Қызылордадан Шымкент пен Ақтөбеге баратын жолдар ақылы болады
Қазіргі таңда аймағымызда Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік дәлізі бойынша жолдар салынып жатыр. Дегенмен, бүгінде олардың кейбірінің тозығы жеткен. Демек, жолды салған уақыттан бері оларды күтіп ұстау бойынша тиісті жұмыстар жасалмай келеді. Әсіресе ауыр салмақтағы жүк көліктері олардың тез тозуына септігін тигізетіні сөзсіз. Осы мәселеге қарай қазіргі таңда облыстағы жолдарды ақылы ету бойынша жоба қаралуда.
– Бүгінгі таңда барлығы 812 шақырым жолдарға «ақылы жол» жобасы жасалуда. Егер жоба мақұлданса «Самара-Шымкент автожолының «Қызылорда-Шымкент»-246 км I-категорияда жеңіл және ауыр салмақты, «Қызылорда-Актобе»-566 км II-категорияда ауыр салмақты көліктерге жол ақылы болады. Сондай-ақ аталмыш жобада 2 ақылы төлем пункті және 6 арка қарастырылған, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ АҚ облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов.
Ерұлан Бақтыбайұлы баспасөз мәслихатында биылғы жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. 9 ай уақыт ішінде Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік дәлізінде 8 елді мекенді айналып өтетін жол, 46 көпір, 14 жол өтпелі, 2 темір жол өткелі,13 көліктік қиылыс, 337 су өткізгіш құбырлар салынған.
Ал желтоқсан айында Қорқыт ата мемориалы бойынша 1629 км, Байгеқұм аумағында 1913 км, Сунақ ата кесенесі аумағында 1960 км жер үсті жаяу жүргінші жолы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ