Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Болашақ біліммен бекем

Болашақ біліммен бекем

  Білім – білікті елдің болашағы. Аймағымызда осы салаға ерекше назар аударылған. Елдің болашағы білім саласымен тікелей бай­ланысты болғандықтан, ол әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Қазіргі уақыт бұл бағытта жаңа әдістер, тың тәсілдер қолдануды қажет етеді. Осы үдерістен шығу үшін Сыр өңірінде оның сапасын көтеру бағытындағы іс-шаралар жалғасын тауып келеді.
Өр­­кениеттің өлшемі, қоғам дамуының бас­ты көрсеткіші – білім Сондықтан да ұс­таздарды қолдау, оқушылар мен түлек­тер­ге барынша жағдай жасау – қа­шанда ең басты міндет. Аймақтың білім саласын сөз еткенде, алдымен ойға ұлттық бірыңғай тестілеу оралады. Былтыр облыс оқушылары сынақтан сүрінбей өтті. Көрсеткішке көңіл толды. Бұл – әрбір ұстаздың жемісі. Соның нәтижесінде өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл – 85,8 баллға жеткен. Ол  2017 жылмен салыстырғанда 3,4 баллға жоғары. Былтыр 320 түлек «Алтын белгіге» ие болған. Екінші жыл қатарынан ҰБТ-ға қатысқан өрендердің 97 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуде.
Өркениет биігіндегі мемлекеттер өмірін зерделесек, табысқа жетудің бірден-бір жолы – білім экономикасының дамуы. Яғм, сол елдер ғана көшбасшы бола алатыны дәлелденген. Бүгінде жастардың шет елдерде оқуына барынша жағдай жасалуда. Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ерекше назар аударды. Соның нәтижесінде 2014 жылдан бастап 500 түлегіміз Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты бойынша сол елдің жетекші инженерлік жоғары оқу орындарына қабылданған болатын. Бүгінгі таңда алғашқы 32 студент оқуын аяқтап, елге оралды. Білікті жастар аймақтағы кәсіпорындарда қызмет етуге шешім қабылдады. Ал 42 түлек оқуларын магистратурада жалғастыруды жөн көрген. Одан бөлек, былтыр Мәскеу және Санк-Петербургтағы инженерлік жоғары оқу орындарына тағы 58 түлек оқуға аттанды.  
Жалпы, бұл бағыттағы сапа мәселесі жылдан-жылға жоғарылап келеді. Облыстағы 662 мектепке дейінгі білім ұйымдары «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне қосылды. Өткен жылы мектепке дейінгі ұйымның 566 педагог маманы біліктілігін арттыру курсынан өткен.
   Аймағымызда білім саласын цифрландыру қарқынды түрде жүргізілуде. Мәселен, облыс бойынша  293 мектеп кең жолақты интернетке толықтай қосылып, WI-FI–мен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 8096 дана компьютер жаңартылған. Оқу ошақтары 156 жаңа модификациялық физика, химия, биология, 92 робототехника кабинеттермен жабдықталды. Облыстағы 9 оқушылар үйі «3D-модельдеу» және «Цифрлық білім беру лабораториясы» кабинеттерімен жарақтандырылса,  облыс орталығындағы Оқушылар үйінде «IT-iMAQORDA» ресурстық орталығы ашылды. Ал 23 шағын жинақталған мектептер BilimBook кешенімен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, инновациялық мектептер арасынан облыс орталығындағы №3 мектеп-лицейі информатика бағытындағы тірек мектебі ретінде ІТ-лицей болып ашылды. Қазіргі таңда бұл оқу ошағының материалдық-техникалық базасы ақпараттық технология бағытында жабдықталуда. Жаңа сыныптар ашылып, оқушылардың қызығушылығы арта түсуде. 
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында барлық мектептер «Күнделік» электронды жүйесінде жұмыс жасайтынын алға тартты.
– «Күнделік» электронды журналдар ақпараттық жүйесіне 124 мектеп пен 1 колледж қосылған. Бұл жүйе ата-ана мен мұғалім арасындағы тікелей байланыс болып саналады. Бүгінгі таңда «Күнделікті» 173370 тұрғын, оның ішінде 12803 мұғалім, 99565 оқушы мен 62958 ата-ана пайдалануда, – деді М.Мелдебекова.
Ро­бинд­ранат Тагор деген үнді ғұламасы «Ұс­таз шә­кіртті өзінің білімі мен қабілетінің құр­ба­ны етпеуі тиіс» деген екен. Яғни, алдында жүрген балалардың білімі мен дағ­ды­сы олардың білгенінен әлдеқайда ар­тық болуы тиіс. Ол үшін ұстаздар қауымы мен білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да арта береді. Яғни, өрендердің білім сапасы педагог мамандардың біліктілігіне де байланысты. Осы орайда аймақта мұғалімдерді жаңартылған мазмұн бойынша курстардан өткізу кезең-кезеңімен орындалуда. Мәселен, 2018 жылдан бастап педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа форматы енгізілген. Осының негізінде Ұлттық біліктілік тестілеуге 6934 мұғалім қатысқан. Сынақтан өткен мұғалімдер еңбекақысына 30-50 пайыз аралығында үстеме қосылған. 
Сыр өңірінде жастардың толыққанды білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Өмірлік азық берер заманауи оқу ошақтары жыл сайын көбеюде. Әлі де көбейе берері сөзсіз. Экономикалық жағ­дайға қарамастан, қаламызда жаңа балабақша мен мектептердің көптеп ашылуын мемлекеттің білім мен бала тәр­биесіне деген ерекше көзқарасының, шынайы қамқорлығының айғағы ретінде бағалаймыз. Білім саласының жан-жақты өркендеуіне жасалған жағдайлар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. 
Сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасау арқылы білім жүйесінің серпінді дамуына ықпал етуге болады. Өйткені, бәсекеге қабілетті білім бәрін жеңеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
19 ақпан 2019 ж. 1 243 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам