Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Серікбай Қосан: Адамның кемелденуі руханиятқа жетелейді

Серікбай Қосан: Адамның кемелденуі руханиятқа жетелейді


Әдебиет пен мәдениет тарихы – егіз арна. Басқаша айтқанда, белгілі бір ұлттың ерте дәуірлердегі әдебиетін зерттеу дегеніміз – сол халықтың тарихын, мәдениетін, этнографиясы мен фольклорын кешенді түрде қарастыру барысында ғана толыққанды жүзеге асырылатын ғылыми үдеріс. Бұл орайда, түркітану бағытында үлкен еңбек сіңірген аға буын ғалымдардың зерттеуін қайталай оқып, олардың монографиялық жұмысын насихаттау, оны жарыққа шығару – ұлттық әдебиеттанудың келелі міндеттерінің бірі. Ежелгі дәуір әдеби мұраларын зерттеу барысында белгілі ғалым Серікбай Қосанның еңбегі жоғары бағаланады. Бүгінде облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы қызметін атқаратын түркітанушы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікбай Қосанмен сұқбатта халқымыздың өткен тарихы, әдебиеті мен мәдениеті кеңінен қамтылды.
– Соңғы кезде ұлттық рух, рухани деген сөзді көп қолданып жүрміз ғой. Осы орайда рухани түрде жаңғыру біз үшін қандай маңызы бар екеніне тоқтала кетсеңіз?
– Рухани жаңғыру бүгін пайда болған жоқ. Ол – жер бетінде адамзат жаратылғалы бар нәрсе. Рух деген сөз арабша «жан» деген мағынаны береді. Рухани сана, рухани қазына, рухани өмір – мұның барлығы жан азығына керекті дүниелер. Егер адам азықтанбаса, ағза әлсірейді, қуаты азаяды. Рух қорегі – жан қалауы. Солай түсінуіміз керек. Бұл сөздің ұғымы кең. Ұлы Абай айтқандай, адамның кемелденуі руханиятқа жетелейді. Рух дегеніміз адамның имани тұрғыдан тазаруы.
Ал ұлттық рух – әрбір халықтың өзіне тән қасиеті, салты, дәстүрі, тілі, тәрбиесі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі, ата-ананың алдындағы парызы. Сондықтан бұл мәселе өте орынды қолға алынды. Оның жақсы жері ең алдымен ұлттық сана, ұлттық код, ұлттық бірегейлік деген мәселелерді қозғады.
– Ұлт мүддесіне бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қарай әңгімеге ойыссақ. Бұл игілікті істің жалғасы ретінде Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарыққа шықты. Мақалада айтылған ойларды жүзеге асыруды қазірден бастап кеттік. Мұндай бағдарламалардың жариялануының сыры неде?
– Біз алты айлап айлық бере алмай жатқан кезде, зейнетақыны, шәкіртақыны уақтылы беру мұң болып тұрған тұста, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламалардың жүзеге асуы қиын еді. Елімізде 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы мемлекеттік тұрғыда бекітілді. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өмірге енді. Осыдан кейінгі кезекте «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Онда тарих пен уақыттың, кеңістіктің ұштаған бірлестігі жөнінде терең ойлар ортаға салынған. Рас, тәуелсіздік алған жылдары руханият саласы дағдарысқа ұшырады. Адамдар материалдық жағынан қиналды. Соның салдарынан барлығы ала сөмкесін арқалап, базар аралап кетті. Ол уақытта біз көп нәрсені жоғалттық. Тек көңілге демеу болатыны Алаш қайраткерлерінің өшкен мұрасы қайта оралды. Сол ғана қазақтың рухани санасын оятып, нәр берді.
– Сол уақытта әдебиет пен мәдениетің дамуына ғалымдар қандай үлес қосты? Жаңашыл бастама көтерген кездер болды ма?
– М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қызмет атқарып жүргенде, бірқатар ғалымдар қолдауымен 2001 жылы ең алғаш «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Сөйтіп, қазақ фольклорының алтын әріппен жазылған 100 томдық сериясын «Бабалар сөзі» деген атпен шығара бастадық. Оған кітапханада, архивте, экспедиция негізінде табылған 2000 жыл бойы жинақталған халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы енді. Өзім бұл іске
толықтай атсалыстым. Жұмысқа жауапты редактор ретінде жетекшілік жасадым. Сонда байқағанымыз, бір ғана «Қобыланды батыр» жыр-эпосының бұрын бір-екі нұсқасы шықса, жұмыс нәтижесінде 24-тен аса жаңа түрі табылды. Ғылыми басылым 4 том болып басылып шықты. Жинаққа бұдан бөлек, діни дастандар, аңыздың түрлері, балалар фольклоры, салт-дәстүр, айтыс, ғашықтық жырлар, қара өлеңдер кірді. Бір сөзбен айтқанда, тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы қазақ баласының аузынан шыққан барлық сөздер қамтылды. Бағанадан бері сөз етіп отырған рухани жаңғыру мәселесі міне, содан басталады. Қазақтың бар байлығы сөзбен өрнек салды. Біздің басты еңбегіміз де – осы.
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында қандай мәселе қалыс қалып барады. Әлде де ерекше ден қоя алмай жүрген жәйттар бар ма?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айтылып жүрген мәселелер көңілге қонымды. Іргелі жұмыстар қолға алынды. Дегенмен, соның ішінде тіл мәселесі айтылмай жүр. Сан ғасырдан бері бізге жеткен мәдени мұрамыз қазақ тілі арқылы өз құндылығын сақтап келді. Сол себепті, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру керек. Бабалар сөзін талдау, оны ұрпақтар жадында қалдыру үшін балабақшадан бастап оқытқан маңызды. Осыған дейін түрлі шаралар өтіп жатыр. Бірақ соның көбісі жаттанды. Гуманитарлық бағытта білім алып жүрген студенттерді бір аудиторияға жинап, оларға дәріс оқығаннан халық жаппай рухани жаңғырып кетпейді. Еліміздің түкпір-тікпірінде әртүрлі топтағы азаматтар бар. Олар тіптен, рухани жаңғырудың не екенін білмеуі де мүмкін. Сондықтан кез келген адам ең әуелі Абай өлеңдерін оқып, санасына тоқып, өміріне жолбасшы етуі керек. Өйткені, қазақта Абайдан асқан ойшыл адам жоқ. Өзі 19-шы ғасырда өмір сүрсе де, оның сөздері 20-шы ғасырдың басында Алаш рухының оянуына ықпал етті. Арыстарымыз Алаштың төл басылымы «Қазақ» газетіне Абайдың өлеңін алғы сөз етті. Алғашқы мақалалардың бірі «Абай – қазақтың бас ақыны» деп аталды.
– Қазақ руханиятының дамуына Абайдан бөлек кімдер үлес қосты?
– Абайдан кейін қазақ руханиятына үлес қосқан бірден-бір адам – Тұрмағамбет. Ол – Сыр сүлейлерінің көшбасшысы. Оның көп томдық мұрасы бар. Соның ішінде әлемдік деңгейдегі парсы ақыны Әбілқасым Фирдоусидің 40 жыл жазған 100 мың жолдық «Шахнамасын» Тұрмағамбет 10 айдың ішінде 40 мың жолмен аударып шықты. Қазақ тілінде жария көрген туынды қазақтың сөз өнерін байытты. Оған Мұхтар Әуезов жоғары бағасын берді. Тұрмағамбет ақын халыққа тәрбие беретін дидактикалық өлеңдер жазды. Сол заманда әйел теңдігін, жоқшылықтың тауқыметін, қарт туралы тақырыпты қаузады. Тіпті, түрмеде жазған өлеңдері де үлкен маңызға ие. Жақында «Сыр бойы» газетіне «Сыр сүлейі Тұрмағамбеттің жаңа қолжазбасы табылды» деген үлкен мақала бердім. Бұл еңбегім азаматтар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Мақаланы «Егемен Қазақстан» газетіне, «Мәдениет» порталына көшіріп басып жатыр. Қазақта Қорқыт, Абай Тұрмағамбет шығармаларында үлкен ұқсастық бар. Қазіргі таңда осыны толық зерттеу керек.
– Сізді филолог, ақын, түркітанушы ғалым ретінде жақсы білеміз. Ғылым саласында өзіндік салмағыңыз бар. «Абайтану», «Көне түркі әдебиетінің типологиясы», «Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселелері» жөнінде ғылыми-монографиялық еңбектер жаздыңыз. Соңғы уақытта нақты нені зерттеп жүрсіз?
– Мен институт жұмысына алғаш қадам басқан 1998-1999 жылдардан бері Абай әлемін зерттеп келемін. Ең алдымен ақынның қолжазбасын қолыма алдым. Содан кейін мен мақала жаздым. Түпнұсқада ол «Китаб Тастих» деп аталады. Оның текстологиясы жасалып, 2000 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне басылып шықты. «Китаб Тастих және оның текстологиясы» деп аталатын мақала қоғамда үлкен резонанс тудырды. Редакция ұжымы қоғамдық пікір қалыптастырып, оқылымды арттыру үшін «Абайтанушылар неден қателесті?» деп сауал қойған екен. Содан кейін бұған байланысты түрлі пікірлер айтылып жүрді. Одан соң, «Абай поэзиясы мәңгілік қайшылықтар үйлестігі», ол кісінің ұстазы туралы мақала шықты. Кемеңгер ақынның бұрын табылмай жүрген қолжазбасы туралы Абайдың 170 жылдығына арнап баяндама жасадым. Ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу эпосының Абай нұсқасы» деп аталады. Бұл еңбегім абайтанушы ғалымдардың ортасында мойындалды. Екі жинаққа енді. Бұдан бөлек, қолымда бірнеше қолжазбаның түпнұсқасы бар. Енді, алдағы таңда Абайдың 175 жылдығына да біраз дүниелерді жинақтап отырған жайым бар. Қазір де ақынның шығармашылығын, оның философиялық пәлсапаларын зерттеп жүрмін.
– Сізді бұл еңбегіңізге қарап, абайтанушы деп баға беруге бола ма?
– Соған өзім де қиналамын. Егер өзімді абайтанушы деп қарайтын болсам, оны артық деп санаймын. Ол үшін әлі көп жұмыс істеу керек. Сондықтан тануға талпынып жүрген азаматтардың бірі деп қарау керек шығар.
– Елімізде жас ғалымдарға қолдау бар ма?
– Жас ғалымдарға қолдау бар. Тек оларда ғылыми мектеп жоқ. 90-жылдары академия тарағаннан кейін ғалымдардың бір тобы Астанаға кетті. Кейбіреуі басқа салаға ауысты. Енді, соңғы 10-15 жылдың көлемінде ғылыми институттың мамандары айлық алмайды. Тек конкурсқа жоба ұсынып, қаржы ұтып алуы мүмкін. Оның өзінде біреуі мақұлданса, екіншісі өтпей қалуы мүмкін. Бізбен салыстырғанда шет елдік ғалымдарға жағдай жасалған. Олар жоғары мөлшерде жалақы алады. Қазір жастарға барлық мүмкіндік қарастырылған. Тіл білген адам дүниенің кез келген жеріне барып білім алуына болады. Ғылымға еркіндік керек. Біз көбіне мемлекеттік идеологияның соңына түсіп кетеміз. Сол нәрсеге көп уақытымыз кетіп қалады.
– Тарих ғылымында әлі толық зерттелмеген тақырып бар ма?
– Әрине, бар. Мәселен, Алаш қайраткерлерінің арасында біз білмейтін белгісіз есімдер бар. Тіпті, әдеби айналымға енбеген 300-ден аса ақын бар. Сыр сүлейлеріне де әлі дендеп бара алмай жатырмыз. Олардың барлығы өз кезегін күтіп жатыр.
– Сіз игеріп жүрген саланың қай қайсысы да оңай емес. Өзіндік ауыр соқпағы бар. Дегенмен жаныңызға ерекше жақыны қайсы?
– Ғылымның ерекше бір сиқыры бар екен. Дегенмен, ғылымның тілі өте қатал, жұтаң. Бұл ақынның, журналисттің шығармашылығына үлкен әсер етеді. Қасаң тіл қалыптастырады. Ғылым көркем сөзді көтермейді. Кейде ақындық өнерімді тежеп қойған секілді боламын. Бірақ, ғылым мұндай құрбандыққа тұрарлық дүние. Сондықтан, бұл жолға түскеніме еш өкінбеймін.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Алдағы уақытта орындалатын жоспар өте көп. Мәселен, абайтануға әлде де үлес қоссам деймін. Тұрмағамбеттің жаңа қолжазбасын шығарсам деген ой бар. Қорқыт мұраларына байланысты талдау жасап, жаңа аудармалар жасауға үлес қосқым келеді. Мағжан Жұмабаевты ақын ретінде зерттеуді де ойлап жүрмін. Бұдан бөлек, қыпшақ тілдерінің тарихын тереңінен іздегім келеді. Мұның барлығы әрине, алдымен уақыттың еншісінде.
– Әңгімеңізге рахмет.


Сұқбаттасқан
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА


14 тамыз 2019 ж. 1 871 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 347 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам