БАЛАЛАР ОЙЫНШЫҚТАРЫНАН ҚАУІПТІ ЗАТТАР ТАБЫЛДЫ
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов СҚО-ның дүкен сөрелерінде сапасыз өнімдер бар екенін айтқан.
Серікбай Қасмақасов өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында өткен жылы халық тұтынатын 2,7 мыңнан астам тамақ өнімдері мен тауарлары тексерілгенін мәлім еткен.
Олардың 6,6 пайызы талапқа сай келмеген. Салыстырма талдау көрсеткендей, талапқа сай келмейтін өнімдердің басым бөлігі импорттық өнімдерге тиесілі екені анықталған. Оның ішінде көбінесе балық, аспаздық өнімдер, сүт және сүт өнімдері, ет талапқа сай болмай шыққан.
Сондай-ақ, балалар ойыншықтарының 132 сынамасының төрттен бір бөлігі техникалық регламент талаптарына сай емес. Мамандар Ресей және Қытай өндірген үш түрлі ойыншықтан формальдегид пен фенол тапқан.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.