ҚИЯДАҒЫНЫ ҚЫРАН ҒАНА КӨРЕДІ
Аспан әлеміне көз сала отырып, көкте қалықтаған құстарды көргенде көңіліміз көтеріліп, табиғат әлемінің тылсым сырларына үңілеміз. Қазақ даласы да қанаттылардан кенде емес. Ұлан-ғайыр даламыздан олардың сан алуан түрін көресің. Олардың арасында жүрегімізге жылылық ұялататын қанаттылар баршылық. Тіпті, олардың кейбірі жайында қазақ халқында аңыз бен әпсаналар айтылады. Кейбірін қасиетті санаймыз. Әйтеуір, біздің ұлтымыз құстар әлемінің қыр-сырына қанық десек те болатын секілді. Рас, қазекем ертеден-ақ табиғат әлемін жете түсінуді қалады. Соның нәтижесінде құсты қолға үйретіп, олар арқылы саятшылық құруды қолға алды. Қазақтың құсбегілік өнері қаншама ғасырдан бері ұлтымызбен бірге біте қайнасып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келеді.
Халықаралық орнитология қауымдастығы 1 сәуірде жылма-жыл құстар күнін атап өтеді. 1906 жылы құстарды қорғау жөніндегі конвенцияға қол қойылып, көптеген елдер оған ерекше назар аудара бастады. Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Дүниежүзінің ғалымдары бұл бағытта ауқымды істерді қолға алып келеді. Естуімізше, Еуропа елдерінде осы мақсатта жұмыс жасайтын арнайы орындар бар екен. Әрине, оның оңды жағы аз емес. Алдымен құстар әлемін зерттеуге көңіл бөлінеді. Қанатты тіршілік иелерінің әрбірі – өзінше бір дүние. Сырына үңілсең, өзің біле бермейтін құпияға қанығасың. Сондай-ақ ғалымдар құстардың негізсіз жойылып кетпеуіне назар аударады. Әсіресе, адамдар тарапынан аяусыз қырып-жоюға жол бермеуге күш салады.
Бәріміз білетін «Қызыл кітап» осындай ізгі мақсаттан туындаған. Расын айту керек, қазір мүлдем жойылып кеткен аң мен құстар да баршылық. Осы тектес жағдай тағы да басқа тіршілік иелеріне туып отыр. Мәселен, қазір Жер шарында 10-12 мыңнан астам құстың түрі бар екен. Олар 18 отрядқа жатады. Әлемдегі бірқатар ғалымдар олардың саны кезінде біршама азайып кеткенін айтады. Қазақ елінің көгінде қазір құстың 500-ге жуық түрі қалықтап ұшып жүр екен. Олар 18 отрядқа жатады. Бұл – біздің мақтанышымыз. Дегенмен олардың оннан бірі еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Орнитология ғылымы дами түскен шақтан мұндай олқылықтың алдын алуға көңіл бөлінуде. Олар дүниежүзіндегі құстар әлемін қорғауда белсенді қимыл жүргізіп келеді. Біздің елімізде де бұл сала мамандары бар.
Біздің ұлтымыз үшін бүркіттің орны ерекше. Алайда, бүгінгі таңда солардың санының азайып қалғанына алаңдап отырған жайымыз бар. Әрине, қазіргі күні саятшылық жасап, киелі өнерді ұлықтап жүрген азаматтар баршылық. Өкініштісі, соған қарамастан осындай жыртқыш құстар қазақ даласының көгінде көзімізге көп ұшыраса бермейтіні алаңдатып отыр. Қазақ даласының қай қиырынан да кездесетін бүркіт кезінде еліміздің батыс өңірінде, Сыр бойында, Алатау және Алтай тауларының бөктерінде көзге ұшырасқан. Қазір ше? Кейде аспан астынан бірді-екілі бүркітті көре қалған жағдайда жанымыз жадырап сала береді. Алайда, олардың саны бұрынғыдай емес, бірнеше есеге кеміп кеткен секілді.
Бүркіттер саны неге азайып кетті? Оған енді-енді ғана жауап іздей бастадық. Кезінде бұл мәселеге ешкім назар сала қоймады. Жанына жақын саятшылық өнерді қазекем 90-жылдарға дейін де жоғалта қойған жоқ. Бір қызығы, ұлттық ұғымға қайшы келетін талай әрекет жасаған Кеңес Одағының шенді-шекпенділері оған тоқтау салмады. Сол кездің өзінде бүркітті қолға үйретіп, құс салуға құлықты болған жандар аз кездеспеді. Дегенмен, осы бір кезеңдерде бүркіттің санын сақтауға ешқандай мән бе-рілмеген. Оны заңсыз аулаушылар көбейіп кетті.
Айтпақшы, талай аңызға себепкер болып отырған қазақы тазы қандай құстан туады деген сауал төңірегінде қазір әркім сан түрлі пікір айтады. Оны біреу италақаздың жұмыртқасынан жарып шығады десе, ендігісі тағы басқа пікірін көлденең тартады. Жаһандық желіні шарлай отырып, аталған тақырыпқа байланысты біраз дерекке жолықтық. Құмай елдің көзіне түсе бермейтін қанаттының бірі екен. Негізінен таулы жерлерді мекен етеді.
Осыдан 20 жылдай бұрын, дәлірек айтқанда, 1989 жылы құмайдың белгілі бір шоғыры Іле Алатауының заңғар шыңдарынан байқалған. Теңіз деңгейінен 3 мың метр жоғары орын тепкен, биіктігі 500 метр жартастың қуысында құмай құс көзге ұшырасқан. Тағы бір құмайдың тобы Шарын өзенінің орта сағасындағы Жалаңаш аңғарында байқалған.
Одан басқа да саны азайып бара жатқан қанаттылар саны баршылық. Расын айту керек, осыдан 30-40 жылдай бұрын кең даламызда сан алуан құстар мекен еткен екен. Өкінішке қарай, солардың саны жылдан-жылға кеміп бара жатқанын орнитолог ғалымдар сөз етіп келеді.
Табиғат тылсымына терең бойлай білген адам ғажап күйге бөленеді. Оның ішінде құстар әлемі көптеген құпияға толы. Қазекем ерте кезден-ақ көкте қалықтаған тіршілік иелеріне назар аудара білді. Әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан құсбегілік өнер – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Қазақ халқы оларды қастер тұтты. Қысқасы, халқымызда құстар әлемінің қыр-сырына үңілу ерте кезден басталды деуге толық негіз бар. Қазіргі тілмен айтқанда, біздің халқымыз орнитология ғылымына бұрынғы кезден ден қойды деп айта аламыз. Әрине, бүгінгі күнгідей тасқа басылған дүние жоқ. Дегенмен, ауызша айтылатын талай дүниелер біз үшін баға жетпес құнды деректер екені белгілі.
Әділет ТАЛАПТАН.