ҚАЗАҒЫМНЫҢ ЖҮРЕГІНЕН ЖАРАЛҒАН
Ата-бабамыз қандай қиын, қилы заманда да алтынын жоғалтса да, бесігі мен домбыраны көзден таса етпеуді көксеген. Кешегі кеңес тұсында да әр үйдің болмаса да қаны қазақтың төрінде домбыра ілулі тұрды. Қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ұлтымыздың төл аспабының шыққан уақыты мен пайда болу тарихын, ең алғаш кімнің жасағанын біле бермейміз.
Оны зерттеуде аңыз-әңгімелерге жүгінуге болады. “Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Аяғы ауырлап қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады.
Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ол ағаш түбінде демалады. Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басына бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, содан әуен шығады екен. “Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар” деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген екен. “Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын” деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен” дейді аңыз-әңгіме туралы еңбегінде этнограф Өзбекәлі Жәнібеков.
Төртінші ғасырда Арал теңізінің батысындағы Хорезмнің қасында “Қой қырылған” және Жамбыл өңіріндегі археологиялық қазбалардан тасқа қашалған екі ішекті аспаптың суреті табылған екен. Ғалымдар соған қарап “домбыра тас дәуірлерінде пайда болуы мүмкін” деп болжайды. Ол ата-бабамыздың оқыса – кітабы, қуанса – досы, сырласы болған. Онда адамның дертіне дауа болар сыршыл үн бар деседі. Әл-Фарабидің еңбектерінде “қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды” деп жазылған. Домбыра не себептен екі ішекті, он екі пернелі, шанағы неге жеті бөлек, құлағы екеу деп ойланып көрдік пе?
Оған екі ішек тегіннен-тегін тартылмаған. Үстіңгі ішегі – аспанмен, астыңғы ішек Жер-анамен тілдеседі. Оның қасиеттері әлі толық ашылған жоқ, оны зерттеу – мамандардың міндеті. Ол бар жерде қазақ халқының тiлi, өнерi, тарихы бiрге жүредi. Табиғатта кездесетін үн мен дыбыс атаулының барлығын домбыраның екі шегінен, шанағынан табуға болады. Мұндай ерекшелік одан басқа ешбір аспапта кездеспейді. Ол бас, мойын, шанақ секілді үш құрылымнан тұрады. Шанақ бабалардың үнi мен сөзiнiң қоймасындай. Екі ішек аспан мен жердің, ақ пен қараның, күн мен түннің, жақсылық пен жамандықтың, жалған дүние мен бақи дүниенің бір белгісіндей. Домбыраның ішегі адамның көкірек қылын шертсе, мойнына белгіленген перне көкірек пернеңді басады.
Әзірлеген:Г.Асқарқызы.