Білім – таусылмайтын кен
Еліміз үшін табысты болған 2018 жыл аяқталды. Ескі жыл халқымызды есіркеп, жаңа жыл жаңа жетістіктерімен күтеді деген сенімдеміз. Өткен жылға өкпеміз жоқ. Былтыр қаламызда атқарылған жұмыстар ауқымды. Оның ішінде білім саласында көптеген жетістіктер бар.
Жылдан-жылға Қызылорда қаласында білім саласының көкжиегі кеңейіп келеді. жатқандығын аңғару қиын емес. Сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасау бағытында нақты нәтижеге жол ашылды.
Облыс орталығында аталмыш сала бойынша көптеген мәселелер оң шешімін тапты. Мәселен, мектептерде үш ауысымда оқу түбегейлі шешілді. Бұл салада айтарлықтай жетістікке негіз қаланды. Сондай-ақ, қаламыздағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту түбегейлі шешілді.
Жаңа инновациялық тәсілдерді қолдана отырып білім алушыларға барынша жағдай жасау – қоғамның алға қойған мақсатының бірі. Бұл бағытта қалада ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесі 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымына енгізілді. Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңартылған білім мазмұны бойынша 1, 2, 5, 7 сыныптарға сабақ беретін 4003 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға артты. Оқу жылынан бастап 3, 6, 8 сыныптарға сабақ беретін 1545 ұстаздың жалақысы 30 пайызға көбейді.
Жыл сайын қала бюджетінің біршама бөлігі аталмыш салаға бағытталады. Білім беру нысандарының саны да еселеп артуда. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бұл бағытта ауқымды шаралар жасалып келеді. Жасалған қолдаулар мен ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде Қызылорда қаласы түлектерінің жетістіктерін де мақтанышпен айтуға тұрарлық.
Былтыр біздің өңіріміз үшін зор жетістікке толы болды. Қала мектептері Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу мен орташа балл жинаудан жоғары нәтиже көрсетіп, 90,9 баллмен облыс бойынша бірінші орынды иеленді. Нәтижесінде тест тапсырған 1 мың 670 оқушының 980-і мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 612- і құраған болатын. 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 2 мың 141 мектеп бітіруші түлектің ішінен 98 түлек «Алтын белгі», 103 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.
Инновациялық мектептер арасынан қаламыздағы №3 мектеп-лицейі информатика бағытындағы тірек мектебі ретінде ІТ-лицей болып белгіленіп, интерактив құралдармен қайта жабдықталды.
2018 жылы Тасбөгет кентінен 140 орындық жаңа балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Құны 527 млн. теңге болатын балабақшада заманауи талаптарға сай жедел саты қарастырылған және барлық бөлмелеріне жылы едендер орнатылған.
Сонымен қатар, Жаппасбай батыр көшесіндегі жаңа тұрғын ауданда 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Жоба құны 974,4 млн. теңгені құрайды.
Білім саласының жан-жақты өркендеуіне жасалған жағдайлар алдағы жылы да жалғасын таппақ.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.