Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы: «МАҚСАТЫМНЫҢ АЙҚЫН, БАҒЫТЫМНЫҢ ДҰРЫСТЫҒЫНА СЕНЕМІН»

Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы: «МАҚСАТЫМНЫҢ АЙҚЫН, БАҒЫТЫМНЫҢ ДҰРЫСТЫҒЫНА СЕНЕМІН»

Мұғалімнің құқын қорғайтын бірден-бір ұйым оның кәсіподағы болып табылады. Білім беру саласындағы өзгерістер, қашықтан оқу, мұғалім мәртебесі, Жолдау жүктеген міндеттер кәсіподақ назарынан тыс қалған емес. Қоғамдағы өзгерістерге әрқашан сергектік танытатын облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетініңі төрағасы Гүлнар Есқалиевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Гүлнар Бабабекқызы,  облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитеті төрағасының тізгінін ұстағаныңызға тоғыз ай болыпты. Осы уақыт аралығында атқарған жұмыстарыңыздың бір парасына тоқталып өтсеңіз. 
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті кеңестік кезеңнен жұмыс жасап келеді. Еңбек жолымды студенттік кезеңде институт студенттері кәсіподағы комитетінің төрайымы қызметінен бастағандықтан, кәсіподақ жұмысын жақсы білемін десем де болады. Алғашында мұғалімдердің мүддесін қорғауға ғана бағытталған кәсіподақ жұмысының жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, қазіргі уақытта ғылым саласымен қатар жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің мәселелерін де қамтуда. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның қара шаңырағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жатақханасында студенттік кеңес төрайымы болып, студенттердің тұрмыс жағдайын жақсартумен белсене айналысқанмын. Онан кейінгі жылдары облыстық білім және қызметкерлері кәсіподағы филиалында бас маман, төрағасының орынбасары болып еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибемнің арқасында биылғы жылдың қаңтар айында төраға болып сайландым.Жыл басында әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты еліміздегі карантиндік режим жағдайында қоғамның барлық дерлік саласы қашықтан жұмыс жасауға мәжбүр болды. Кәсіподақ комитеті де өз құзыреті шегінде осындай қиын кезеңде қызылордалық білім мен ғылым саласы қызметкерлерін барынша қолдауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырды. Мәселен, кез-келген жағдайда жедел әрекет етуді, өз қызметін мерзімінде жүйелі жүзеге асыруды дәстүрге айналдырған біздің ұйым аймақта ең алғашқы болып қайырымдылық акциясын өткізуді қолға алды. «Біз біргеміз» ұранымен ұйымдастырылған пандемия кезеңінде жәрдем беру акциясымен  1000 - нан аса отбасы қамтылып, әр отбасыға азық-түлік көмегі берілді. Бұған қоса кәсіподақ ұйымының аудандық және қалалық филиалдары өз өңірлерінде көп балалы мұғалімдер отбасына, жалғызбасты ұстаз аналарға, қамқорлықты қажет ететін білім саласы қызметкерлеріне қолдау көрсетті. Жабырқаған жанның жанынан табылуқашаннан біздің ұйымның басты ұстанымы болып саналады. Осы орайда ел көлеміне енгізілген төтенше жағдай тұсында тұрғын үйлері өртенген кәсіподақ мүшелерін де назардан тыс қалдырмай жәрдем бердік. Бұдан бөлек облыс аумағында 12000-нан астам медициналық бетперде тегін таратылды.
Кәсіподақ комитетінің өз мүшелерінің денсаулығын қалпына келтіру, оларды сауықтыру мақсатында еліміздегі белгілі шипажайларға жолдама беретін негізгі бағытын білесіздер. Биыл да сол қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, Жаңақорған, Мерке, Жұмбақтас, Манкент, Сарыағаш, Алтын Қарғалы, Біркөлік және тағы басқа шипажайлармен келісім-шарт жасалып, көптеген сала қызметкерлеріне жолдамалар берілді.
Білім күні қарсаңында биылғы оқу жылының қашықтан оқу форматына көшуіне байланысты облысымыздағы бірқатар ұстаздарымыздың отбасылық жағдайын жақсарту бағытында кәсіподақ комитеті тарапынан 310 дана ноутбук табысталды. «Мектепке жол» акциясы шеңберінде білім беру мекемелерінде қызмет ететін, жалақысы төмен қызметкерлердің мектеп жасындағы балаларына кәсіподақ тарапынан қайырымдылық көмек беру акциясы ұйымдастырылып, 650-ге жуық балаға оқу үрдісіне қажетті құрал-жабдықтар тапсырылды. Кәсіподақ комитеті аталған іс-шаралардан бөлек сала қызметкерлері арасында қоғамдық қабылдаулар өткізуді жолға қойған. Бұл қабылдауларда педагогтар тарапынан жиі көтерілетін төтенше жағдай кезінде жалақының төленуі, ақылы еңбек демалысының берілу тәртібі және есептелінуі, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде мектепте еңбек ететін магистрларға қосымша ақы төлеу және тағы басқа мәселелер оң шешімін тауып келеді.
Сонымен қатар жас ұстаздарға қолдау көрсету, білім саласына жастарды көптеп тарту мақсатында кәсіподақтың бастауыш ұйымдары жанынан «Жастар кеңестері» ашылып, жұмыс жасауда. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аймақтағы жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға өз септігін тигізуде. 2020-2021 оқу жылы қарсаңында  дәстүрлі тамыз кеңесі аясында облыстық білім беру ұйымдарындағы жас ұстаздармен  ZOOM платформасы арқылы секция отырысын өткізіп, осы бағыттағы ұсыныстарды жинақтап, алдағы жоспарларымызға енгіздік.
– Көптен бері көтеріліп жүрген мұғалім мәртебесі заңмен реттелді. Қоғамның көзқарасы да өзгерді. Осы бағыттағы мемлекеттік саясатқа көзқарасыңызды білсек.
– Расында да білім саласы қызметкерлерінің, ғалымдардың және ата-аналар қауымының білім саласын оңтайландыруға бағытталған ұтымды ұсыныстары, білім саласындағы түйткілді мәселелерге арналып, бұқаралық-ақпарат құралдарында үздіксіз жарияланып отырған мақалалар оң қоғамдық пікір қалыптастырды. Нәтижесінде 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 21 баптан тұратын Заңы қабылданы белгілі. Осы құжат арқылы педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, олардың кәсіптік қызметін қамтамасыз ету, мұғалімдердің материалдық жағынан қамтамасыз етілуі, педагогтердің біліктілігін арттыру жағдайы, педагогтің міндеттерін айқындау секілді көптеген мәселелер елімізде тұңғыш рет заң жүзінде бекітілді. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында белгіленген міндеттердің жүзеге аса бастауының нақты көрсеткіші деп қабылдаймын. Президент биылғы білім күніндегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында қашықтан білім алудағы кеткен кемшіліктерді жойып, жүйелі шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, ұстаздар жалақысын 2021 жылы 25 процентке өсіруді, бүлдіршіндерімізді 2025 жылға қарай 100 процент балабақшамен қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырды. Өңірлерде оқушылар сарайларын салу, үйірмелер санын арттыру, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мәселелері де осы құнды құжатта көрсетілді. Бұл тапсырмалар бізге де үлкен міндеттер жүктейді. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің жүргізіп жатқан тың бастамаларына ата-ана ретінде оң баға беремін.
«Nur Otan” партиясының партияішілік іріктеуі - параймеризге қатысып, бақ сынауға талпынудасыз. Мақсатыңыз?
– Елдегі гендерлік саясаттың салтанат құруы әйел-аналардың ер азаматтармен иық тіресе, тең дәрежеде халыққа қызмет етуі үшін олардың қоғамдағы орнын айқындап берді. Қазіргі таңда мемлекет басқару ісінен бастап қарапайым жұмысшыларға дейінгі аралықта еңбек етушілер арасында қыз-келіншектердің үлесі зор. Мұның бір дәлелі ретінде егемен еліміздің тарихындағы тұңғыш облыс әкімі Гүлшара Наушақызын атап өткім келеді. Сырбойылықтардың сенім үдесінен шығып, басқарудың барлық сатыларынан табысты өтіп келе жатқан аймақ басшысының өмір жолы көпке үлгі.Сондықтан осындай көшбасшыларымызды қолдап, мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға, өңірде шешімін таппай жатқан өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға, халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпір қызметін атқару ісіне өз үлесімізді қосатын кезең келді деп санаймын. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде қоғамда жүріп жатқан өзгерістерге сергек қарап, белсенділік танытуды жөн көрдім.Осы тұста, «Nur Otan» партиясының праймеризі менің де парасат-пайымымды парақтап, жүйелі жоспарларымды іске асыруға жол ашады деп сенемін.
– Келешекте облыстық мәслихат депутаты болып сайлансаңыз, нендей мәселелерді шешуге ықпал етер едіңіз?
– Әрине, білім және ғылым саласы өкілі ретінде осы саланың өзекті мәселелері әрдайым назарымда болады. Педагогтер мен қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден тегін өтуіне, білім саласындағы кітапханашылар, есепшілер, зертханашылар, дәрігерлер және мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақыларының өсуіне жұмыс жасасам деген жоспарым бар. Сондай-ақ, Оқушылар үйінің ғимараттарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, мектептерде STEM зертханаларын ашуға күш біріктіру, сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа механизмдерін енгізуге атсалысу да негізгі бағыттарымның бірі болмақ.
Азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің базалық лауазымдық айлықақы көлемін 17697 теңгеден көтеруге ықпал жасауға күш саламын.
Жастар жанашыры ретінде «Жас кәсіпкер» бизнес  бастамалары бағдарламалары аясында жастарға бастапқы жарнасыз жеңілдікпен несие беру бойынша тұрғын үй сатып алуға ықпал ету, аймақта қалыптасқан қолайсыз экологиялық жағдайды жақсарту, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыру жұмыстарына, жастардың тың бастамаларына қолдау көрсетуге басымдық беретін боламын.
Ата-ана ретінде алаңдайтын мәселелер ретінде жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықтың белең алмауына қатысты «Қауіпсіз бала», «Бақытты балалар» жобаларын енгізіп, оның қаржыландырылуын қамтамасыз ету, аймақта көп балалы және аз қамтылған отбасындағы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешуге күш салу да назарымнан тыс қалмайды.
Сайлаушылармен жиі жүздесу арқылы тұрғындардың өзекті мәселелерінің оң шешілуіне ықпал жасау әрбір халық қалаулысының міндеті деп ойлаймын және осы бағыттағы қоғамдық белсенділігімді арттыра беретін боламын.
– Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?
 – Адам бойындағы тазалық, шынайылық, жауаптылық қасиеттерін бағалаймын. Өз Отаныңа адал қызмет етіп, туған жеріңді түлетуге үлес қосып, жауапкершілік жүгін сезіну қолымнан келетін іс деп санаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
22 қыркүйек 2020 ж. 2 506 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам