ЫҚЫЛАСЫ ҮЛКЕННІҢ БАТАСЫНДА...
Студент кезімде редакция тапсырмасымен Сырдария ауданы Шіркейлі ауылына барған едім. Ауылды аралап, керекті мәліметті алған соң, сол жақтағы абыз ақсақалдың бірі – Сәлімжан Бихожаевтың шаңырағына барып, сәлем бердім. Сонда көпті көрген данагөй қария көрсеткен ізетіме риза болып, мамандығыма орай ақ батасын берген еді. Иә, ол бата әлі есімде.
Расында да ата-бабамыз батаны тәрбиенің қайнар көзі деп таныды. Бата – алғыс, тілек, ризалық дегенді білдіреді. Халқымыздың өзі «Жаңбырменен жер, батаменен ер көгереді» деп тегін айтпаса керек. Бұл сөздер біздің күнделікті өмірімізде ісіміздің алға басуына, тұрмысымыздың оңалуына игі әсерін тигізіп қана қоймай, ол ұрпақ тәрбиесінде де айрықша маңызға ие.
Қазір сол жақсы дәстүрдің қадір-қасиеті қаншалықты бағаланып келеді? Тіпті, кейде бата қайыруды білмейтін қариялар кездеседі. Оған қоса оны тілекпен шатастырып жататындары тағы бар.
Осы күні сексен жастан асқан Итемір Меңлібаев есімді атам бар. Ес білгелі сол кісінің батасын да алып келемін. Жастайынан талай қиындықты, жетімдікті көріп өскен ол «Батаны, Құранды ерте кезден өз бетімше үйренуге тура келді» деп отырады әңгіме арасында.
Оның айтуынша, негізі бұл ұғым Құранның бірінші сүресінің аты «Фатихадан» туындаған тәрізді. «Фатиха» сөзі арабша «басы, кіріспе, алғы сөзі» деген мағынаны білдіреді. Мұнда Жаратушы мен оның елшісі Мұхаммедке мадақ сөз айтылады. Яғни, бар жақсылық Аллаға құлшылық жасаудан, оны мадақтаудан басталады. Мәселен, ата-баба батасына үңілсек, басында Алланың аты айтылады.
Сондай-ақ, халық арасында теріс бата деген де бар. Аты айтып тұрғандай, ол жаныңды құлазытар жайт.
Ақ бата көптеген жағдайда беріледі. Ол – нәресте дүниеге келгенде, сүндетке отырғанда, мектепке барғанда, үйленіп келін түсіріп, қыз ұзатқандағы қалыптасқан дәстүр. Жолаушы жолға, аңшы аңға немесе қажылық сапарға барар кезде берілетін сәттілік пен жеңіс, табыс, амандық тілеу баталары болған. Бие байлағанда шөп пен егін науқаны басталар шақта, жаңа қоныстағы берілетін сол ақ тілектің жөні бір бөлек. Ал, ең үлкен бата Ұлыстың Ұлы күніне арналады. Бұдан басқа ас қайырғанда дастарқанға сондай ырым жасалады. Жақсы іс бастаған сәттегі айтылатыны адамды шабынаттандырып, үлкен табысқа жетелейді. Сонымен қатар, біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қасиеті үшін немесе тілегін, аманатын орындағанына алғыс түрінде беріледі. Ол көбінесе «Құдай алдыңнан жарылқасын», «Көсегең көгерсін», «Қатарыңның алды бол», «Ғұмырың ұзақ болсын», «Таудай бол» деген ризалық пейілмен айтылады. Бұрынғы кезде аузы дуалы, айтқаны айдай адамдардан бата алуға тырысқан. Олар айтқан ақ тілек бос кетпей, қабыл болады деп сенген.
Ал, теріс бата – адамшылыққа жатпайтын жат, оғаш, жан түршігерлік қылықтар үшін беріледі. Сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып ашу-ызасын білдіреді. Ел ішінде сирек қолданылса да, ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалған.
Айталық, «Қыз Жібек» фильмінде теріс бата беру көрінісі бар. Онда Жібекті алып келемін деп Төлеген көктем шыға Сырлыбайдың ауылына бармақшы болады. Жібектің ауылына баруға ойы кетіп, мазасызданып жүрген баласының ниетін сезген Базарбай Төлегеннен: «Шырағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе?» дейді. Сонда Төлеген байқамай «Жарайды» деп қалады. «Олай болса, бір жыл күт, келесі жылға дейін Жібектің ауылына барма» дейді. Әке сөзін іштей ұнатпаған Төлеген еш жауап қатпастан үйден шығып кетеді. Ақылын тыңдамай кеткен баласына ашуланған Базарбай разылығын бермейтіні белгілі. Ал, соңында ұлының болашағы жарқын болмады, өліммен аяқталғанын білеміз.
Атамның айтуынша, бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, қауіп-қатерден қорғайды. Сондықтан өмірде әрбір адам баласына тек ақ бата алу бұйырсын.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.