Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҮКІТАЙ ЕРНИЯЗОВ: ЕРЕКШЕ ӘН ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ

ҮКІТАЙ ЕРНИЯЗОВ: ЕРЕКШЕ ӘН ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ

    Әннің ғұмыры ұзақ болу үшін сапалы ән жазылуы тиіс. Бүгінде қазақ сахнасында есімі елге белгілі танымал әншілер бұл сазгердің туындыларын кеңінен орындап жүр. Ол – Сыр өңірінің серісі, Арал ауданының тумасы Үкітай Ерниязов. Бала кезден әнге әуес болып өскен оның туындылары бүгінде нәзік ноталарымен халық көңілінен орын алған. Шалқар шабыт иесі  Үкітаймен өзінің шығармашылық әлемі, өнер туралы сұхбат құрдық.

– Өнер жолыңыз қалай басталды? Сыры мол сазгерлікке бет бұруыңызға не әсер етті?
  – Өзім Арал ауданы, Жаңақұрылыс атты шағын ғана ауылда дүниеге келгенмін. Көп балалы отбасында тәрбиелендім. Отбасындағы жандардың музыкалық сауаты жоқ. Дегенмен өнерге жақын болды. Домбырамен ән, терме айтатын. Өнерге келуіме бірден-бір себепші ұстазым – анам. Мектеп оқып жүргенде ән айтып жүрдім. 2005 жылы 9 сыныпты тәмамдап, Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне домбыра мамандығына  оқуға түстім. Негізі ақындықпен термешілікте өз жұртымда да, нағашыларда да бар. Әкем – Айжігіт жастайынан күй тартып, ансамблдерде ойнаған. Ақындығы да бар. Анам – Орынкүл кез келген музыкалық аспаппен ән айта береді. Қазанғап атындағы музыкалық колледжде оқып жүргенде әнге деген қызығушылығым арта түсті. Аталмыш оқу орнын тәмамдап, көп ұзамай арман қуып Астана қаласына бардым. Мұндағы мақсатым – білімімді одан әрі жалғастыру еді. Қазақ Ұлттық Өнер университетіне оқуға түстім.
– Қай әніңізді тыңдасақ та, нәзік сырға, қоңыр мұңға толы. Сонша сезімді жұдырықтай жүрегіңізге қалай сыйдырып жүрсіз?
  – Енді әндерімнің мұңлы, нәзік болуының себебі бар шығар. Отбасымда төртінші баламын. Олардың мінезі әртүрлі. Соның ішінде анам мені: «Осы Үкітай нанды сұрап жейді» деп айтып отыратын. Кішкентайымнан әнге жақын болдым. Теледидар қандай ән естісем, соны сол заматта домбыра салып тартатын едім. Бос күлкіні ұнатпаймын. Өзім осылай сабырлы өстім. Бұл маған табиғатымнан берілген шығар. Көп тыңдап, аз сөйлегенді жақсы көремін. Сол себептен шығар, әндерімде мұңлы, нәзік  болатыны. Әндерімнің көбі белгілі бір оқиға орын алған кезде туындайды.
  – Əн қалай туады, əлде бір көңіл күйдің ықпалы бола ма?
  – Тарихсыз ән болмайды деп ойлаймын. Белгілі бір нәрсе жүрекке жеткен кезде сол оқиғаға өріледі өлеңде, әнде. Жоқтан бар жасап, ән шығару керек деп отырып ән жазып көрмеппін. Қатты бір қуанған кезде, қуанышты, көңілді ән  өмірге келеді. Жалпы, белгілі бір оқиға орын алған кезде ғана ән келеді. Ал, былай арнайы отырып шығарма жазған емеспін.
    – Осы жерде тағы бір сұрақтың реті келіп тұр. Көпшілік көңілінен шыққан туындының  бірі – «Найзағай болып» әні. Бұл ән қалай дүниеге келді? Әнді жазғанда белгілі бір оқиға орын алды ма?
  – Шиеліде Әл Фараби Бекарысұлы деген ақын жігіт бар. Онымен бүгінде шығармашылық байланыстамын. Әрі менің группаласым. Бұл әннің өзінің тарихы бар. Ол ұзақ әңгіме. Оны Әл Фарабиден сұрарсыз. Бұл ән жігіттің басынан өткен. Оның ішінде қуанышта бар, қайғыда бар. Өлеңді автордан сұраған дұрыс.
  – Өзіңізді көпшілік музыка­ өне­рінің барлық жанрында шығар­малар жазған білімді де білікті маман ретінде таниды. Әрине ол оңайлықпен қол жет­кізетін дәреже емес. Талантты айтпағанда терең білім мен үз­діксіз еңбектенуді талап ететін бекзат өнер таң­дауыңызға не себеп болды?
  – Мен өзімді композитормын деп есептемеймін. Әуесқой сазгермін деп айтуға болатын шығар. Бірақ, нота жағынан сауатсыз емеспін. Өйткені, екі бірдей оқу орнын тәмамдадым. Сонымен қатар, әндер жазған кезде өте жеңіл етпей, барынша қателікке бой алдырмауға тырысам. Сөзден болсын, әннен болсын. Барлық жанрда шығармалар жаздым деп айта алмаймын.  Күй шығардым. Қазіргі уақытта қоржында авторлық 3 күй бар. Бірақ әндер жетерлік. Әлі де жарыққа шықпаған әндер бар. Белгілі бір оркестр болмаса ансамбльге арнап ән жазбадым. Алайда, эстрадада 100-ден аса әнім айтылып жүр. Бұл аз ба, әлде көп пе, білмедім.
  – Өз ойыңнан шыққан, шынайы музыкалық туынды деңгейіне көтерілген алғашқы шығармаларыңыз жайында айта отырсаң...
  – Өз деңгейінде көтерілген шығарманың бірі – Мақсат Базарбаевтың орындауындағы «Сен сүйген ару» әні. Бұл әнді алғаш Данияр Сағынтаев деген ақтөбелік дәстүрлі әнші жігіт орындады. Осы жігіттін орындауында Мақсат Базарбаев тыңдап шығарды. Бұл әнді жалпы халыққа танытқан Мақсат ағам. Сосын Еркін Нұржановтың орындауында «Әппағым» деген ән елге кеңінен танылды. Жерлесіміз Төреғали Төреәлінің орындауында «Найзағай болып» әні, Роза Әлқожаның орындауын «Көктем қызым», Заттыбек Көпбосынұлында «Сен еркеледін» секілді бірқатар әндер бар. Бұл жерде айта кетейін, «Сен сүйген арудың» әні мен сөзін өзім жазғам. Жалпы, осылар жарыққа шығып, халыққа кенінен тараған.
  – Қазіргі кезде елімізде кімдерді кәсіби композиторлар деп атай аламыз? Ондай толыққанды өнер иелері бар ма бізде?
  – Қазіргі таңда кәсіби композиторлар жоқ деп айтуға болмайды, бар. Ескендір Хасанғалиев,  Кеңес Дүйсекеев сынды мықты-мықты, оқыған сол саланы  зерттеген үлкен сазгерлер бар. Кәсіби, әуесқой деп бөлеміз негізі. Мұны екі жақты қарау керек. Нота біледі, алайда, білімі жоқ қаншама мықты сазгерлер бар. Оларды енді кәсіби емес деп айтуға болмайды. 
  – Қазақ эстрадасында айтылып жүрген əндердің басым бөлігінде сенің қолтаңбаң қалыптасып келеді. Туындысы сұранысқа ие сазгердің жағдайы қандай екен?
  – Жағдайым жаман емес. Біз енді «Құдайға шүкір» деп қалған қазақпыз ғой. Отбасын құрдым. Дүниеге нәресте келді. Бүгінде екі ұлым бар. Әке-шешем, бауырларым барлығы бүтін. Өзіміздің алға талпынғандымыздың арқасында өмір сүріп жатырмыз. Негізінде жоспарлардың орындалуы үшін де жағдайдың жақсы болғаны дұрыс негізі. Бұйырса ол күнгеде жетерміз.
  – Авторлық құқығыңды қалай қорғап жүрсің?
  – Шама келгенше қорғап жүрмін. Алматыда «Авторлық құқықты қорғау» деген қор бар. Мен оған тіркелгенмін. Ал менің әндерімді басқа біреулер ұрлап алған емес. Құқымды кез келген уақытта қорғаймын деп ойлаймын. Қорға тіркелгеннен кейін, олардың көмегі болады. Ал қорға бір әнді тіркету үшін біраз қаражат кетеді. Әзірге онда әнімді тіркетіп жүрген жоқпын.
  – Қандай сазгерді үлгі тұтасың?
  – Айта кетейін, мен сазгер боламын деп ән шығарған емеспін. Ол жайында армандаған жоқпын. Менің арманым – мықты күйші, термеші болу еді. Бірақ шығармаларын жақсы көрген сазгерлер болды. Мысалы, Нұрғиса Тілендиев оркестрге қаншама шығармалар жазған. Шәмші Қалдаяқов өлмейтін өміршен әндер жазып кеткен. Батырхан Нұрымбетов, Ержан Серікбаевтардың да жан-жақты әндері бар. Үлгі тұтатын сазгерлер көп.
  – Əндерінді орындап жүрген əншілер еңбегінді қалай бағалап жүр?
  – Әнімді алған әншілер ат мінгізіп, шапан жапқан жоқ. Ең бастысы, олармен сәлеміміз түзу. Келешекте шығармашылық кеш өткізіп жатсам, келетін шығар деген ойда ғана жүрмін.  
  – Өнер жолында мейлі əнші, мейлі сазгер болсын, бір туынды арқылы үлкен белеске шығып жатады. Өзің үшін қай туындының бағасы биік?
  – Өнер жолында бір ғана туындымен танылып жататындар бар. Ол үшін шығарманың әні де, сөзі де бір-біріне үйлесуі шарт. Халыққа  танымал ән бар. Алайда мен сүйсінетін шығарма әлі тумады өкінішке орай. Енді халық «Үкітай келе жатыр» деп таң қалатындай ән бұйырса шығады деген ойдамын.
  – Ауылға жиі барасыз ба?
  – Студент кезде ауылға жиі баратынмын. Демалыс сайын. Онда барып, үйдің жұмысын істеймін. Үйдегілерге көмектесіп, рахаттанып қайтатынмын. Кейінгі кезде ауылға анда-санда бір барамыз. Тірлігім алға баспай ісім өңбейтін кезде, ауылға бір барып, төбесін бір көріп қайтатыным бар.
  –  Адамдардың қандай қасиетін жоғары бағалайсың?
  – Адамның бір сөзді болғанын, ешкімінің ала жібін аттамай, өтірік сөйлемейтін адамдарды  бағалаймын. Мен бір беткеймін деп, адамның мінін бетіне басып айтатын адамды аса қатты ұнатпаймын.

  – Отбасыңыз жайлы айтып өтсең.
  – Жұбайыммен студент кезде таныспын. Бірге оқуды тәмамдап, Астана қаласына келдік. Содан шаңырақ көтеруді жоспарлап, ауылға келіп үлкендердің батасын алдық. 2012 жылы жарым Тұрсынкүлмен шаңырақ көтердік. Екеуміз жеті жыл бірге жүрдік қыз бен жігіт болып. Сол кезде болашақты жоспарлайтынбыз. Баламыздың атын былай қоямыз деп қойың дәптерге түртіп. Дүниеге тұңғышым келді. Әкем мен анам есімін өздерін қойыңдар деп рұқсатын берді. Содан нұрдан жаралған ұл болды ғой Нұрдан деп қойдым. Екінші ұлымның атын бабалары секілді батыр, текті болып өссін дегенді ойға алдым. Ұсақталмасын, данышпан болсын  деп Текті деп қойдым. Жалпы, отбасым осылар. Бүгінде өзім тәмамдаған Қазанғап атындағы музыкалық колледжде қызмет атқарамын. Он жылдан аса Астана қаласында болдық. Содан туған жерге келуді жоспарлап, бүгінде осында қоныстандық.
– Әңгімеңізге рақмет
                                                             Сұқбатты жүргізген Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.
16 қазан 2018 ж. 3 404 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 438 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам