Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАМАН ЖҮРГЕН ЖЕРІНДЕ ӨРТ САЛАДЫ

ЖАМАН ЖҮРГЕН ЖЕРІНДЕ ӨРТ САЛАДЫ

  Баяғының үлкендеріне сәлемдескенде риза болып, арқаңнан қағып «Өркенің өссін, қарағым, көп жаса!» дейтін. Қазір бәрі басқаша. Адамның пиғылы да, мінезі де, сөзі де өзгерген секілді. Бүгінгінің үлкендеріне сәлем десе қалсаң, алдымен  үстібасыңа сынай, міней, бір түрлі көзқараспен қарайды. Танысын, танымасын берген сәлеміңе «е» дей салатын болды.
Бірде осындай тосын жағдайдың куәсі болдық. Ауылда не көп, ас-құдайы көп. Жылдық астың үстіне кешігіп келген бір-екі жігіт төрде отырған үлкендерге қарап, қолдарын төстеріне қойып, «Ассаллаумағалейкүм, көкелер» деп дауыстай сәлемдесті. Оларға  қариялар мән беріп қараған да жоқ. Үлкен кісілер үндей қоймағасын, екі жігіт ыңғайсызданып тұрып қалды. Сол кезде алпыс жастың ортасына жетіп қалған бір кісі: «Оу, қариялар, мына азаматтар сіздерге сәлем беріп жатыр ғой, естімедіңіздер ме? Бұл  жігіттер сіздерден ишарат болмағасын тұрып қалды ғой» демесі бар ма? Сонда төрде отырған қарияның бірі: «Сәлем берсе, саламат болсын! Біз енді оған одан артық не дейміз?» деді. Жұрт үнсіз қалды. Ана кісі «Сіздер бұларға баяғының үлкендеріндей: «Бақытты бол, өркендерің өссін» десеңіздер де жетіп жатыр ғой» деді. «Ә, оны сен айтсаң да болады» деп өзіне ысырып салды да, әлгі ақсақал мекірене алдындағы тамағына қолын салды.
         «Бүгінгі үлкендерімізге не болған» дегендей, жастар бір-біріне қарады. Жастардан құрмет болғанмен, үлкендерден үрмет болмады. Ас үстінде көпті көрген қариялар осындайда қайта үлгілі сөз айтып, сәлемдескенге жылы қабақ танытқанда жастар да біршама масаттанып қалған болар еді-ау деген ой келді. Өйткені, мынадай алмағайып заманда ілтипат пен ізгілік адам жанына жетпей тұрғаны белгілі.
Керісінше көргенсіздік пен кәззаптық, зорлық пен зұлымдық белең алған тұста өрнекті сөз ой өрбітіп, бой сергітері анық. Бұл жөнінде Сырдың сүлейі Қуаныш өзінің нақыл термесінде «Жақсы сөз жан ерітер дегендей-ақ, Боласың қазы-қарта жегендей-ақ. Жамандар кеуде соғып менмін дейді, Жақсылар жүргенге ырза еленбей-ақ» деп айтса керек. Міне, жақсы сөздің құдіретін осыдан-ақ біле беріңіз. 
         Ал, жалғандық пен жамандық жайлы ойлаудың өзі жаман. Жақсы ойлағанға не жетсін? «Зұлымдық – жаман ойлардан бастау алады» деген екен шығыстың бір данышпаны. Дүниені дүр сілкіндіріп, бойды дір еткізетін небір жамандық атаулы оқиғаларды естігенде айналаға үрке, қорқа қарайтының шындық. «Анасы туған баласын пышақтап тастапты, анасы немесе әкесі шарананы қоқысқа лақтырып кетіпті, қызды зорлап, қорлап өлтіріпті» дегендерді естігенде ес жия алмай қаласың. Бұл не деген зұлымдық деп ойлайсың іштей. Шынымен, адамдар осыншалықты қатыгез бе? Бұл бүгінгі өмір шындығы. Кейбір психолог мамандардың пікірінше, қоғамда орын алатын келеңсіз көріністердің көбі, жұмыссыздықтан туындап отырған жағдай деп есептейді екен. Бәлки, бұл рас та шығар. Алайда, адамның адамды ешбір шімірікпестен бауыздай салуы, шарананы қоқысқа лақтыру зұлымдық пен қатыгездік демей басқаша қалай айтуға болады? Осындай жамандықты күн сайын естігенде аза бойың қаза болып, елді зұлмат жайлап бара жатқандай сезінесің.
         Адамға деген шынайы жанашырлық – оны қиындақтардан құтқару. Бұл шариғат жолдарында терең, әрі мағыналы баяндалған. Тіршілік иесі саналатын құмырсқаны кезінде аяғымен басып өтуге қимаған қазақтың бүгінгі ұрпағы жамандық атаулыға неге жақындап барады? Қатыгездік, зұлымдық көп адамды тура жолдан тайдырып, өмірден адастыруда. Сондықтан әрбір адам қолдан келгенше мейірімді, қайырымды, ақылды, парасатты, пайымды болса, оның бүгінгі қоғамға тигізер пайдасы зор. Пайғамбарымыз: «Залым да болса зұлымдыққа душар болған бауырыңа жәрдем ет. Залымға оны зұлымдығынан бас тарту үшін жәрдем етсең болады» дейді. Міне, залымға да мейірімділік, ізгілік көрсету керектігін айтқан. «Пенденің қателік ісін түзетуге насихатпен жәрдем етсең, ертең ол заң алдында, ар алдында жауап беруден аман қалады» деген екен Пайғамбарымыз.
         Алаш баласы қашанда тентекті тезге салып, бауыр еті баласын тектілікке тәрбиеледі. Осы орайда ел ішінде тіл ұшына орала кететін тәлімі терең талай тәмсіл бар. Имандылыққа ұйыған ұлтымыз «Жаман жүрген жеріне өрт салады, жақсы жүрген жеріне, кент салады» дейді. Ой саларлық оңды сөз осылайша санамызға тағылымды тәрбиені сіңіреді. Ойланайық, ағайын!  
                                                                                                      К. ЕРІМБЕТОВ
13 ақпан 2018 ж. 1 951 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам