Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚОЛАЙЛЫ ӘЛІПБИ

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚОЛАЙЛЫ ӘЛІПБИ

 Бүгінгі таңда қазақ әліпбиін латын қарпіне ауыстыру жобасына ерекше мән беріліп отыр. Қазір бұл бағытта дайындық жұмыстары басталды. Тілімізге қолайлы ұлттық әліпбидің жаңа нұсқасы да мақұлданды. Осы орайда ғалымдар не дейді? Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры, филология ғылымының докторы Жеңіс Сәдуақасұлымен аталған мәселе төңірегінде сұқбат құрған едік.
Жеңіс Сәдуақасұлы, латын қарпіне көшу бүгінгі таңда қаншалықты маңызды. Оның өзектілігі қандай?
– Алдымен латын әліпбиіне көшу деген тіркесті латын әліпбиіне оралу деп түзеткен дұрыс болар. Еліміздің тарихында 1929-1939 жылдар аралығында алғаш рет латын әліпбиі қолданылған. Оны көзіқарақты жанның бәрі біледі. 1920 жылы Қазақ АССР-і құрылғаннан кейін қазақ зиялыларының алдына қойылған басты мақсатының бірі халқымыздың қалыптасқан тілдік ерекшеліктеріне сәйкес және жазуға да ыңғайлы әріп таңбасын жасау болды. Оған латын қарпінің таңбасы сәйкес келеді деген тоқтам жасалды. Бұл – қазақ тіліне орыс графикасының әсері болмаған, қазіргіге қарағанда тіліміздің шұрайы бұзылмаған кезде жасалған тұжырым еді. Біздіңше, оған дейін қолданылып келген А.Байтұрсынов жасаған араб әліпбиіне негізделген жазу таңбасы орнына жаңа әліпби жасаудың екі себебі бар секілді. Біріншіден, Ресей империясының боданы болып табылатын қазақ елі араб әліпбиін пайдалана алмады. Себебі, Кеңес одағы атеистік көзқарасты ұстанды. Екіншіден, осы тұста Еуропамен бұрыннан қарым-қатынасы бар Осман түріктері, сол елдердің басым көпшілігі пайдаланатын латын графикасын қабылдады. Осылайша, түркі тектес халықтардың осы әліпбиге бетбұрысы басталды. Ал, түркі тектес халықтардың басым көпшілігі Ресейдің боданында еді. Осы себепті жоғарыда аталған қазақ ғұламаларының тілге, саясатқа байланысты әбжіл қимылдары Ресей басшыларын алаңдатпай қоймады. Алдымен өздерінің мақсат-мүдделеріне қиғаш келетін саяси көзқарастағы қазақ зиялыларын қудалады, көзін жойды. Соңынан «келешек түркі халықтарының басын біріктіріп кетуге себепші болар» деген үреймен әліпбиді жоюды мақсат етті. Ақыры дегеніне жетті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мәселеге қайта бет бұрылды. Латын әліпбиі жөнінде алғаш 2006 жылы өткен Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ХІІ құрылтайында Елбасы тарапынан пікір айтылды. Содан бері осы бағытта, әсіресе, жаңа қазақ әліпбиінің нұсқаларын жасауда көптеген ұсыныстар болды. Талдаулар мен талқылаулар жүрді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы оны орындауға байланысты нақты іс-әрекеттерді айқындап берді. Қазір халық талқылауынан кейін жаңғыртылған, Президент Жарлығымен мақұлданған соңғы нұсқа бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа әліпби біздің руханиятымызға, тарихымызға қалай әсер етеді? Одан ұтарымыз қайсы?
– Қай қоғамда, қай мемлекетте болмасын қандай да бір өзгерістер мен жаңалықтар ел тарихына әсер етпей қоймайды. Ол жақсы болсын, жаман болсын, кейінгі ұрпақтың жадында сақталады. Сөйтіп, келесі бір өзгерістер мен жаңалықтардың пайда болуында өзіндік рөл атқарып жатады. Қазіргі кезде әліпби ауыстыру мәселесі біздің саяси тәуелсіздігімізбен бірге келген елеулі оқиға. Әліпби ауыстырудан не ұтамыз дегенге келсек, өз басым бұл идеяға тілші ғалым ретінде ғана емес, қазақ ұлтының бір өкілі ретінде, «Қазақстан» аталатын еліміздің болашағына жанашыр азамат ретінде қолдау білдіремін. Себебі, мен қазақ тілі маманы бола жүріп, кирилл графикасына негізделген жазудың қазақ тіліндегі қалыптасқан өзіне тән заңдылықтарға (айтылудағы үндестік заңдарына) сәйкес келе бермейтінін, яғни орфоэпиялық (айтылу) ережелердің ескерілмей, орфографиялық (жазылу) ережелерге сүйенудің басымдыққа ие болуы біздің дыбыстау мүшелеріміздің біртіндеп бұзылуына, сөйтіп сөздеріміздің бір кезде орыс ғалымдарының өздерін таң қалдырған үнділігінен, саздылығынан айырылуына алып келе жатқанын үнемі сезіп отырдым. Сондықтан латын графикасына негізделген жаңа әліпби тілдік қолданыста жоғалта бастағанымызды қайта табуға, сөйтіп қазаққа тән болған сазды, әуенді тілімізді қалпына келтіруге көмектесетініне сендім. Екіншіден, дүние жүзі елдерінің басым бөлігі, әсіресе батыстың дамыған алпауыт елдері пайдаланатын бұл әліпби біздің ұрпақтарымыздың жаһандану үдерісінде өз орындарын табуына көмектеседі деуге болады. Мұны қазақ тілінің халықаралық деңгейде қолданылуы деп емес, біз пайдаланатын графиканың қолданылу ауқымының кеңдігі деп түсіну керек. Бұл, әсіресе әлемдік нарыққа шығу үшін бізге қажет болып отырған ағылшын тілі графикасына байланысты айтылып отыр. Үшіншіден, латын графикасын қабылдаған түбі бір, тілі туыс түркі халықтары бұрын да, қазір де кирилл графикасы арқылы жазылатын біздің сөздерімізді оқи алмаса, енді басым таңбалары бірдей біздің жазуларымызды оқи алу арқылы түсінісу мүмкіндігіне ие болады. Әрине, ғалымдар мұның басқа да жақсы жақтарын да (жазу техникаларын пайдалану, аударма жағы т.т.) тілге тиек етеді. Осыған қарағанда біздің ұтарымыз да аз емес тәрізді. Тек болашаққа сенім мен қайрат-жігер жеткілікті болса екен.
Дәйекше белгісі енгізілген әліпбиге көзқарасыңыз?
– Әріп таңбасына дәйекшелер қою қай тілде де бар құбылыс және олар көбіне сол тілдің өзіндік қалыптасқан ерекшеліктерін айқындау мақсатында қойылады. Біздің жаңа әліпбиімізде кей әріптердің оң жақ шекесіне қойылған үтір белгісі менің түсінігімде екі жағдайды ескере отырып қойылған. Бірінші, қазақ тіліндегі жуанды-жіңішкелі болып айтылатын дауысты дыбыстарды және айтылуында ұқсастық бар дауыссыз дыбыстарды ажырату үшін, екінші басқа түркі тілдеріндегі дыбыс таңбаларынан ерекшелендіру, яғни қазақ тілінің өзіне ғана тән таңбасы ретінде тану үшін. Бұл жағынан келгенде дәйекшенің қойылуы дұрыс. Бірақ, қазақтың төл дыбыстарына дәйекше қолдану арқылы жасалған бұл нұсқа туралы да түрлі көзқарастар болып жатыр. Мысалы, жазу кезіндегі апострофтардың көбейіп кетуінен болатын қиындықтар, қазақ тіліне тән емес дыбыстарды енгізбеу не олардың ережесін бөлек қарастыру, бірді-екілі қазақ дыбыстарының таңбаларын өзгерту тәрізді ұсыныстарымызды біздер де орталықтағы арнайы комиссияға ұсындық. Менің ойымша, осы әліпбиге біртіндеп көшуге белгіленген дайындық мерзімінде және орфографиялық, орфоэпиялық ережелерді қалыптастыру үстінде комиссия қазіргі айтылып жатқан ұсыныстар мен пікірлерді де ескереді және жазуды жеңілдету жолдарын табады деген ойдамын. Бұл жөнінде комиссия құрамындағы бірсыпыра ғалымдардың да көзқарастары осыған саяды.
Әлемде озық елдердің көшін бастаған Жапон, Қытай елдерінің өзіндік иероглифтері бар. Олар латын әліпбиін қолданбайды екен. Ғылымның дамуына әліпбидің қаншалықты әсер, бар деп ойлайсыз?
– Бұл елдердің жазу таңбалары бізден мыңдаған жылдар бұрын қалыптасқан және өз елдерінің тілдік заңдылықтарына негізделіп жасалған. Мұны тек өз елдерінде ғана қолданады. Шетел азаматтары ол таңбаларды қарым-қатынас жасау қажеттілігімен ғана үйренеді. Олар дамыған ел ретінде жазу техникаларын да соған бейімдеген. Сырт елдермен байланыста ағылшын тілін де, соған сай латын графикасын да пайдаланады. Ал, біздің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиіміз де тек тіліміздің таңбасы ретінде өз елімізде қызмет атқарады. Өйткені, бұл таңбамен жазылған мәтін тек қазақша оқылады. Ал сыртқы байланыста бұл тек ағылшын тілінің немесе түркі тілдес халықтардың ортақ таңбасы ретінде қолданылады. Қай тілдің болмасын, лексикасы шет ел тілдерінен сөз алу арқылы молаяды. Ондай сөздердің барлығы немесе басым көпшілігі дерлік белгілі бір ғылымның терминдері болып табылады және ертеде жойылып кеткен латын тілінен қалған сөздер. Жаңа әліпбиіміз еліміздегі түрлі ғылымдар терминдерінің қазақ тілінде жазылып қалыптасуында да, ғылымдағы түрлі жаңалықтардың, жетістіктер мен тұжырымдардың баяндалуында да қызмет атқарады. Мұның өзі осы графиканың әмбебаптығын көрсетсе керек.
Жаңа әліпбиге көшкен жағдайда қазақ тілінің грамматикасы қалай болмақ? Маман ретінде пікіріңіз?
– Меніңше, өзгеріс болмайды, болмауға тиіс. Өйткені, мұнда жазу таңбасы ғана өзгереді. Ал қазақ тілінің әр саласының өзіне тән қалыптасқан ұғымдары (терминдері), тілдік тұлғалары (формалары), олардың жүйелері, қолданылу ерекшеліктері бар. Олар заңдылық негізде емле-ережелермен бекітілген. Мұны графика арқылы өзгерту мүмкін емес. Өзгерсе, тек бұрынғы кирилл таңбасына байланысты айтылым, жазылымға, тасымалдауға байланысты ішінара өзгерістер болуы мүмкін. Мұндай өзгеріс алдағы уақытта белгілі болады. Оған дейін осы әліпбиге көз бен қолды үйрету, санаға тоқу бағытындағы жұмыстар жүргізілетін болады.
Сұқбатыңызға рахмет.

Сұқбаттасқан: Айдана СЕЙІЛ.

05 желтоқсан 2017 ж. 2 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам