КӨРІНЕР ҚЫЗДАР СҰЛУ ШАШБАУЫМЕН...
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?.. Бұл – данышпан хәкім Абайдың қазақтың қаракөз сұлуын ерекше әрі шебер сипаттаған өлең жолдары. Сөзбен салынған сурет деп сірә, осындайды айтса керек-ті. Оқып отырып, әлгі арудың бет-бейнесі еріксіз көз алдыңа елестейді. Оның сүмбіл шашы, сылдыр қаққан шашбауы, қарақат көзі жан-жағына имене басқан әрбір қадамы бәрі-бәрі тал бойына әдемі жарасым тапқан. Қиялдағы кейіпкердің осыншама мінсіз сұлулығына тәнті болғандай күй кешесің. Әсіресе, қою қара шаштары онсыз да сұлу мүсінін айшықтап, көркемдігін еселей түсетіндей. Жалпы, халқымыз отбасында қыз баланың кескін-келбетіне ерекше мән берген. Оның тілі шығып, апыл-тапыл қадам басқаннан бастап шашына қайшы тигізбеген. Өсіріп, оған күтім де жасай білген. Өруге жарайтындай өсіп қалғанда, оған қос бұрым жасап, шашбаумен әшекейлеп қойған. Оны аяқ астына баспай, әр жерде қалмауын жіті қадағалаған.
Бұл тәртіп пен тәрбиені өзіміз де көріп өстік. Әжеміз алдына ақ мата жайып, шашын үнемі соның үстіне тараушы еді. Сондағысы түскен шашын аяқ асты қалдырмау екен. Оны домалақтап жинап, матаға түйіп жүретін. Әрқайсысымызда жеке тарағыш құрал болуын қадағалап, тазалыққа баулып өсірді. Ал, өзі сиыр мүйізінен жасалған тарақ пайдаланатын. Айтуынша, ол әлгі бұйым шаштың түсуін азайтатын көрінеді. Тіпті, арасында бұрымды қымызбен жуып тұру да оның қою табиғи қалпын сақтап, ағаруға қарсы ықпал ететінін әңгімелеп отырушы еді. «Шаш жаю – жаман ырым» деп құлағамызға жиі құйып, өріп, жинақы жүруге дағдыландырып өсірді. Сөйтіп, ықылым заманнан ұлт мәдениетінде бойжеткенді осылайша бұрымына қарап бағалаған. Ал, ел арасындағы ақын-шайырлар оларды шабытының музасына балаған. Мәселен, «Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек, шынардай он саусағың құлжа сүйек», «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» «Құралай көз, қолаң шаш, алма мойын, қиғаш қас» деген сынды таптырмас теңеулер осы сөзімізді одан әрі айқындай түссе керек. Негізі, нәзікжандылар қауымының шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш деп, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп бөлінген. Оның әр талын жібектей деп, өрілген бұрымды білектей деп сипаттаған. Ал, ұзындығы белден асып, тілерсек соғатын шашқа тағылған алтын, күміс шолпылар бойжеткен көркін одан әрі әспеттей түскен. Жалпы, ертеректе қыз-келіншектер бұрымға арналған сәндік бұйымдардың ішінде шолпыға ерекше көңіл аударған. Ол тек сәндік үшін ғана емес, шашты өсіретін әрі ұзартатын, желді күнде көтеріп кетпес үшін де тағылатын әмбебап әшекей саналған. Оның тағылуына да мән берген. Мәселен, әсем, сәнді шолпыларды егде әйелдер емес, тек қыздар мен келіншектер ғана қолданған. Аталмыш бұйымның түрлері де өте көп таралған. Мысалы, қоңыраулы, тізбелі, сағат баулы, моншақты, сылдырмақ, орнатылған асыл тастарына қарай маржанды шолпы деп бөлінген. Олар жүріп-тұрған кезде күн сәулесіне шағылысып, көздің жауын алар әсемдікке ие болған. Сондай-ақ, ол иесі қозғалғанда, әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген қыз-келіншектердің әсем жүрісіне үн қосып, сыр-сымбатын одан әрі арттыра түскен. Мұндай кезде халқымыз қараған көз тоймайтын сұлулықты «сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосқан» деп тамсанған.Кішкентайымыздан естіп өскен шашбау-шолпы әрдайым бірге аталғанымен білуімізше, оның өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Мәселен, шашбаудың шолпыдан өзгешелігі – ол бұрыммен қоса өріліп, теңгесі шаш ұшына байланады. Мұны көп қыздар біле бермегенімен, халқымыз оларға осындай атау беріп, ара-жігін ажыратқан. Әсіресе, шашбау – қыздар қауымы үшін ерекше бұйым ретінде саналған. Әжем көзі тірісінде зергерлік әшекейлері оралған түйіншектің ішін ашып отырып, шашбауды ерекше жақсы көретін. Оны балбұл жанған бойжеткен дәуренімнің куәсі деп өткен шақты біраз еске түсіретін. Онда түрлі-түсті асыл тас орнатылған, моншақ тізілген ұзын күміс шынжырлы баумен немесе қымбат, берік матамен ызылып жасалған алтын, күміс жіптермен өрнектеліп, ұшына салмақты күміс теңгелер тағылған бұйымның түр-түрі бар еді. Көрсетіп болған соң, қайтадан ұқыпты орап сандық түбіне тастаушы еді. Сол кезде бізден қызғыштай қорыған әжемнің бұл қылығы көңілге аса жаға қоймаса да, олардың ерекше қадірлі, бағалы дүние екенін іштей сезетінбіз. Ал, қайтып келмес сапарға аттанар бұрын өз қолымен сыйға берген әжемнің сол шашбауы менде әлі күнге дейін көздің қарашығындай сақтаулы тұр.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.