Қоршаған орта – қоғам байлығы
Қоршаған орта – қоғам байлығы. Сондықтан әрбіріміз өз ортамызды таза ұстауға, ластамауға міндеттіміз. Қазіргі таңда бұл сала бойынша қажетті іс шаралар өз деңгейінде атқарылып, ауаны ластауға дер кезінде айыппұл салынуда. Расында, таза ауа, таза қоғамда тұрған өзімізге де пайдалы. Сол үшін де бұл бағытта атқарылған жұмыстар ауқымды.
Мәселен өткен жылы қоршаған ортаны қорғау саласында 65 нысанға бақылау шаралары ұйымдастырылып, қорытындысымен 158 экологиялық заңнама талаптарын бұзу деректері анықталған. Соның негізінде кемшіліктерді жою үшін тиісті нұсқамалар берілген. Одан бөлек табиғат пайдаланушыларға 61 әкімшілік айыппұл салынып, ол өндірілген. Ал ҚР Экологиялық кодексінің талаптарын өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен уақытша 100 объектінің қызметі тоқтатылса, қоршаған ортаға келтірген залалды өндіруге 50 нұсқама берілген.
– ҚР Энергетика министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арасында қалдықтар орналасқан жерлерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілім қызметін көрсету бойынша келісім-шарт негізінде геопортал жүйесі іске қосылды. Ғарыштық мониторинг арқылы Қызылорда қаласының 50 шақырымдық радиусы аумағында 228 рұқсатсыз қалдықтар орындары анықталды. Бүгінде сала мамандары әрбір рұқсатсыз қалдықтар орындарына анықтау жұмыстарын жүргізіп, жергілікті атқарушы органдарға анықталған қалдықтар орындарын тазарту бойынша анықтама берді. І санаттағы кәсіпорындарға мемлекеттік экологиялық сараптама барысында, техникалық құрылғыларды герметизациялау іс-шараларын жүзеге асыру жөнінде ескертпелер беріліп, ұйымдастырылмаған шығарындылар көздерін қысқартуға қол жеткізілді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев.
Биылғы жылдың 9 айында мемлекеттік экологиялық сараптамаға келіп түскен 355 жобалық құжаттама қаралған. Оның 149-на мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген. Ал 40-ы келісілмеген, 41-і алдын ала сараптама сатысында кері қайтарылған.
Осы есепті кезеңде облыс аумағында 194 000 тонна қалдықтар құралса, оның 92 000 тоннасы өнеркәсіптік қалдық, 102 000 тоннасы тұрмыстық қалдық болып табылған.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ