Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЫЛАН ҚАЙЫС

ЖЫЛАН ҚАЙЫС

 Әнеубір күні жол түсіп, түтіні будақтаған пойызбен асқаралы Алатауды бетке алғаным бар. Жанымдағы сапарлас көршім үлкен қарт кісі екен. Жан-жағына маңғаздана қарап отырған ақсақалдың көпті көргені байқалып-ақ тұр. Қария кеудесіне түскен қаба сақалын салалы саусақтарымен сипап, тарамдап қояды. Жасы біразға таяп қалса да, әрбір қимылын көзбен бағып отырған мен үшін ол әлі де тың секілді көрінді. Қимылы да ширақ. Ол кісіні бақилық болған өз атама ұқсаттым ба әйтеуір, жатырқамай, бірден әңгімелесе кеттім. Әдеттегідей, жөн сұрастық.  
Әрбір сөйлеген сөзі құдды бір жазылып қойған дастандай құйылып тұр. Жүйткіген пойыздың жүргеніне көп уақыт өтпесе де дала данышпанындай болған ақсақал біраз әңгіменің түйінін тарқатып тастады. Бір кезде жанымызға екінші мүшел жастың о жақ бұ жағындағы жігіт келіп отырды. Айтуынша, әскерден оралып, отбасымен қауышуға барады екен. Әлгі жерде қазыналы қарт жас сарбазға «Жауынгер бол, бірақ жендет болма!» деп бата берді. Сосын бір нүктеге өткір көзімен ұзақ тесілді де, екеумізге кеудесімен бұрыла: «Халқымызда «Жылан қайыс» деген дүние бар. Оның не екенін білесіңдер ме?» деді. Оның заты түгілі атын өмірімде алғаш рет естіген мен жан-жағыма жалтақ-жалтақ қарап, білместігім үшін қысылып, қызарақтап қалдым. Менің осы түрімді байқады ма, қарияның әжім басқан жүзіне лезде күлкі үйіріліп: «Мен де қатырам-ау. Оны сендер былай тұрсын, әке-шешелерің де білмес, мүмкін. Босқа отырғанша, жол қысқартайық. Бір жағынан, өздеріңе де болашақта керек болып қалар» деп жылан қайыстың тарихын баяндай бастады.       
       – Байырғы қазақ қоғамында ұстаның орны ерекше еді. Олар бақсылар сияқты тылсымның тілін білетін, жоғарымен ұғысатын қасиетті жаратылыс ретінде бағаланған. Ескі наным-сенімде олар жылан Бапы ханнан бата алған деседі. Ол – жер асты әлемінің билеушісі. Негізінде, кәнігі ұсталар қылыш соғардан бұрын алдымен тәнін де, жанын да күнәлі ойлар мен істерден тазалап, ұзақ құлшылық еткеннен соң ғана қару жасауға кіріскен. Оған жендеттің қанкесер құралы емес, жауынгердің нақ серігі болуды, қанға қануды мақсат етіп емес, әділеттің қорғаушысы атанған баһадүрдің досы болуды сіңіру ұстаның ізгі мұратына айналған. Ал, жылан қайыс – осыған байланысты халқымыздың салт-дәстүрінде сақталған ескі ырым. Ол үрдіс жасалған кезде «Еліңді қорға, жеріңді қорға. Жауынгер бол. Бірақ, жендет болма» деп серт-бата берілген, – деді ақсақал.      Мен де одан әрі қызықтай түсіп: «Сонда ол ырымның жөн-жоралғысы қалай?» деп бастырмалай сұрадым.         Қария сөзімді іле-шала жалғай түсті.    
– Ерте кезде төрт жасқа толған баланы осындай ғұрыптан өткізген. Өйткені, бұл жаста бала қоян мүшелге өтеді. Дәстүр бойынша оның әкесі мен ауылдағы темірші ұста бір күнді алдын ала белгілейді. Әдетте, бұл – күздің желді күні болуы шарт. Айтылған күні әке-шешесі баласын ертіп ұстаның үйіне барады. Қонақтарын төрге орналастырып отырғызған соң, ұста дүрілдетіп көрік басады, темір соғып ырым жасайды. Содан кейін үйдің іргесіне болса шын, болмаса жасанды сауыт-сайман мен қару-жарақты үйіп қояды. Ұста өзінің үстіне жылан түстес сұр торқадан тоқылған шекпен киеді. Бала еңбектеп теміршінің аяғының арасынан ары-бері өтеді. Алғаш өткенде бала сауыт-сайманды киеді. Екіншісінде бойына қару-жарақ асынады. Содан соң ұста екі алақанын отқа қақтап алады да, болашақ батырдың бетін сипайды. Ғұрып осымен аяқталады. Кейде осындай дәстүрден кейін оған басқа есім қойылуы да мүмкін, – деді аталмыш ғұрыпты бүге-шүгесіне дейін тәпсірлеп баяндап берген қария.     
   Қазір бұл салт ел арасында ұмытылып кеткен десе де болады. Расымен де, қызық. Сән-салтанаты ерек салт-дәстүрге кенелген халқымыздың рухани алтын көмбесінде біз білмейтін осындай тағылымды дүниелері қаншама десеңші. Олардың әрқайсысында жоғарыда сөз болғандай үлкен, тәлімі терең философиялық ойлар жатқаны анық.  Жүйткіген пойыз екі-үш бекеттен соң сапарлас қарияны діттеген жеріне жеткізіп, қайта қозғалды. Ал, мен оның айтқан әңгімелерін тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп келемін.  Шойын жолдың үстінде отарба оқтай зымырап барады...
                                                                                                                   Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
20 ақпан 2018 ж. 2 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам