Білім – қымбат қазына
Білім – білікті елдің болашағы. Сыр өңірінде осы салаға ерекше назар аударылған. Елдің болашағы аталған біліммен тікелей байланысты, сондықтан ол әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Қазір бұл бағытта жаңа әдістер, тың тәсілдер өмірімізге еніп келеді. Осы үдерістен шығу үшін Сыр өңірінде оның сапасын көтеру бағытындағы қажетті іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші – білім екені баршаға айқын. Сондықтан да ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау – қашанда ең басты міндет.
Осы орайда алдымен ойға ұлттық бірыңғай тестілеу түседі. Ол білім деңгейін бағалайтын безбенге айналды. Биыл облыс оқушылары сынақтан сүрінбей өтті. Көрсеткішке көңіл толды. Бұл – әрбір ұстаздың жемісі. Атап айтсақ, ұлттық бірыңғай тестілеуге 4143 бітіруші қатысты. Оның ішінде 406 түлек «Алтын белгі», 264 бітіруші «Үздік аттестат» иегері атанды. Аймақта үшінші жыл қатарынан ҰБТ-ға қатысқан өрендердің 97 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуде. Сонымен қатар, олардың 60 пайыздан астамы жоғары оқу орнының мемлекеттік грант иегерлері атанды. Мұндай жетістікпен ауыз толтырып мақтауға әбден болады.
Одан бөлек өрендердің сапа көрсеткіші олимпиадалық жетістігімен бағаланады. Сыр өңірінің дарынды балалары бұл тұрғыда үнемі жақсы нәтижеге қол жеткізіп, аймақ абыройын арттырып келеді. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында 11 оқушы халықаралық, 13 өрен республикалық ғылыми жобалардың жеңімпазы атанып, Ресей астанасы – Мәскеу қаласында орын тепкен Тимирязев атындағы университет және еліміздің Нұр-Сұлтан Алматы қалаларындағы Назарбаев, Қазақ-Британ техникалық, Астана ІТ, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті сынды белді жоғары оқу орындарының түлектері атанған болатын.
Өркениет биігіндегі мемлекеттер өмірін зерделесек, табысқа жетудің бірден-бір жолы – білім экономикасының дамуы. Яғни, сол елдер ғана көшбасшы бола алатыны дәлелденген. Осыған орай бүгінде жастардың шет елдерде оқуына барынша жағдай жасалуда.
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында дарынды балаларды қолдау бойынша жұмыс жасалатыны жөнінде кеңінен тоқталған еді.
– Президент Жолдауында дарынды балаларды қолдау және олардың білім алуына жағдай жасауға басымдық берілген. Осының негізінде Арал ауданында облыстық дарынды балаларға арналған жаңа мектеп-интернаты құрылды. Ендігі міндет – түлектердің әлемнің ең үздік оқу орындарына түсуге жағдай жасау, ауыл мен қала мектептері арасындағы сапа айырмасын болдырмау. Бұл мақсатта мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары кезең-кезеңімен жалғасады, – деді ол.
Рабиндранат Тагор есімді үнді ғұламасы «Ұстаз шәкіртті өзінің білімі мен қабілетінің құрбаны етпеуі тиіс» деген екен. Яғни, алдында жүрген балалардың білімі мен дағдысы олардың білгенінен әлдеқайда артық болуы қажет. Ол үшін ұстаздар қауымы мен білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да арта береді. Яғни, қабілет деңгейі педагог мамандардың біліктілігіне де байланысты. Осы орайда аймақта мұғалімдерді жаңартылған мазмұн бойынша курстардан өткізу кезең-кезеңімен орындалуда. Мәселен, 2018 жылдан бастап педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа форматы енгізілген.
Қазіргі таңда аймақтың барлық білім беру ұйымдарында 30 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді. Оның 60 пайызы – ауыл педагогтары. Педагог мәртебесін арттыруға бағытталған жоба негізінде облыста жүйелі жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, соңғы үш жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 600-ден аса мұғалім жеңілдетілген несие арқылы баспаналы болды. Одан бөлек, ауылдағы ұстаздарды көтермелеу мақсатында жылына бір рет олардың коомуналдық шығынын өтеуге өтемақы төленуде. Бұл да болса, мұғалімге жасалған жеңілдік деп есептеуге болады.
Сыр өңірінде жастардың толыққанды білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Мәселен, облыста қазір үш ауысымды оқитын мектептер жоқ. Осы мақсатта аудандар жаңа ғимараттармен толығу үстінде. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданындағы апатты №169 мектеп ғимаратын жаңарту мақсатында республикалық бюджеттен 500 млн. теңге қаралған. Одан бөлек Жалағаш ауданындағы №34 мектептің құрылысына жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жасалуда. Бұл ауқымды тірліктер арқылы өңірде заманауи оқу ошақтары қатары арта түседі.
Бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу жолында білім сапасын арттыру, дарынды балаларды демеу бағытындағы ауқымды істер жалғасын табады. Еліміз қашанда өзінің қабілет деңгейін арттыруға бет бұрған оқушыларды қолдап, мұғалімдер мәртебесін асқақтату жолында қызмет атқаруды алға қойған.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.