ЕСЕТ БАТЫРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Үстіміздегі жылдың 25 қазан күні Жалағаш ауданындағы Есет батыр ауылында және аудан орталығында Есет батыр Көкіұлының 350 жылдық мерейтойына арналған шаралар барлық сән-салтанатпен басталды.
Есет батыр ауылында мәртебелі меймандар мерейтойға арналып абаттандырылған аллея жұмысымен танысып, батырдың кеуде мүсінінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Айтыскер ақын М.Ниязовтың жыр-арнауымен жұртшылықты тәнті етті. Одан кейін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовтың сөзінен кейін шара салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шарада композитор, жазушы, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов құттықтау сөз алды. Шара соңында халық батырының кеуде мүсініне облыс әкімдігінің, ұрпақтарының, аудан әкімдігінің гүл шоқтары қойылып, батыр бабаға құрмет көрсетіліп, тағзым жасалды.