездер өте қызық секілді. Әсіресе, дария жағасына барсам, көп нәрсе еске түседі. Кейде осындай қызық сәттер ойыма оралғанда, еріксіз күліп аламын. Негізі, мен Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Өйткені, ата-анам сол жақта студент болып жүрген сәттен танысып, табысқан. Сөйтіп, мен өмірге келгенмін. Кейін ата-анам Қызылордаға келген соң, осында өсіп-жетілдім. Әйтсе де, тек төлқұжатымда Алматы қаласында дүниеге келген деп жазылып тұрғаны болмаса, мен өзімді ешқашан алматылықпын деп сезініп көрмеппін. Қазір өткен өмірімнің қай тұсын есіме алсам да, Қызылордамен тоғысып, осы қаламен байланысты болып шығады. Сондықтан бұл шаһарды ерекше жақсы көремін. Мұндағы жерлес халқымның да ықыласы ерекше. Басты қуантатыны осы.                                                                                                             
  
– Әр келген сапарыңызда туған қалаңыздан қандай өзгерісті көзіңіз шалады?                                                                 – Өзімнің осында тұрған жылдардағы мен қазіргі Қызылорданың келбеті мүлдем бөлек. Өзгеріс көп. Әрине, жақсы жағынан. Әсіресе, әуежай жақтан кіріп келе жатқаннан бастап қала тазалығының айтарлықтай жақсарғанын байқаймын. Тап-таза, көңілге ерекше бір жайлылық сыйлайды. Көп қабатты үйлердің, зәулім ғимараттардың көбейе түскенін аңғарамын. Жаңадан бой көтеріп жатқан сол жағалаудың өзі неге тұрады? Сосын осы тұста қаланың ескі сыр-сипатын сақтай отырып, жаңарып келе жатқандығын айтқым келеді. Мәселен, кейбір қалалар тарихи құндылығы мен бейнесін мүлдем сыпырып тастап, жаңаша кейіппен дамиды. Ал, біздің Қызылорда қанша өзгеріп-өркендесе де, табиғи, тарихи келбетін сақтап қалған. Қаладан әлі де ұлттық дүниелердің иісі аңқып тұр. Осыған қуанамын. Мен бұл жақтың қуыс-қолтығын, әрбір бұрышын жатқа білемін, ұмытқаным жоқ. Сондықтан, әр келген сайын қаланы аралап тамашалаймын. Мен үшін бұл өте қызық. Мұндағы әрбір үй, әрбір дүние менің өткен өмірімді еске түсіреді.       
   – Айына неше мәрте ат басын бұрып тұрасыз?                                     
   – Бұрын ата-анам осында тұрғанда өте жиі келуші едім. Екі күннің бірінде Қызылордада жүретінмін. Қазір 3-4 жыл болып қалды, әке-шешем Алматы қаласына қоныс аударды. Бауырларымның барлығы оңтүстік астанада болған соң, анам мен әкемді осында көшуге үгіттедік. Бәріміз бір жерде тұрайық деп шештік. Оның үстіне өзім де отбасылы болдым. Сондықтан туған жерге аптасына келетін Мәдинаның қазір келуі сиреп кетті. Қазір бір айда 2-3 мәрте келіп тұрамын. Қандай да бір мерекелік шараларға шақыру түсіп жатса, міндетті түрде келуге тырысамын. Оның үстіне өзім де мұнда болып жатқан халықтың ортақ қуанышынан, игілігінен тысқары қалғым келмейді. Әнімді арнап, жерлес ағайындарымның ақ еден алғысына бөленіп қайтқым келеді. Елдің алында жүрген өнер иесі үшін де бұдан асқан бақыт жоқ қой.                                                                                                       
   – Өзіңіз үшін орны бөлек мекеннің туған күніне перзенттік пейілмен қандай да бір мерекелік тарту дайындап жатқан боларсыз?                  
– Иә, бұл нәрсе ойымда бар. Туып-өскен қаламда бейнеклип түсірсем бе деп жүрмін. Аталмыш мәселе төңірегінде осындағы тиісті орынға өзім хабарласқанымда олар бұл жөнінде арнайы бір жоба қолға алуға ниет жасалғанын жеткізді. Енді уақытында көреміз. Әлі піспеген дүние. Егжей-тегжейлі айтқан жөн болмас.                                                                                            
– «Мен – қызылордалықпын» деген сөзді айтқан сәтте ең бірінші өзіңізді қандай мақтаныш сезімі кернейді?                         – Қазақ эстрадасында есімі алтын әріппен қалған Батырхан Шүкенов ағамыз Ресей мемлекетінде өткен концертінде сондағы бір көрерменнің туған жеріңіз туралы айтып беріңізші деген сұрағына ерекше толқыныспен жауап бергенін көрдім. Қызылорда халқының табиғи болмысын, қонақжайлылығын, ұлттық тәлім-тәрбиесін, тіпті дарияға дейін айна-қатесіз сөзбен өте әдемі сипаттап берді. Білесіз бе, сол кезде мен өзімнің осы бір киелі мекеннің перзенті екеніме қатты қуанғаным бар. Осындай ыстық мекенмен, осындай көңілі дарқан халқыммен іштей мақтаныш сезімі кернеді, марқайдым.                                                                                                            – Шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтармен бөліссеңіз. Алдағы уақытта отандық киноиндустрия саласынан көріп қалуымыз мүмкін бе?                                                                                                                     
     – Сауалыңыздың әлеуметтік желіде таралған менің кино образында түскен сурттерден туындап отырғанын байқап отырмын. Жоқ, бұл жәй ғана – кастинг. Бүгінге дейін маған киноға түсуге қаншама ұсыныс түсті. Бірақ, ешбірін қабыл алған емеспін. Себебі, менің табиғатым, болмысым әншілік өнермен ұштасып жатқандай көрінеді маған. Өзіңді басқа салада сынап көру де дұрыс шығар, мүмкін. Себебі, өнер адамына өзгеріс пен ізденіс қашанда артықтық етпейді. Бәрі уақыттың еншісінде.                                                                 
  – Мерейлі мереке қарсаңында қызылордалық жерлестеріңізге айтар жылы-лебізіңіз болса, мархаббат...            
   – Туған қаламыз жайнап-жаңара берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, төңірек түгел дін-аман болсын. Біз әрдайым тілекшіміз.                                       
Сұқбатты жүргізген: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.       
21 мамыр 2018 ж. 1 431 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам