ТЕҢІЗ ТҮБІНДЕГІ ШАҺАР
Қайсыбір кезеңде ақ жал толқыны жағалауды ұрып жататын, ауқымы көз жетпес көкжиекке ұласатын Арал теңізі қаншама ғасырдан бері адамзат баласымен бірге өмір сүріп келеді. Әрине, соңғы 50-60 жылдағы ахуалы жұмыр жердегі жұрттың жанын жегідей жейтін жағдай саналды. Десе де, бүгінде арамызда қайсыбір кезеңде теңіздің аққу ұшып, қаз қонған базарлы шағын көргендер де аз емес. Тарихтың қалың қатпарлы беттеріне үңілсең, тұтас бір дәуірлерге созылатын деректерге кезігіп, сол жайында зерделі зерттеулерге зер салуды дұрыс көретінің ақиқат.
Бір қызығы, әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып жүрген сауалдар да алдыңнан шығып, оған нақты тұжырым таба алмастан күмілжіп қалатын кезіміз аз емес. Сол бір дәуірлерде тасқа басылған шежіре біздің қолымызда жоқ. Алыс-жақындағы елдердің жұмыр жерді тануға шыққан жиһанкез жандары жазып қалдырған бірді-екілі еңбектері сол сауалдың ұштығын ұстатқандай болатыны рас. Дегенмен, олардың барлығы белгілі бір кезеңнен ғана сыр шертуден әріге аса қоймайды. Әйтсе де өткен шақтан аз-маз болса да мағлұмат алып, теңіздің тіршілігі жайында білеміз.
Ерте кезеңдегі деректерде Арал теңізінің ауқымы бұдан кең болғаны айтылады. Тіпті бұл уақытта аталмыш су айдыны Каспиймен қосылып, екі теңіздің ортасы бөлінбей жатқан көрінеді. Иә, бүгінгі күні ол заманды көзі көрген тірі пенде қалған жоқ. Бірақ, әрбір еңбектен тірнектеп жинаған мәліметтерде солай деп көрсетіледі. Ұзақ жылдар бойы теңіз жайында зерттеу жүргізіп, сан алуан кітаптарды парақтап, көптеген құнды деректі жария еткен инженер-гидротехник, «Аралға араша» қоғамының мүшесі Хамза Суханбер¬дин ағамыз бұл тұрғыда біраз еңбектер қалдырды.
Түрлі болжамдарға сүйенген ол кісі бағ¬зы замандарда Аралдың Каспиймен қосылып жатқаны жайындағы ақпараттарға кезіккен. Нақтырақ айтқанда, кайнозой дәуірінің орта шенінде қоршаған ортаның заңдылығымен дәл осындай көрініс болған екен. Бұл шамамен 21 млн. жылдай бұрын деуге негіз бар. Бір қызығы, дәл осы байланыс беріге дейін жалғасқан. Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын да сол жағдай жағасындағы елдің көз алдындағы көрініс болғанға ұқсайды. Жалпы алғанда, Каспий теңізі әлемдегі ең тұйық көл саналғанымен, іргесі бөлінбеген қос су айдыны бүгінгі заманнан 12-13 мың жылдай бұ¬рын Қара теңіз бен Жерорта теңізі арқылы әлемдік мұхитпен шектескен өте ірі су ай-дыны болған деседі.
Оған дәлел болатын дүниелер де жоқ емес. Теңіздің теріскей бетіндегі Сарышығанақ, Ақеспе маңайында 70-80 метр тереңдіктен қызыл балық, ірі денелі ұлу, киттің омыртқа сүйектері табылған. Қазір тасқа айнала бастаған бұл заттар Аралдың кезінде мұхитпен қосылып жатқанын аңғартатын секілді. Қайсыбір кезеңде осы жерлерден акуланың тісі мен сүйегінің табылуы біздің көкейдегі сауалға жауап тапқандай болады. ХІХ ғасырдың орта тұсында Арал-Каспий ойпатының пайда болуынан да көптеген нақты деректерге қол жеткізе аламыз. Геологиялық ерте кезеңде Арал бассейні Жерорта теңізімен іргесі бөлінбеген су айдыны екенін аңғартып отыр. Ал одан кейінгі кезеңдердегі альпілік дәуірлерде жер қыртысы көтерілген. Осының нәтижесінде олардың ұсақ су айдындарына бөлінгені түрлі еңбектерде айтылады. Сондықтан да болар, Арал теңізінің көлемі мен ол жайындағы түрлі таным-түсініктер көне деректерде көбірек кездеседі.
Аталмыш теңізді зерттеу ісі бүгінгі күннен басталған жоқ.
Бұл тақырып талай ғалымның, жиһанкездің қызығушылығын туғызған. Сол жасалған зерттеулерді тара¬зылай отырып, Арал теңізі бассейні мен оның жағалауының даму кезеңдерін бағамдауға мүмкіндік бар. Сондықтан бұл су айдынының өзгеру сипатын анықтау онша қиынға соқпайды. ІХ-Х ғасырларда араб ғалымдары көптеген тың деректерді жазып қалдырған. Бұл еңбектер аса құнды саналады. Себебі оларда Аралдың көлемі мен жағалауының пішіні туралы көптеген деректер бар. Атап айтқанда, Ибн Хордадбек, Ибн Руста, Әл-Масуди, Әл-Истахри секілді ғалымдар бір кезеңдерде осы өлкеде ат шалдырып, теңіз жайында біздерге құнды мәліметтерді жазған екен. Олардың еңбектерінде Әмудария Жейхун, Арал Күрдер (Кердері) деп айтылады. Араб географы Әл-Истахри теңіздің Хорезм аталғанын келтіре отырып, Сырдария өзені туралы да бірқатар деректерді келтіреді.
Біз өзіміз өмір сүріп отырған жаңа мыңжылдық басында қазақстандық ғалымдар теңіздің кепкен табанынан көне шаһардың орнын тапты. Бұл барша жұрттың қызығушылығын оятты деп айта аламыз. Өйткені, осы күндерге дейін ғалымдар теңіздің тартылуы жөнінде түрлі болжамдарды тілге тиек етіп келген еді. Олардың бірқатары Аралдың белгілі уақыт шамасында табаны кеуіп, қайтадан толып жататынын жеткізген. Теңіз табанынан көне шаһардың орны табылған сәтте сол болжамның рас әңгіме екеніне көпшіліктің көзі жеткендей болды. Бұл да су айдынының құпиясын ішке бүккен тағы бір сыры деп ұқсақ артық емес.
Қайсыбір жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу институтының ауа райын бақылау орталығы қызметкерлері теңізді ұшақпен суретке түсіру кезінде адам таңғаларлық жайларға тап болған. Тартылған теңіз табанында кем дегенде 500 шаршы метр алаңда бір бағытқа тартылған көптеген ірі сызбаларды байқаған. Олардың кейбірінің ені 2 метрден 50 метрге дейін жеткен. Бір ерекшелігі – сызбалар бір-бірінен аумайды. Алайда мамандар қанша зерттеу жүргізгенімен, бұл түйінді тақырыпты тарқата алған жоқ. Олар неден пайда болды? Әрине, оған әлі күнге дейін нақты тұжырым болмай тұр. Бұл жағдай теңізді зерттеуге байланысты тағы бір жұмыстарды қолға алудың қажеттігін көрсетіп отыр.
Қысқасы, біз үшін Аралдың кілті табылмаған жұмбағы көп секілді. Оның жауабын таба аламыз ба? Табиғаттың тылсым күшін зерттеуге таяу жылдарда шамамыз келер ме екен?..
Ә.ТАЛАПТАН.