Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » МЕЙІРІМ ДЕГЕН СӨЗДІ ЖАҚСЫ КӨРЕМ...

МЕЙІРІМ ДЕГЕН СӨЗДІ ЖАҚСЫ КӨРЕМ...

    Қыстың тап-таза ауасымен кең тыныстап, аяңдай басып келемін. Биылғы қыс қытымыр мінез танытқанымен, Сыр жағасы ақ көрпесін түріп тастағанына біраз болды. Бұрынғыдай аяққа гүрт-гүрт етіп жаншылатын қар да жоқ.
       Табиғаттың осындай кейпін тамашалап, өз ойыммен өзім сырласып келе жатқаным сол еді, шана сүйреген ағалы-інілі екі балақай алдымды кесіп  өтті. Далаға шығам деп қиғылық салғасын үйдегілер екеуіне шана беріп қоя берген сыңайлы. Әйтпесе, тоң болып қалған қара жерге шана жүрсін бе? Ноқтасынан сүйрегенде төрт табандап жата қалатын бұзауша әлгі шана жер сызып зорға жылжып барады. Үлкенінің өзі бес жастан енді асқан болуы керек шамасы. Інісі отырған шананың біресе алдынан тартып, біресе артынан итеріп тыраштанып барады. Осалдығын білдіргісі келмеген жігіттерше екі иығынан демалып, арасында жіпті сілкіп-сілкіп қояды. Ағасының әлі келмей жатқанын қайдан білсін, кішісі тасбақаша жылжыған шананың жүрісіне қанағаттанбай, жылай бастады. Күннің суығынан аққан жасы бой-бой болып, лезде-ақ екі беті домбығып шыға келді. Сондағы әлгі кішкентай «ағасымақтың» шыр-пыр болғанын көрсеңіз. Жастың ізімен сурет-сурет болған бетін қолғабымен сүртіп, жұбатып әлек. Еркетотай інісі де көнер емес. Бір кезде қалтасынан екі-үш кәмпитті шығарып ұстата бергені сол еді, баланың көзі бал-бұл жанып, аузын жиып ала қойды. Бауыры да мәз. Кәдімгі үлкендерше алдап-сулап жұбатып, мұрнынан сүйіп-сүйіп қояды.          Қараған көзге сондай бір ерекше көрініс дерсің. Олардың әрбір қимылын бағып тұрған мен орнымнан тапжылмай, одан әрі қызықтай түстім. Көз алдымда өткен осы бір оқиғаға ішім жылып, езуіме еріксіз күлкі үйірілді. Мейірімге толы алақандай ғана жүректің бауырына деген ерекше жанашырлығына тәнті болдым. Сірә, ел аузындағы «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген тағылымды сөз осындайдан қалса керек. Сананы тұрмыс билеп, бір-біріне деген қамқорлығы, мейірім шуағы азайған біздің қоғамда мұндай көріністерге куә болудың өзі тым сирек. Көшедегі кездейсоқ адамдарды былай қойғанда бір құрсақтан шыққан бауырлардың өзінің бір-біріне қарайласып, қол ұшын беріп жатқандары саусақпен санарлық. Әркім әуелі өзіме болсын дейтін мына заманда көп адамдар артылған дүниесін де жетім-жесірге үлестіріп беруге аса құлықты емес. Мүмкін, іш тарлықтан, мүмкін «жұртты жарылқағанша итім жесін» дегеннің кері, кім білсін?..                  Аузы дуалы бабаларымыздан «Кең болсаң, кем болмайсың» деген аталы сөз қалған. Расында, айналасына мейірім шапағын құйып, оның рақымшылық нұрына өзі де қоса шомылып, адамдықтың ақ туын жықпай жүрген көп олжа ғой. Кеудедегі алақандай жүрек тоқтағанша жақсылық жасап жарысып, жоққа жәрдем етудің сауабы мол. Жетім-жесірге көмек қолын созып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей жанашырлық таныта білу де – үлкен адамдық айнасы. Десе де, «Бір адам жаққан отқа, он адам жылынады» демекші ел арасында мейірімділік мәртебесін асқақтатып, «жомарт жүрек» атанып жүрген жандардың еңбегін де жоққа шығарудан аулақпыз. Жаратылысынан өзгені өзекке теппей, бауырмалдықпен қарсы алатын текті халқымыз бұл ізгілік жолын да әдемі жалғап келеді. Мәселен, облыс орталығында «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы жыл басынан бері екі мәрте ұйымдастырылып, демеушілер тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 мың отбасына көмек берілді. Мұның өзі жоқшылық тауқыметін тартқан тұрғындарға үлкен медеу болғаны анық.
         Осындай адамгершілік ұғымы әлем бойынша да тасада қалмай, ерекше бағаланған. 17 ақпан – дүниежүзілік мейірім күні деп белгіленіп, мерекелік мәртебесі берілді. Бұл күні бүкіл әлем жұртшылығы бір-біріне жақсылық жасап, атаулы күнді ерекше атап өтуге әзірлік жасайды. Себебі, адамдықтың бұл асыл қасиеті жұмыр жаратылысты уыздай ұйытқан ең басты құндылық екені даусыз. Тіпті, сіз де, біз де, мына тұтас ғалам да мейірімнен жаратылған емес пе?..
                                                                                                                       Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
20 ақпан 2018 ж. 2 631 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 428 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам