ҚҰПИЯСЫ КӨП ҚҰМАЙ
Құмай тазы туралы аңызды естіп өстік. Оны ауылда кіндік қаны тамған қазақтың әрбір қара баласы білетін шығар. Саятшылық өнерді серік еткен жұрт иттің осы түрін қорасында ұстаушы еді. Аңға шыққанда қасына ертіп жүретін. Тазысы бар адам даладан олжалы оралатын. Кірпік қағып үлгергенше аңның қасына жетіп барады. Көз ілеспес жылдамдығына талай адам тәнті болады. Аңшылар өз итінің жақсы қасиетін бағалап отыратын-ды.
Ескінің адамдары құмай тазы құстан туған деуші еді. Оған елеңдеп қаламыз. Былай алып қарағанда, биологиялық тұрғыда құстан екінші бір жаратылыстың өмірге келуі мүмкін емес. Алайда, он сегіз мың ғаламның жұмбағы таусылған ба?! Жаратушы иеміздің құдіреті күштілігіне шек келтіре алмаймыз. Бәлкім, біз үшін талай құпия бар шығар... Бұл тақырып кім-кімді де қызықтырары хақ. Сонда құмай тазы қандай құстың баласы екен?..
Тазының бірнеше түрі бар. Ерекшесі – осы құмайы. Бұл тұрғыда талай адаммен сөйлестік. Әркімнің жорамалы түрліше. Біреуі қарақұстан десе, екіншісі италақаз дейді. Жалпы, құмай деген тіркестің мағынасы қандай? Оның да мағынасын ашуға мүмкіндік болмады. Оған да айтылатын жорамал бір арнаға тоғыспайды. «Құмай» сөзі қазақ тілінде көп қолданылмайды. «Тазының жүйріктігіне, алғырлығына, жылдамдығына байланысты айтылатын шығар» дейді көпшілік.
Аталмыш сауалды ғалымдарға да қойдық. Олар да нақты дәлелді тауып бере алған жоқ. Көп жылдан бері аң-құстар әлемін жіті зерттеп жүрген қызылордалық биолог ағамыз Оразбай Қосанов бір ойдың ұштығын шығарды. «Мен түрлі кітаптарды ақтардым. Құмай деген құс бар екен. Ол жайында түрлі ғылыми еңбектерде айтыла бермейді. Таяуда ғылыми еңбектерден біршама дерекке кезіктім. Ол туралы мүлдем айтылмайтындықтан, қарапайым адамдар біле бермеуі мүмкін» деді ол кісі.
Осылай жүргенде қолымызға «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» төртінші томы түсті. Аталмыш еңбектің 467-бетінде құмайға байланысты «Құмай – тазының ең жүйрік, алғыр түрі» деген анықтама берілген. Кітапта өзге дерек жоқ. Ал, құмай құс туралы ештеңе де айтылмайды. «Құмай» сөзі тек тазыға байланысты ғана берілген екен. Осыған қарай отырып, біздің құмай құс туралы білетініміз аз екенін бағамдау қиын емес.
Жаһандық желіні шарлай отырып, аталған тақырыпқа байланысты біраз дерекке жолықтық. Құмай елдің көзіне түсе бермейтін қанаттының бірі екен. Негізінен таулы жерлерді мекен етеді. Оның өзінде де адам аяғы жете бермейтін биік мекенді қоныс етеді. Осының нәтижесінде оны қарапайым қазақ баласы біле бермеуі мүмкін. Құмай құсты Тибет, Гималай, Памир, Тянь-Шань тауларында көргенін шетелдік ғалымдар өз еңбектерінде сөз етіпті. Ол Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы биік тау жоталарында кездеседі делінген тағы бір мәліметте. Таудағы орманды алқаптан жоғары аймақта тіршілік етеді деседі.
Қолдағы тағы бір мәліметке сүйенсек, олардың саны бұрынғы кезеңде біршама көп болған екен. Қазіргі күні мүлдем азайып қалған. Құмай құстар не себепті кеміп кеткен? Олар жайында өзіміз енді-енді біліп жатырмыз. Сол себепті бұл тұрғыда нақты жауап табу оңайға соқпайды.
Осыдан 20 жылдай бұрын, дәлірек айтқанда, 1989 жылы құмайдың белгілі бір шоғыры Іле Алатауының заңғар шыңдарынан байқалған. Теңіз деңгейінен 3 мың метр жоғары орын тепкен, биіктігі 500 метр жартастың қуысында құмай құс көзге ұшырасқан. Тағы бір құмайдың тобы Шарын өзенінің орта сағасындағы Жалаңаш аңғарында байқалған. Оның өзі теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте жатыр. Сондай-ақ, Шелек өзенінің жоғары сағасынан да адамдар байқаған екен. Ол маңда бес ұя бар екені көзге түскен. Одан бері құмай құстар құрып кетпеді ме екен? Қаншама жыл өтті. Одан бері талай нәрсе өзгерді емес пе?! Жоқ, құмай құс әлі бар екен. 2003 жылы олардың тағы бір шоғыры байқалған. Одан беріде де көзге ұшырасқан. Құмай құстың балапаны да көп болмайтын көрінеді. Бір-екі балапаннан артық баспайды екен.
Құмай құс пен құмай тазының арасында байланыс бар ма? Кезінде аңшылар тазының ерекше бір түріне соның атауын берген шығар. Саятшылық жасаған ата-бабалар аталмыш құстың ұясынан тазының күшігін алды ма екен? Бұл жайында әзірге бізге белгісіз болып отыр. Аңыз түрінде айтылатын әңгімелерде құмай құстың ескерусіз қалатыны неліктен? Бұл тұрғыда О.Қосанов ағамыз: «Аталмыш құс Қазақстанның барлық аймағында кездесе бермейді. Ерте замандарда оның ұлан-байтақ жеріміздің таулы өлкелерінің биік жерлерінде мекен етуі ғажап емес. Бертін келе олардың Алатау аймағынан басқа жерлерде мүлдем құрып кетуі әбден мүмкін ғой. «Құмай» деген атаудың елдің жадында жатталып қалуы сол себепті де болуы мүмкін» деген пікірді көлденең тартады. Бұл уәж де құлақ асуға тұрарлық.
Біздің халықтың талай құпиясы ашылмай жатыр. Оны өзіміз де мойындаймыз. Әсіресе, елдің аузында айтылатын әпсана мен аңыздар тұрғысында толыққанды зерделі зерттеу жасай алмай келеміз. Солардың бірі – құмай тазы жайындағы аңыз. Оның шындығын ешкім де білмейді қазір. Тіпті оның қандай құстан туылатыны жөніндегі жорамал да бір арнаға тоғыспай тұр. Қазіргі ұрпаққа ол аңыздар жөнінде майын тамыза әңгімелеп беретін шежіре қарттардың қатары да кеміп барады. Бүгінгі буын өзіміздің аңыз бен әпсанадан гөрі, шетелдің қиял-ғажайып оқиғасын жақсы біледі емес пе?!
Әділжан ҮМБЕТ.