"...ТУҒАН СЕНЕН МЕН БАЛАҢ..."

Иә, бұл топырақ – көмейіне бұлбұл ұя салған жезтаңдай әншілер мен елдің мұңын жоқтаған ақындарды, ел қорғаған батырларды мәпелеген алтын бесік. Атағы әлемге мәшһүр болған талай тарландар мен таланттар да осы қасиетті мекенде дүниеге келді. Сыр бойы бүкіл алашқа мәлім дүлдүл ақын-шайырлар, туралықты кесіп айтқан билер ордасы ғана емес, ахун мен ишан, молда мен мақсым атанған оқымысты-ғұламалардың елі. Саясат, өнер, білім мен ғылым саласында биік деңгейден көрінген сырбойылық перзенттердің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны бөлек. Олардың арасында қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар. «Мың өліп, мың тірілген» арда қазақ елі, соның ішінде Сыр бойы халқы батырлардан ешқашан кенде болмаған. Ата қонысты жоңғар, құба-қалмақ, Хиуа, Қоқан хандықтарының, Бұқар әмірлігінің, Ресей империясының басқыншылығынан қорғаған Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа, Бұқарбай, Келмембет бастаған жүректі ерлер осы қасиетті топырақта өніп-өскен. Шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік міңген бабалар рухы бүгінде қарға тамырлы бүкіл қазақтың қанында атойлап тұрғаны анық.
"Білем сені, сүйем сені Сыр сұлуы қарт анам..." деп жырлаған ақын Әбділда Тәжібаев дегенде Қызылорда ойға оралады. Алаш қозғалысының бас идеологы Мұстафа Шоқай, өнерлілер династиясынан шыққан ағайынды Қожықовтар, тіл білімі саласында ғылыми тұжырымдамасымен ойып тұрып орын алған Әуелбек Қоңыратбаев, ел есінде қағытпа қалжыңдарымен есте қалған драматург Қалтай Мұхамеджанов есімі де шырайлы шаһарды тағы бір еске түсіреді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі Асқар Тоқмағамбетов, төрткүл дүниенің 34 тіліне тәржімаланған "Қан мен тер" трилогиясының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов, күллі қазаққа Иран-ғайып есімімен танылған Иранбек Оразбаев сынды қайраткерлер Сыр өнерінің белгілі өкілдері. "Сырға барсаң, жыршымын деме" дегендей бір Тұрмағамбет жыраудың өзі күллі ұлт руханиятының алтын бастауындай маңызға ие. Мұрасы әлі күнге дейін ұрпақ тәрбиесінде таптырмас тағылым шыңы болып келеді. Одан кейін де табиғат-Ана Сыр топырағында талай парасатты перзентті жер-бесікте құндақтап өсірді. Небәрі 23 жыл ғана өмір сүрсе де, күллі Шығыс жастарының жарық жұлдызына айналған Ғани Мұратбаев сынды ерлердің ерен еңбегі бүгінде ұлт шежіресінде тарих болып хатталды


Біз әңгімелеп отырған тізімдер қатарында Марат Сатыбалдиев, Илья Ильин, Александр Зайчиков, Элизабета Тұрсынбаева сынды спорт саңлақтары да бар. Сонау 1989 жылдардың өзінде таңсық спорттан топ жарған Марат Сатыбалдиев Қызылорда түгілі Қазақстанда тұралап тұрған айналма велотректен әлем чемпионы атанды.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.