Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТҮЗ ТАҒЫСЫНЫҢ ТІЛСІЗ СЕЗІМІ

ТҮЗ ТАҒЫСЫНЫҢ ТІЛСІЗ СЕЗІМІ

   Біздің Жетікөл ауылының табиғаты ертеректе ерекше еді. Әлде, судың көптігінен бе, жері өте шұрайлы болды. Қалың тоғайдың арасында жайылатын төрт түлігі қыстан қоңды шығатын. Өйткені, ауыл малдары қыстан арымай, қиналмай көктемге ілініп кететін. Түз тағысы қасқыр да ауыл шетін мекен ететін. Бірақ, малға олар көп тие қоймайтын. Әсіресе, ауыл шетіндегі Терісөзек пен Маңабай көлі жағасындағы қалыңда мал жайын бағып, бірен-саран адамдар қыстайтын. Маңабай көлі жиегіндегі ну қалың ішіндегі ұйысқан қасқырлар апаны ортасында Шопан көкеміз қойын өргізіп, төрт түлігін түлететін. Ол кісі біздің бала кезімізде қасқырдың көршіге қас қылмайтынын айтып отыратын. Ауыл сыртында ол кісінің бізбен қатар егін салғаны есімде. Жасы 85-86-ға келіп қалған. Сол кездің өзінде өте сергек, бақуатты, әңгімешіл кісі болатын. Үнемі ағарғаннан аузын үзген емес. Шопан көке өзінің ұзақ өмір сүруінің себебін, осы ағарғанмен байланыстырып айтып қоятын.
Далада, таза ауада егін басындағы қос ішінде отырып көпшілікпен ішкен шайға адам тоймайды. Сәл жұмыстан қол босаған сәтте Шопан көкеден қасқырлар жайлы сұрап қаламыз. Ол кісі шаршаса да, біздің балалық көңілімізді қимай, бетімізге қарап «сендерге қасқырдың сезімі жайлы сыр шертіп берейін» деді. Махаббат жайлы айтқасын қисайып жатқан үш-төрт бала орнымыздан атып тұрып, ден қоя тыңдауға кірістік. Тамағын жылы шаймен жібітіп алған Шопан көке әңгімесін ағыта берді.
...Ертеректе болған оқиға. Кіші жүздің Жаппас руының ішіндегі Көшей аталығынан тарайтын ағайындар мал жайымен ерте көктемде қырға шығып кетеді. Сол жылы қырдың көгі керемет болып, шұрайлы шөбін қимай, қара күзге дейін отырып қалады. Сырдың суытып кеткенін естіген ағайын Қостанайдың қалың орманын паналауға қарай ойысады. Солтүстіктің суығы қысып бергенде, малдары қыс қаһарына шыдамай қырылып қалады. Осылай мыңғырған малдарынан айрылған Көшей ағайындар тұрмыс таршылығын тартып, сол барған жерінде қолда қалған малдарын тал-ғажау етіп, кедейшілік күн кешіп бірнеше жыл отырып қалады. Азын-аулақ малдарына мекен болған орман іші, олардың жайлы қонысына айнала бастайды. Тұрмысын түзеу жолында тырбана мал жайын қамдап, Сырға жетулерін ойлап күн кешіп жатады. Қолдарындағы малдарын көзден таса етпей, қалың ішіндегі табиғаты тамаша көл шетін мекен етеді. Қыс айында сол көл бетіндегі ойған суаттан малдары су ішеді. Осылай он шақты үйдің бейғам өмірлері тынымсыз тірлікпен өтіп жатады. Жыл өткен сайын солтүстіктің қысы мен жазына үйреніп қалған олардың шаруалары жөнге келіп, шамалап кеуделері де көтеріле бастайды. Бір күндері қыс айында өздері мекен етіп отырған көл жағасындағы ойықтан су ішіп кетіп бара жатқан үш қасқырды ауыл адамдарының көздері шалып қалады. Содан ауыл ақсақалы Медетке келіп жағдайды баян етеді. Сонда ол кісі: «Қасқырға қас қылмаңдар. Малды енді бақпасаңдар да болады. Тек олардың апанын байқап қоя салыңдар. Оларды ізімен аңдып барушы болмаңдар. Сырттай бақылаңдар. Ізіне түсіп апан жанына барсаңдар, өшіктіріп аласыңдар. Осы мен айтқан сөзді ұмытпаңдар» деп сақа жігіттерге ескертеді. Сонда бір жігіт тұрып: «Көке-ау, малды бақпасақ сол қасқырлар қырып кетпей ме?» депті. Медет ақсақал «Ол жағына сен алаңдама. Есіңде болсын, әр абадандары өздерінің әуегімен жүретін жерлерін белгілеп алады. Көкжалдар өз аумақтарындағы жан-жануарға тимейді, аштан қатып қалса да шаппайды. Бір апанда бірнеше ұяластарының үйшіктері болады. Сол маңды өздері қорып жүреді. Сондықтан біздің малға енді ит-құс тимейді. Олар біздің малдарды иісінен ажыратып, қорып жүреді. Осыны ұмытпа. Сондықтан ата бабаларымыз «Қасқырда қоңсысына қас қылмаған» деп бекер айтпаған. Сөйтіп, келген жігіттерге дала бөрілерінің қасиеттері мен бекзаттығын айтып түсіндіреді.
Күндердің күнінде ақпанның ақ дауылымен, түтеген боранына қарамай, қалың қарды қақ жарып, ортекедей ойнақтатып бапталған аттармен ауылға сайдың тасындай, мұнтаздай қаруланған үш жігіт келеді. Сөздеріне қараса, жолға шыққандарына 3-4 күннің шамасы болып қалған. Жігіттердің айтуынша, олардың бір үйір жылқыларын қасқыр шауып кетіпті. Айғырдан айырылған үйір бытырап кеткен. Содан қасқырдың соңына түскен олар ізді осы ауылдан шығарыпты. Айтыстарына қарағанда үш қасқыр көрінеді. Ауыл ақсақалы Медет қария «тіс жармаңдар» дегендей ауыл адамдарының жүздеріне сұстана бір қарап өтті. Өйткені, ол үш қасқырдан ауыл адамдары зиян шегіп отырған жоқ. Сондықтан болар, оны айтпауды жөн көргендері.
Ертеңіне әлгі үш жігіт із кесіп көл жағасындағы суатты аңдиды. Үйірінен жеп кеткен айғырдың еті оларды осы жерге алып келеріне сенді. Өйткені, жігіттер арланның талайын алдарынан құр жібермеген тіс қаққан аңшы азаматтар еді. Айтқандай-ақ, үш қасқыр су ішуге ойыққа келеді. Сол кезде жігіттер үш жақтап қасқырларды ортаға алады. Әккі екеуі сытылып шығып кетеді. Жігіттер жіті қимылдап, жас қасқырды ұрып алып қалады. Қараса, көк бөрісі екен. Бір жастан асқан қайраттысын осылай атайды. Екі жасқа толғанда нағыз көксерек болатындай. Анау екеуі ұзап кеткесін оларды қумайды. Ақпан айында «Бөрі сырғақтың» басталған кезі. Бұл кезде ауа райы жиі бұзылып, долдана боран соғып, біресе жаңбырлатып, біресе жылы қар жауып адамның берекетін алатын кез. Осы кезде қасқырлар жиі ұйығып, ештеңені тыңдамайтын шағы. Аңшылар ертесіне көреміз деп кері қайтады. Ауылға келген қонақтар әңгіме дүкен құрып, қасқырды қалай аулау керектігін түннің бір уағына дейін даурыға сөз етіседі. Содан қонақ ішіндегі естияр бір жігіт «Ақсақал, мына қасқырдың терісін сізге тарту еткеніміз» деп Медет ақсақалдың алдына жас теріні тастайды. Сонда Медет ақсақал: «Рахмет, айналайындар, пейілдеріңе! Мен мұны ала алмаймын, ренжімеңдер! Сендер дұрыс іс етпедіңдер. Бізге зияны жоқ қасқырды өшіктіріп алдыңдар. Енді азанда жаяу қайтатын болдыңдар. Мына алған көксеректі қай жерлеріңе жамау етесіңдер. Сол өлтірген жерлеріңде тастап кетулерің керек еді. «Бөлтірігін алма шуланың шұрқан салар қораңа» деген. Сендер «аналық қасқырдың кекшіл келетінін білмейтін бе едіңдер» деп аңшы жігіттерге ренжи қарайды. Жігіттер де өздерін ыңғайсыз сезініп, аттары тұрған қораны барып көрсе, үш аттың жайрап жатқанын көреді. Ақсақал алдында айыпты болған олар Медет қариядан тізерлей отырып кешірім сұрап, қасқырды алмай қайтпайтындықтарын айтады.
Ертесіне аңшы жігіттер атқа қонып екі көкжалды іздеуге шығады. Әбден ауыл аймағын шарлап шаршаған олар қырғауыл қонақтар шағында екі қасқырға кез болып орталарына алады. Көптен мініс көрмей ойнап тұрған аттар қос қасқырды өкшелей жөнеледі. Көлге қарай бетін түзей қашқан екі қасқырдың біріне жетіп қалған жігіт қолындағы қысқа шоқпарды сілтей лақтырады. Жөн арқасына қадала түскен шоқпардан қасқыр домалай аунап, орнынан «арс» етіп тұрып қисалаңдай қаша береді. Сол кезде барып жігіт дыбыс шығарғанынан оның құртқа, яғни, ұрғашы қасқыр екенін байқайды. Жігіт шоқпарын жерден көтеріп алам дегенше, соққы алған шулан көл бетінен ғайып болады. Аң-таң қалды. Екі жігіт бір абаданның соңынан кеткен. Айналада тым-тырыс. Көз байлануға сәл уақыт қалды. Ертең көрермін деп жігіт желе жортып ауылға бет алды. Ауылға екі жігіт те онымен қабаттаса келіп, ертең көрмек болады.
Түнімен ауыл қорасын күзетіп шыққан олар ертелете аттарына қонып, кешегі көл жаққа із кесуге келеді. Келсе көл бетінде абадан қасқыр тұр. Түнімен соққан бораннан қатып қалған. Өз көздеріне өздері сенер емес. Аттарынан түсіп жаяулап, шоқпар мен дырау қамшыларын оңтайлай, сақтықпен қасқырдың жанына келсе, шынымен тас боп қатып қалған. Мұндай жағдайды олар бұрын-соңды көрмеген. Болған жайды кешкісін ауыл ақсақалы Медет қарияға айтып береді. Сонда қария тұрып: «Оның себебін сол жерден табасыңдар. Қасқырдың тұрған жерін ашып, мұзды ойып қараңдар» дейді. Жігіттер ауыл азаматтарымен бірігіп келіп, қасқыр қатып қалған жердің мұзын ойып қараса, шынымен мұз астында кешегі жараланған шуланның денесі жатқанын көреді. Ауыл адамдары мына жағдайға таңғалып, таңданыс білдіреді. Арланның жаудан құтылып кетіп, шилі қалыңның ішінде жатпай, құртқаның суға кеткен жерінде төрт аяқтап тұрып өлуі көпшілікке ой салғандай еді. Бұл шынымен қасқырлар арасындағы сезімнің құпиясы ма екен? Осыны ойлаған жұрт не айтарын білмей, бір-бірлеріне қарасты.
Олар бөріге аң деп қарамай, жұптарын жазбай, Медет қарияның айтуы бойынша бір жерге көмді. Сөйтті де, ол жерге өздерінше «Абадан мен шулан төбе» деп ат қойды. Міне, балалар, «Түз тағысының өзінде осындай сезім болады деп кім ойлаған» деп Шопан көке сөзін аяқтады. Шынымен түз тағысының өзі тілсіз әрі үнсіз махаббат үстемдігін мойындатқаны болар.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.
21 желтоқсан 2017 ж. 2 211 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам