ҚҰДАЙЫ КӨРШІҢІЗБЕН ҚАНДАЙСЫЗ?
Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Әсіресе, мұндай жайдары сыйластық ауылдағы ағайын өмірінде кездеседі. Осындайда ата-әжеміздің көршілерімен қалай араласқаны еріксіз көз алдымызға елестейді. Қарап отырсақ, қазір ол кездегі жылылық жоқ... Әттең дейміз іштен... Сол сәтте Мөңке бидің айтқан мына жорамалы рас келді ме деген ойда қаламыз. Дала данагөйінің «Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді» деген сөзі бар еді.
Мұндағы біз қозғағалы отырған мәселе – көрші ақысы. Ақіретте Алла алдына барғанда ең бірінші кезекте осы нәрсе деп сұралады екен. Ата-бабамыз «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көрші артық» дейді. Иә, ақиқатында Құдай қосқан қоңсы күнделікті жүзбе-жүз дидарласып, туысқаннан артық амандық-саулық сұрасып, шүйіркелесе шәй ішеді. Жәй ғана мысал, марқұм әжем үй іргесіндегі отбасылар шәй сұраса, май қосып беретін. Тіпті, «Көршімсіз шәй батпайды» деп сары самаурынға сексеуіл шоғын салып, қайта қайнатып, дастарқанын жайып, оларды шақырып отыратын. Керемет еді ғой ол кез...
Ал, қазіргі сыйластық қалай? Сыйластығы былай тұрсын, адамдардың көршімен күнделікті қарым-қатынасы қандай? Керек десеңіз, бір-бірін танымайтындары да бар. Жағдай сұрасудан бұрын әуелі өз жағдайын дұрыстап алады. Соған баса назар аударады. Бәсекелестік өршіп тұрғанын аңғару қиын емес. Қоңсының қорасының тым биіктігіне, дарбазасына қызғанышпен қарайтындары тағы бар. Оған қоса айналасын биік етіп қоршаған қоршаулар тұрғанда арғы беттегі адамды қалай танисыз, қалай араласасыз деген сұрақ туады емес пе... Тіпті, көршінің үйіне кіру былай тұрсын, жеті күлше таратудың өзі бір мұң. Жасыратыны жоқ, қалада мұндай жайт жиі кездеседі. Әркім өзімен-өзі...
Көршіге кеңпейілмен қарау тек ауылда ғана сақталған ба дерсіз... Өзім Шиелі ауданында жиі қонақта боламын. Сонда байқағаным, ауданның байырғы тұрғыны Сәлім апамыздың көршісіне деген ілтипаты мені таңғалдырады. Үнемі Ырысалды апаны іздеп, жағдайын сұрап отырады. Ол кісі келе қалса, екеуара шүйіркелесіп, шәй ішіп, мәй-мәйрам болып қалады.
– Ауылдағы адамды бұрыннан танимын ғой. Бірақ, көршілес, көшелес жандармен жақсы араласуға тырысамын. Осыны келіндеріме де өнеге ретінде айтып отырамын. Өйткені, қазір біз бір-бірімізге жат болып барамыз. Алаңсыз араласудан қалдық. Бәрінің айтатыны – уақыт жоқ, жұмыс көп. Күндіз жұмыста, кешкілік телехикая көруден қол босамайды деп жатады. Сонда сериалдарға сағатты жұмсап, қоралас қоңсымызға секундымызды қимасақ, кім болғанымыз? Бүгінгінің адамында ниет жоқ. Ал, ниет жоғалса, жылылық, сыйластық қайдан болсын, – деді ақжаулықты Сәлім апа. Айтқан әңгімесі кәдімгідей ой салды.
Осындайда ойды ой қозғайды. Ғибратты мына бір әңгіме есімізге түседі.
Ертеде Ұлықпан хакімнің бір шаһарда екі үйі болыпты. Бірі хан сарайындай үлкен болса, екіншісі, құрқылтайдың ұясындай шағын, жұпыны екен. Содан бір күні Ұлықпан үйін сатып, өзге қалаға көшпек болады. Кең сарайлы үйін арзанға, шағын лашығын қымбатқа бағалайды. Сонда сатып алушылар мұның мәнісін сұрайды. Хакім «Мына үйім лашық болғанмен, көршім – жақсы адам. Ондай көршіні Алла нәсіп етпесе, май шаммен іздеп таппайсың. Сондықтан да үйдің құнын емес, абзал көршімнің бәсін қымбатқа бағаладым. Екінші үйім – сән-салтанаты келіскен. Бірақ, көршім – нашарлау кісі. Онымен қоңсы болған кісінің қуанышы аз болады. Ол үйді арзанға бағалағаным сол еді» деген екен.
Иә, «Үй алма, көрші ал» деген аталы сөз осыдан қалса керек. Дүние қызықтарына алданып жүріп, қоңсы ақысын көзден таса етпеуге тырысыңыз. Ал, сіз құдайы көршіңізбен қандайсыз?... Шіркін, Сәлім ападай көршінің қадірін білгендер қатары азаймаса екен деген ойда қалдық.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.