Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Алтыннан артық төрт күміс

Алтыннан артық төрт күміс

2014 жыл. Ринг алаңында жаңа есім жарқ етті. Қазақтың қара домалақ баласы шаршы топтың шаңын шығарды. Толағайдай тұлғадан тартынғанын қойшы, жуан жұдырықтың жойқын соққысын айтсайшы, қарсы келген қарсыласты шетінен қаймықтырып қойды. «Бұл кім болды? Бұрын-соңды байқамаған жігіт ғой?» дескен дүйім елдің аузына Қамшыбектің бірінші түскені осы кез еді. Әскерилер арасында әлем чемпионы атанып, жиырма үш жастағы жігіттің жеңісі жалпақ жұртты бір желпінтіп еді. Содан бергі сыбағасы алтыннан артық төрт күміс болды. Екеуі Азиядан, екеуі Әлем чемпионатынан.
...Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Қамшыбек Қоңқабаевпен біз өзі жаттығатын «Тарлан» бокс орталығында кездестік. Жәй кездесу емес, мен оны рингке шақырдым. Жұдырықтасуға деп қалмаңыз, сұхбаттасуға. Ой көп. Тіпті арасында қолғап түйістіре жүріп, сауалды қарша боратқым келеді. Қол мен ауызға дамыл бермей, Қамшыбекті қамшылап алсам деймін. Дегенмен кәсіби боксшы жанына жуытпайды, ал оның жұдырығы болат балғаның соққысындай емес пе, тиген жерін уатып тастаудан тайынбайды. Шегіншектеп қоямын. Ізетті інім түсіне қойды, ілтипатпен ғана: «Аға, қандай сауалыңыз бар, мен дайынмын» деді.
Сауалдан бұрын сәл шегініс жасайын. Менің бірінші байқағаным, Қамшыбектің екі түрлі мінезі бар. Өмірде одан жуас адам жоқ, ал, рингте мүлдем басқа. Қабағынан қар жауып, қас жауына ұмтылған жолбарыстай айбаттанып кетеді. Екінші байқағаным, өзін жеңіл ұстайды. Аяқтың жылдамдығына көз ілеспейді. Оқтай ысылдаған дыбысты аңғарғаным болмаса, жұдырықтың қозғалысы да өте жылдам.
Ал, енді сұрақ-жауапқа көшейік, бауырым.
–Қойыңыз.
Алдымен Иорданиядағы халықаралық лицензиялық турнирден олжалы оралып, Токио олимпиадасына алған жолдамаң құтты болсын!
–Рахмет.
Сенің есіміңнен де, тегіңнен де қазақы леп есіліп тұрады. Атыңдыкім қойды?
– Атам. Ол кісі полковник Балықбай Қоңқабаев болатын.
Бокс сен үшін не? Арманыңа жеттің деп есептейсің бе?
–Хобби әрі кәсібім. Ал, арманға әлі жеткенім жоқ. Олимпиада алтынын алуым керек. Жеңістің басы енді басталады.
–Қазір Қарулы күштер құрамындасың ба?
-Жоқ. Одан кетіп қалдым.
Боксшылар айқас алдында көзбен арбасып қалады. Бұл қаншалықты сес көрсету?
–Рефери екеуіне ойын ережесін түсіндіріп жатқанда-ақ боксшылар бір-біріне көз алартып қарау бар. Бұдан кейбіреу сескенуі мүмкін.
-Қарсыластың жасқанып тұрған сәтін аңғаруға бола ма?
–Әрине. Көзі жыпылықтап кетпей ме? Мұны бірден аңғарасын. Және үркудің түбі жеңілуге бейім тұрады.
Капаны тастап жіберу қулығын айтшы?
-Ол –тактика! 10-15 секунд ішінде демалып, тіпті ойланып үлгересің.
АИВА президентіне қылмыс әлеміне қатысты Ғафур Рахимовтың сайлануы дауды күшейтті. Тіпті Токио олимпиадасынан боксты алып тастау туралы пікірлер туындады.
–Мен саясатпен айналыспаймын. Және ол өз еркімен президент лауазымынан кетті.
Өзбек боксы өсіп кетті дегенге қалай қарайсын?
–Шындық нәрсе. Оның басты себебі, жоғары жақтан бастап үлкен қолдау жасап жатыр. Мұндай мәселе бізге ауадай қажет.
Қамшыбек, БаходирЖалоловпен бірнеше рет рингте кездестің. 2017 жылдың мамыр айында Ташкентте өткен Азия чемпионатында жол беріп, тамызда Гамбургтегі Әлем чемпионатында тізе бүктірдің. Ал, 2019 жылы Екатеринбургте өткен Әлем чемпионатында Баходир тағы жолыңды кесті. Сенің тістеніп, ашық айқасқа шыға салғың келіп тұрғаныңды теледидардан көрдік. Неге?
–Бұл жерде біріншіден мен жеңілген жоқпын. Бірақ төреші шешімімен кімнің қолын көтерсе сол жеңімпаз. Ал, ашуға булыққаным рас. Мұндай кезде салқынқандылық керек.
Айқас кезінде бапкердің ескертпесін есту мүмкін бе?
–Салқынқандылықпен жүрсең бапкерден бөлек, жанкүйердің де сөзін ести аласын.
Қазақстанда ауыл салмақта өнер көрсеткен Мұхтархан Ділдабеков, Иван Дычконы ел жақсы біледі. Кезінде баһадүр бапкер Абсалам Нұрмаханов «ауыр салмақтағы күміс жеңіл салмақтағы алтыннан артық» деп еді. Сенің қоржыныңда да бірыңғай күміс. Алтын алу ауыр ма?
–Сөзің рас. Ауыр салмақта Әлем,Олимпиададан әлі алтын жоқ. Левит 91 кг салмақта шығады. Ол осы салмақты сақтап тұр. Мен 91кілә бола тұрып, өзімнен анағұрлым артық салмақпен шығамын. Үнемі менен 25-30 кілә ауыр салмақтағы қарсыласқа тап келемін.
Сол үшін не істеу керек?
–Мен салмақ қуып, қалыпты жағдайды ұстауға тырысамын. Жеңіл қозғалыс үшін, аяқты нық басу үшін жаттығуды үстін-үстін жасаймын. Жаттығу бір сағат өтсе де өте шапшаң қозғалыспен шынығу керек.
«Астана арланс» сапында төрт кездесу өткіздің. Жалпы, әуесқойдан кәсіпқой боксқа бару ойыңда бар ма?
–Ол жағын әлі шешкен жоқпын. Мүмкін кеңесші болармын, Сыр спортын дамыту мақсатында. Кәсіпқой бокс жайлы да ойланармын. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе.
–Ең осал және мықты қарсыласың кім болды?
–Осал қарсылас дегенге келіспеймін. Қай мемлекет болсын, өзінің мықтысын әкеледі. Баходир Жалолов та, Магомедрасул Меджидов та белгілі боксшылар.
Сен команданың капитанысың. Жауапкершілікті қаншалықты сезінесің?
–Енді каптитан деген жауапкершілігі жоғары. Қасыңдағы боксшылар үнемі саған назар аударып тұрады.
Боксшылар көп энергия жоғалтады. Күш-қайратты қалпына келтіру үшін калориясы жақсы ас-ауқат керек. Бұл жағы қалай?
–Қазақпыз ғой, қазы-қартасыз жарысқа бармаймыз. Бапкерлер де алып шығады, біз де құр қол шықпаймыз. Оны фальгаға орап, тексеруден өткіземіз. Таразға тартылып болған соң қазыға бас саламыз.
Жерлесіміз Құлахмет Тұрсынбай бокстан шеттеп қалмады ма? Ол турнирге неге бармады?
–Құлахмет қазір кәсіпқой боксқа дайындалу үстінде.Ал, оның турнирге бармағанын бапкерлер шешеді. Бұл жерде менің пікірім жүзеге аспайды.
-Өмірдегі Қамшыбектің бокстағы Қамшыбектен айырмасы неде?
–Біріншіден мен жақсы әкемін деп ойлаймын. Жолыңа қарап, сағынып, күтіп отыратын отбасыңа үнемі көңіл бөлу керек ғой. Екіншіден, мен үйдің кенжесімін. Әке-шеше маған қарайды, олардың жағдайын мен ойламасам кім ойлайды? Жалпы, өзім қарапайыммын.
Өзіңе әрдайым тілекші «Ақмешіт апталығы» газетінің 26 жылдық мерейтойына сенің тілегің қандай?
– «Апталық» газетті олимпиада айқасына бірге алып барамын. Жапон елі де көрсін, қазақтың иісін, шығармашылықтың белесін сезінсін. Ал, мерейтой –қызылордалықтардың ортақ қуанышы, журналистердің жұмысы жанданып, оқырманның назару ауа берсін!

Сұқбаттасқан Қ.ӘБДУОВ.
07 сәуір 2020 ж. 1 536 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 13 832 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам