Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Назгүл Кенжетай: Халықаралық журналистикада жолы болған жанмын

Назгүл Кенжетай: Халықаралық журналистикада жолы болған жанмын

 Сыр өңірінің тумасы саяси және әскери журналист Назгүл Кенжетай бүгінде халықаралық журналистикада өз өрнегін айшықтап үлгерген жан. Оның Таяу Шығыстағы соғыс ошақтарында жүріп жазған мақаласы мен түсірген фотосы ел назарын аудармай қоймасы анық. Жас та болса үнемі ізденістің арқасында әлемнің қазіргі тыныс-тіршілігін боямасыз беруге ұмтылған қазақ қызының еңбегі ерлікпен пара-пар. Ол еліміздегі «100 жаңа есім» республикалық жобасының жеңімпазы атанды.
Өткен аптада туған жеріне табан тіреген журналиспен жастар арасында жарқын жүздесу ұйымдастырылды. Біз де Назгүлмен кездесіп, өзара ой бөліскенді жөн деп санадық.
– Бұл салаға қалай келдіңіз? Қайда білім алдыңыз және онда  арнайы әскери тілші дайындайтын орын бар ма?
 – Орта білімді Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектепте алып шықтым. Мектепті бітірген соң, Түркия мемлекетіне тегін білім грантымен оқуға түстім. Онда мамандандырылған әскери журналистикаға даярлайтын оқу орнында білім алдым. Университетте оқып жүрген кезде ондағы профессорлар бойымда ерекше дағдылар мен икемдер бар екендігін айтып, осы салаға бет бұруыма ықпал етті. Осыдан кейін бәрін мықтап қолға алып, саланы тереңдетіп оқи бастадым. Көптеген тәжірибеден өттім. Осылайша әскери және саяси журналист атандым. Дегенмен бұл әлі де аздық етеді. Журналистикаға келгеннен кейін 4-5 жылдық біліммен тоқтап қалуға болмайды. Біз үнемі ізденіс үстінде жүруіміз керек. Қазір Стамбул қаласында орналасқан екі университетте «Саяси журналистика» және «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша магистратурада білім алудамын.
– Білім алуда Стамбул қаласын таңдауыңызға не себеп?
– Оқушы кезімде білім алу үшін Еуропадағы бірнеше университетті таңдауға мүмкіндік туды. Бірақ менің қалауым осы болды. Себебі, мұндағы бір ерекшелік – саяси журналистиканы тереңінен оқытатын үздік білім ошағының бірі болып саналады.  
– Сөйлеген әрбір сөзіңізден діни, идеологиялық, саяси тұрғыдан сауаттылық байқалады. Оқу орнында бұл бағытта жекелеген сабақтар жүре ме? Әлде өзіңіздің саяси журналистикаға деген терең ізденістің нәтижесінде келген білім бе?
 – Біз жоғарғы оқу орнында жүріп бұл туралы білім алған жоқпыз. Тек бағыт-бағдар берді. Егер сіз айтқан жәйттарды білмесем, мені журналист деп атауға келмейтін шығар. Онда тек жәй шолушы болып қалар едім. Сондықтан саяси тақырыпқа бару үшін маған әрдайым жан-жақтылық талап етіледі. Алдымен псиxологияны, саясатты, дипломатияны, географиялық координаттарды, математиканы, дінді жақсы әрі кәсіби түрде меңгеруіңіз қажет.
– Түркияның ақпарат құралдары сізді Қазақстаннан келген ең алғашқы әскери корреспондент деп атаған екен? Олай айтуға не себеп? Сізге дейін бірде-бір адамның әскери тақырыпты қозғамағаны ма?
 – Бәлкім барған шығар? Оны білмейді екенмін. Мұны бұлай атаған Түркиядағы соғыс тақыбын зерттеп жүргендердің бірі – Раглер деген кісі болатын. Ол кісінің жанында жүріп, әріптес ретінде жақсы сыйластым. Көп нәрсені үйрендім. Сонда оның мені көріп, таңқалғаны болды. Бұрын-соңды әскери тақырыпта тербейтін Қазақстаннан келген журналистті көрмеппін деген болатын. Оның осылайша еңбегіме баға беруі ақпарат әлемінде сөйлем болып қалыптасты.        
 – Еңбегіңізге қарап сізді халықаралық журналистикада жолы болған жанның бірі дер едім. Сыртта жүріп жетістікке жете алмай тауы шағылып кері қайтып жатқандар қаншама? Барлығы бірдей сіз секілді БҰҰ мен ЮНИСЕФ-тен қолдау тауып, әлемге ақпарат тарата алмайды? Бұл бағытта кімнен қолдау көріп отырсыз?
 – Барлық қолдау тек қана анамның дұғасы арқылы келеді. Көп адамдар барлық нәрсеге өз күшіммен жеттім деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Белгілі бір биіктікке жету үшін алдыңнан кездескен көптеген баспалдақтан өтуің қажет. Қиындықтарды еңсеруің керек. Өзім қатарлы жас журналистермен салыстырып қарағанда жолы болған жанмын. Барлық жерде еркін білім алып, еңбек етуге мүмкіндік туды. Дегенмен бұл тұрғыда алдымен алға қойған мақсатқа жету үшін мамандығыңа деген махаббат керек. Біреудің көмегімен келетін танымалдылық көпке бармайды. Жарты жолда қалып қоюың мүмкін. Сондықтан, тек талмай еңбек ету маңыздырақ.    
   – Небәрі 23 жастағы қаршадай ғана қазақ қызы қалайша халықаралық әскери және саяси журналист атанып жүр. Ерге тән ерік-жігер мен батылдық бойыңызға қайдан дарыды?
 – Әлгі қалай еді: «ақымақ адамдар батыл болып келеді» деуші ме еді? Мен өзімді көз алдыма солай елестетемін. Бірақ, біздің тарихымызда қайсар аналар көп болған ғой. Біз де сол кісілердің жалғасымыз. Кез келген адам өткеннен ғибрат ала білуі керек. Бала кезімнен қазақтың бай мұрасын танып өстім. Сол кісілердің жолын қусам деймін. Көп кедергіні мүмкін жастықтың буы болар елемей өтіп кеттім. Дегенмен өзімді кереметпін деп айта алмаймын. Мен бар болғаны өз жұмысымды адал атқара білдім.
– Бұл мамандыққа қойылатын талап қандай? Ең алдымен нені естен шығармау керек?
 – Қай кезде де адамдық болмысыңнан адаспау қажет. Сол кезде ғана өз-өзіңді жоғалтып алмайсың. Қалған жағдайдың бәрін тез игеруге болады. Ал адам болып қалуды көпшілігі естен шығарып алуы мүмкін.
 – Сіздің фото нысанаңызға ілінген кадр­лардан көбіне мұңайған адамдар, көз жасы төгілген сәбилерді көр­дім. Мұн­дай суреттерді түсірудегі мақ­са­ты­ңыз не?  
– Бұл суреттер бір ғана сәбидің көз жа­сын, бір жесір әйелдің қиыншылығын ғана бейнелемейді. Бұл – отансыз адамдардың жүзі, олардың қасіреті. Мысалы, сырттан жақсы өмір іздеп шекара асатындардың дені босқын мәртебесін алады. Ал босқын­ның өмірі қайдан жақсы болсын?! Жақсы өмір іздеп шет елге тап бол­саң да, олар үшін сен – босқынсың. Сон­дықтан кісі елінде сұлтан болуды аң­сау ақылға сыймайды. Ең алдымен журналист ретінде емес, адам ретінде қиналған жандарға қол ұшын созғым келеді. Қоғамның назарын осы нәрсеге аудару арқылы оларға бір пайдам тисе деймін.
Соғыс ортасында жүріп, қақтығысты көру, зерттеп түсіну қаншалықты ауыр?Түсірген суреттеріңіздің ішінен өмір­лік ұстанымыңызға, көзқа­ра­сы­ңызға әсер еткендері болған шығар?
– Суретке түсіру, сәтті кадр жасау – оңай шаруа емес. Сурет «сөйлеп» тұ­руы керек. Болған оқиғаны жазғаннан гөрі, суретке түсірген әлдеқайда әсерлі. Сондықтан мен бей­­күнә сәбилердің қасіреті арқылы соғыс­тың зардабын жеткізуді ойладым. Ал соғыс жағдайында фотосурет қойы­лым, нұсқаумен түсірілмейді. Тек кәнігі мергенше аппараттың түймесін керек сәтте басып үлгеруің керек. Ол жерде тілшілерге берілетін уақыт та шектеулі. Ал әрбір сәтте ішкі сезіміңді, жан толғанысыңды дер кезінде тежей білуің тиіс. 
 – Сіз босқындар тақырыбын зерттеу арқылы белгілі болдыңыз? Жұмыс сапарында қай елдер, қандай лагерлер қамтылды?
 – Таяу Шығыстың барлық еліне бардым деп айта алмаймын. Ливанға жолым түсті. Жуырда ғана Израйль мен Ливанның шекарасында болып қайттым. Сирия мен Түркияның аралығындағы соғыс дүмпуін көзбен көрдім. Украина еліндегі майданға да зерттеу жұмысын жүргіздік. Алдағы жоспарда Грузияның бөлініп кеткен елдеріне сапар шексем деймін.
 – Бір сөзіңізде, өз еліңе қызмет ету үшін елде жүру шарт емес деген екенсіз? Отанға оралу ойыңызда жоқ па?
 – Қазір біз жаһандық әлемде өмір сүрудеміз. Шет елден үйренетін, салыстыратын жәйттар көп. Соны өзімізге алып келсем деймін. Әрине, уақыты келгенде елге қайта ораламын. Өзімнің құтты мекенімнің ауасы да, тасы да, суы да өзгеше. Кім екенімді, қайдан шыққандығымды еске түсіреді. Әлем дүрбелеңінен шаршағанымда туған жердің ауасы мені емдей түседі. Елімнің әрбір қара топырағы мен үшін қадірлі, қасиетті. Елге келгенімде мойнымдағы жауапкершілікті сезінемін. Ол – елімнің, отбасымның алдындағы міндет. Сол себепті, қайтсем де еліме өз үлесімді тигіземін деп жүрген Алаштың жанашырымын.
 – Назгүл Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасы жеңімпазы болуыңмен құттықтаймын. Бұл марапатқа ие болғанда қандай әсерде болдыңыз?
 – Бұл жаңалықты алғаш естігенде өзімді лайықсыз деп таныдым. Бірақ, халық таңдауын жасады дегенде ғана бойымды үйрете бастадым. Одан соң Елбасымен жүздестік. Кездесуде менің де жетістігіме оң баға берілді. Өте қуаныштымын. Қазақтанның ел білмейтін көптеген жаңа есімдерімен таныс болдық. Мақтануға тұрарлық еңбектерін көріп, елге деген үмітім арта бастады. Мұның барлығы мен үшін есте қаларлық тарихи сәт болары сөзсіз. 
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
13 тамыз 2019 ж. 4 631 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 038 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам