Мұқтаж отбасыларға – тегін құрылғы
Аймағымызда төтенше жағдайлар департаменті облыс әкімдігімен бірігіп, жылыту маусымында орын алатын апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек тұрғын үйлерде көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы құрылғы орнатылды. Аталған құрылғыны орнату қазіргі таңда маңызды болып отыр. Себебі, құрылғы адамдардың өмірін қорғауға мүмкіндік береді. Ол үйде газдың концентрациясы көбейген жағдайда дыбыс шығарып, белгі береді.
– Биылғы жылу беру маусымында жергілікті бюджеттен аз қамтылған, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар тұратын үйлерге 1000 дана газдың иісін анықтайтын құрылғы сатып алынды. Алдағы уақытта жергілікті бюджет есебінен тағы 2830 данасын алу жоспарлануда. Қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімдеріне 60 данадан құрылғы беріліп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ағымдағы жылғы қыркүйек айындағы мәліметі бойынша 26 қазаннан бастап осы уақытқа дейін облыс бойыша барлығы 442 құрылғы орнатылды. Аймақ бойынша аз қамтылған, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар саны барлығы 1528-і құрайды, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар депатаменті дүлей зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының басшысы Бақтияр Тұрманов.
Айта кететін жайт, аталған арнайы құрылғы тек көмірқышқыл газын анықтайтындықтан көмір отыны жағылатын үйлерге де орнатылуда.
Бұл бағытта жұмыстар облыс бойынша әрбір отбасы 100 пайызға қамтылғанға дейін жалғасын табатын болады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ