Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Коммуналдық сала – қайнаған қала тірлігінің қазаны

Коммуналдық сала – қайнаған қала тірлігінің қазаны

Шаһар тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігін бес аусағындай біліп, келеңсіз жағдайлар орын ала қалса, дереу жедел іске кірісетін коммуналдық саланың қашанда арқалайтын жауапкершілік жүгі ауыр. Жұртшылық  жарығы сөнсе, суы тоқтаса, жылу жүйесінен жік шықса, бірден осы саланың қызметіне жүгінеді. Арыз-шағымдарын айтып, араша сұрайды. Күндіз-түні тыным таппай, қаланың қалыпты тірлігін қамтамасыз етуге еңбек етіп жүрген мұндағы мамандардың әрқайсысының салғырттыққа жаны қас. Тіпті, күллі әлемді алқымнан қысқан күрделі кезеңде де аталмыш саланың жұмысы тұралап қалған емес. Осы орайда қала халқы тұрмысының күрмеулі мәселелерін уақытылы шешіп, сапалы қызметпен қамтамасыз етіп отырған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Елмұрат Рахматуллаевпен сұхбаттасқан едік. 
 
– Коммуналдық қызметтің барлық жұ­мысшысы қала тіршілігі жүйесінің толас­сыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жұмыл­дырылған. Байқағанымыздай, карантиндік талаптардың күшейтілуіне қарамастан сала жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда мамандардың қауіпсіздігі қаншалықты қам­тамасыз етіліп отыр?
– Ата заңымызда «Мемлекетіміздің басты бай­лығы – адам және оның өмірі» деген сөз бар. Мен бұл қағидатты аяқ асты етуге құқығым жоқ. Сапа мен нәтиже үшін қызмет етіп жатсақ та, мамандармыздың денсаулық қауіпсіздігі алғашқы орында. Сондықтан бөлімге қарасты коммуналдық шаруашылық мекемелерінің ақауларды қалыпқа келтіретін мамандары қорғаныштық қасиеті жоғары бетперде, қолғап және антисептик сұйықтығымен қамтылған. Оны әрбір екі сағат сайын ауыстырып отыруға мүмкіндік жасалған.
– Коммуналдық бағыт – салғырттықты көтермейтін сала. Осындай қысылтаяң кезеңде халықтың көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсету – бөлімге жүктелген басты міндет. Қала­да аталмыш сала бойынша қандай ілкімді жобалар жүзеге асырылуда?
– Қаламызда биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында ауыз толтырып айтарлықтай біраз байыпты бастамалар қолға алынуда. Бүгінде қала тұрғындарына «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміндегі 112 ұң­­ғыма арқылы тәулігіне 83 мың текше метр ауыз ­­су берілуде. Таза, әрі сапалы тіршілік нәрі – Қызылжарма жер асты суы өндіріледі. Сондай-ақ, карантинге қарамастан кей нысандар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өйткені, уақыт күттірмейді. Тозығы жеткен, сапасы сын көтермейді.  Халықтың қажеттілігі бірінші орында болғандықтан, жөндеу жұмыстарын жүйелі қолға алып отырмыз. Мәселен, «Арай», «Шымбай», «Ақмешіт», «Мерей», «Шұғыла» ықшам аудандары бойынша транс­форматорлық қосалқы станциялар, көппәтерлі тұрғын үйлер арасындағы кабель желілеріне күр­делі жөндеу қызу жүруде. Трансформаторлық қосалқы станциялардан шығатын желілер, электр әуе желілері жаңғыртылуда. Қосалқы станциядағы трансформаторлық ақауларды жоюды оқшаулау, тазалау жұмыстарын дер кезінде іске асырып жа­тырмыз. Саяхат шағын ауданында жаңадан салынған электр желілеріне абоненттер қосылып жатыр. Қала­ның шет аймақтары да назардан тыс қалған жоқ. Қызылжарма, Титов, Гагарин, КБИ, Шанхай шағын аудандарында 146 шақырым электр желісі жөн­делуде. Тағы 8,1 шақырым трансформаторлық қосалқы станцияларалық желісі жөнделді. Бүгінде электр қуатын тұтынушы абоненттерден тәулігіне 30-дан астам өтінім қабылданып, толығымен қал­пына келтірілуде. Мұндай игілікті істер Тасбөгет кентінде де көрініс табуда. Ұзындығы 19 шақырым трансформаторлық қосалқы станциялар арасындағы әуе желілеріне және 5 дана трансформаторлық қосалқы станциядан шығатын 15 шақырым желіге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, 3,5 шақырым трансформаторлық қосалқы стан­циялардан шығатын әуе желілері мен 4 дана трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 124 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Ал, ағымдағы жылы осы бағдарлама аясында 32 көпқабатты тұрғын үй дәл осындай бастаманың игілігін көріп үлгерді. Алдағы уақытта облыс орталығын абаттандырумен қатар 200-ден аса көшеге орташа және күрделі жол жөндеу жасалады. Ұзын саны 68 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Мұның алғашқылары өз жұмысын бастап та кетті. Сондай-ақ, 30 ойын алаңы  салынып, 70 аялдама орнатылады. Аталған жоспарлы шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асады.
– Қазір тұрғындар тарапынан қай мәселе бойынша арыз-шағымдар жиі түсуде? Карантин талаптарына қарамастан олардың базынасы қалай қанағаттандырылуда? Бұл тұрғыда онлайн байланыстың қауқары қалай?
– Жалпы, коммуналдық сала бойынша тұр­ғындардан жол, ауыз су және кәріз су, қоғамдық көлік, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу мәселелеріне қатысты сауалдар өте көп түседі. Мүмкіндігінше сауал иелеріне түсіндірме беріледі және шешуге тырысамыз. Бұл жұмыстар карантинге қарамастан қанағаттандырылуда. Қазір онлайн байланыстың деңгейін жоғарылаттық. Әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдар мен өтініштер қаралып, олардың орындалуы барысы туралы дер кезінде кері байланыс жасалып, тиісті желіде жарияланады. Осы тұрғыда бір мәселені атап өткім келеді. Әкімдіктің қатысуынсыз-ақ шешімін табуға болатын кез келген ұсақ-түйек мәселені әлеуметтік желіге шығарып, түймедейді түйедей етуді шектеуді кейбір тұрғындар ескерсе деймін. Қайткенмен, халық жауапкершілікті өздері де түсінуі қажет қой деп ойлаймын.
– Мәселен?..
– Қарапайым мысал: Есік алдындағы тұрмыстық қатты қалдықты өздері тастап, оны өздері әлеуметтік желіге жариялайды. Себебі, халық арасында «Кез келген кемшілікті әкімшілік түзету керек, әкімдік жасау керек» деген теріс пікір қалыптасқан. Негі­зінде, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, әрбір тұрғын қоқыс жинайтын жәшіктер орналастыруы және арнайы мамандандырылған мекемемен келі­сім­шартқа отыруы қажет. Сондықтан, дана хал­қымыздың «Сана тазармай – қала тазармайды», «Тазалықты сақтау – ортақ міндет» деген аталы сөздерін ұстана отырып, тұрғындарды санитариялық тазалық жұмыстарын бірлесіп атқаруға шақырамын.
– Тұрғындарды толғандырған тарифтің тұрақтылық деңгейі қандай?
– Тарифтік саясатты бақылайтын арнайы құ­зырлы органдар бар. Коммуналдық қызмет көр­сетуші заңды тұлғалардың техникалық-эконо­микалық жағдайы зерделене келе тариф саясаты қалыптасады. Демек,  тарифтерді бекіту мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынып отыр деген сөз. 
– Жаз болса, көпқабатты үйдің 5 қабатына судың жеткілікті мөлшерде көтерілмеу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Биыл бұл  мәселенің күрмеуі қалай тарқатылуда?
– Сұрағыңыз орынды. Дегенмен, биылғы жылы бұл мәселе өз шешімін табуда. «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан қаламызда қайта жаңғыртудан өткізілген ауыз су желілерін іске қосып, көпқабатты тұрғын үйлерге берілетін ауыз су қысымы көтерілді. Бүгінгі таңда жоғарғы қабаттарға ауыз су тұрақты берілуде.  Дегенмен, кей жағдайларда көпқабатты тұрғын үй­лердің ішкі ауыз су жүйелерінің тозығы жету салдарынан ауыз су өз дәрежесінде берілмей қалып жататын кездер болатынын жасырмаймын. Осы бағытта тұрғындар басқару органдарымен бірлесе отырып, ішкі жүйелерге жөндеу жұмыстарын жүр­гізуді тікелей өз міндетіне алуы тиіс. 
– «Қамданған қапы қалмайды»... Алдағы қыстан қысылмай шығуға дайындық барысы қалай?
– «Қыстың қамын жаз ойла». Бұл – біздің саланың ұстанған бұлжымас қағидаты десек болады. Қазіргі таңда басқару органдарымен бірлесе отырып, көп­қабатты тұрғын үйлердің  ішкі инженерлік жүйе­леріне талдау жұмыстары жүргізілуде. Ауыс­ты­­рылуға қажет инженерлік жүйелерге жөн­деу жұ­мыстары сол үйдің тұрғындарымен бірлесе ат­қарылатын болады. Жылдағы тәжірибе бойынша алдағы жылу маусымына дайындық бүгінде тың­ғылықты түрде бастау алып үлгерді.
– Шіліңгір шілденің аптап ыстығында шөп басы қозғалса болды, ақ шаңдақ бұрқ етіп көтеріліп, қала көшелерін кезіп кете баратынын жасырып қайтеміз? Десе де, қала тазалығы әсемдіктің әліппесі десек қателеспейміз. Осы бағытта не айтар едіңіз?
– Қаламыздың тазалығын ұйымдастыру және үйлестіру бөлім жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Осы тұста тағы да астын сызып, екінші мәрте қайталап өткім келеді. Қала тазалығы мен ондағы түйткілді мәселелерге тек арнайы  мекемелер  жауапты  деу  – қате түсінік. Себебі, ортақ іске әрбір тұрғын, әрбір азамат мүдделі болуы тиіс.  Дегенмен, сала мамандары да қарап отырған жоқ. Бөлімге қарасты «Қызылорда тазалығы» ЖШС тарапынан арнайы техникалармен күнделікті тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, жинау және әкету жұмыстары өз дәрежесінде ұйымдастырылуда. Ал, қала көше­леріне бей-берекет қоқыстарды тастап кететін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақ­са­тында арнайы рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.  
– Қаланы көркейтіп, көше сәнін аша түсетін сәулеттік жобалар аясында биыл қандай жаңа­шылдықтар бар?
– Қолданыстағы бюджеттік бағдарламаларға сәйкес, аталған жұмыстар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы жүзеге асырылуда. Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, көпқабатты тұрғын үйлер сырланып, модернизациядан өтуде. Көше келбеті де жасана түскен. Тек әрі қарай жасалған дүниелерге жанашырлық білдіріп, күтіп-баптауда жауапкершілік танытсақ мұндай ілкімді істер өз жалғасын таба бермек.  
– Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу қағидалары бекітілгені белгілі. Аталмыш қағидат бойынша бекітілген 15 мың теңгенің игілігін қанша қызылордалық көрді?
– Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қыз­меттерді жеткізушілердің шығындарын өтеу ере­жесіне сәйкес, коммуналдық қызметтерді көрсету­шілерде жеке шоттары болған кезде коммуналдық шығындарды өтеуге құқығы бар адамдардың арнайы санаттары бекітілгенін білесіздер. Олар­дың қатарында 1,2,3 топтағы мүгедектері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары және оларға теңес­тірілгендер, көп балалы отбасылар мен өзге де мұқтажды санат бар. Осы ережеге сәйкес тіркелген азаматтардан өтінім қабылдау жұмыстары 2020 жыл­дың 5 мамырынан басталып, 25 маусымда толы­ғымен аяқталды. Аталған мерзім ішінде қала бойынша барлығы 39517 өтінім келіп түссе, оның ішінде 36618 өтінім мақұлданды.
– Тұрғын үйдің жайлы, жылы болғанын, төбеден су ақпағанын, саңылаудан жел соқпа­ғанын кім қаламайды дейсіз? Жарна төлемейтін, пәтерлерін, ортақ дәліздерін күтіп ұстауға жүр­дім-бардым қарайтын тұрғындардың жауап­кершілігі қандай деген сауал қойылса, олар­дың ортақ мүлікті күтіп-ұстау және жөндеу міндеттеріне салғырттық, масылдық пиғылмен қарайтыны жасырын емес. Осы орайда тұр­ғындарға айтарыңыз болса...
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңы­ның 32 бабының 1 тармағына сәйкес,  «Пә­терлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондо­миниум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті» екені аталған. Бұл ретте тәжірибе көрсеткендей, тұрғындар кондоминиум нысан­дарын басқару органдарымен көрсетілетін қыз­меттерге қанағаттанбайтындығын атап өту керек. Ал, аталмыш органдары тұрғындар тарапынан көрсетілетін қызметтерге төленетін төлемдер тиісінше төленбейтіндігін алға тартады. Осылайша екі жақта түсінбеушілік орнаған.
Ал, алдағы уақытта пәтер иелері кооперативте­рінің (ПИК) орнына мүліктің меншік иелері бірлестігі (ММИБ) дейтін жаңадан коммерциялық емес ұйым құрылады. Бұл өзгеріс тұрғын үй ком­муналдық шаруашылығы саласын реформалауға, әрі «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңын жетілдіруге бағытталған. Сондықтан пәтер иелері кооперативтері 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмысын атқарады деп жоспарлануда. Одан кейін оның орнына көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың екі түрінің бірі келеді. Көппәтерлі үйлер заңды тұлға ретінде ММИБ (мүліктің меншік иелері бірлестігі), ал, заңды тұлға құрғысы келмесе, жай  серіктестік ретінде қызмет етуіне болады. Бұрын ПИК басшылары пәтер иелері атынан сөйлейтін, әрі қызмет көрсететін компаниялардың орнына өздері қызмет көрсететін. Қызметтеріне өздері баға беріп, өз жұмыстарын қабылдап, өзіне ақша төлейтін. Тағы бір мәселе, пәтер иелері кооперативінің қарауындағы үйлер көбейіп кетті. Олар он бес, жиырма шақты үйге дейін біріктіріп алды.
– Демек, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, екі жақты түсінбеушілік осы жерден бастау алатын болып тұр ғой?
– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Тұрғындар төлеген ақшалары қайда кетіп жатқанын ПИК-тен сұраған кезде, ол ақша басқа үйлерді жөндеуге жұмсалып жатқанынан хабардар болған. Өйткені, олар үшін қаржы ортақ, әр үйдің ақшасын бөлек-бөлек жинап отырмайды. Қаражатты бөліп-жармай, қарамағындағы 15-20 үйдің мәселесін кезек-кезегі­мен шешіп отырады. Осылайша тұрғындар арасында «Ақшамыз неге өзімізге жұмсалмайды?» деген сауал туындайды. Осындай кикілжіңдердің алдын алу үшін әр үйдің өз шоты болуы керек. Яғни, тұрғындар өз үйінің шотын, ақша қайда жұмсалып жатқанын көруге тиіс. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік өкілдері шұғыл жөн­деуді қажет ететін үйлерге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге тиіс. Содан кейін, олар жөндеу жұмысын жүргізетіндігі туралы сол үйдің тұрғындарымен келісімге қол қояды. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қаржы жи­налады. Тұрғындарға екі есепшот – жинақтаушы және қолданыстағы шот келеді. Қолданыстағы шоттан қазір алып отырған қызметтер үшін тө­ленеді, ал жинақтаушы шот – сіздің үйіңіздің зейнетақы қоры тәрізді болады. Ондағы қаражат тек үйдің жөндеу жұмыстарына ғана жұмсалады. Бұл тетіктер алдағы уақытта іске қосылатын болады.
Міне, өзіңіз көріп отырғандай, бөлімнің жұ­мысы халықпен тығыз байланыста. Бөлім функ­циясының қай бағытын алсаңыз да халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Ілік іздей берсеңіз, не нәрседен де ши шығары анық. Ал, оң нәтиже, өнімді еңбек қашанда бірліктің, жұмыла көтерген тірліктің арқасында келетін дүние. Сондықтан, атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындар тарапынан қолдау білдіріліп, тіпті қа­жеттілік туындай қалса, «сенің жұмысым, менің жұмысым» деп жікшілденбей, үлкен түсіністікпен, бірлесіп еңбек етуге шақырамын. Ортақ мүлік, ортақ мүдде – осы.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
25 шілде 2020 ж. 1 535 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 436 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам