Тектіліктің ізгі тамыры
Кішкентай күнімізде туысқан ағамыз ауылға келін әкелді. Үйге қуғыншылар келгенде дүрбелең басталды. Өйткені, келін болып түскен қыз өзінің рулас ағасына тұрмысқа шыққалы жатыр екен. Осылайша, екі жақ қарсылық танытып, бір-бірімен қайта дауласа бастады. Себебі, жеті атадан аспаған ағайынның балаларының қаны да, жаны да бір. Сондықтан қазақ ұғымында олардың бас қосып, үйленуі мүмкін емес еді.
Мұндай оқиғалар өмірде жиі кездеседі. Алайда, оның бәрі ажырасу деген үлкен мәселеден туындайды. Анасы төркініне алып кеткен бала кейде өз тегі мен бауырларының кім екенін білмей өседі. Оның соңы осындай түйткілге әкеп соғады. Бұрын ата-бабамыз салт-дәстүрді берік ұстанып, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Жеті ата қағидасына жіті назар аударған. Осының бәрі – қанның тазалығы үшін, ұрпағының ақыл-есі дұрыс, дені сау болу үшін жасалған дүние.
Оны әлем халықтарының салт-дәстүрімен салыстырғанда ұлттық салтымызда ерекше атап айтатын, қасиетті дәстүріміздің артықшылығы деп ұғынуымыз тиіс. Медицинаның дәлелдеуінен өткен, жеті аталық ұстаным қазір жер-жаһандағы жұрттың қызығушылығын туғызып отыр. Ағайын арасында қыз алыспай, қыз беріспейтін қазақи қағидалы ерекше жүйе. Халқымыздың тектілігін, тазалығын даралайтын қасиет. Қазақтың асқақ рухани құндылығын паш етеді.
Біздің ұғымымызда арғы атасын білмегенді «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп кінә артқанын жақсы білеміз. Алайда, бүгінде үлкен кісілер ғана ру сұрап, кімнің баласы екеніңді білгісі келеді. Ал, жастар одан қашқақтайды. Отбасын құрған екі жастың қан тобы бірдей болса, олардан дені сау ұрпақ дүниеге келмейтінін, кемтар бала туылатынын медицина әлдеқашан дәлелдеді. Сонымен қатар, ортада бала да болмауы мүмкін. Қазіргі кезде осындай жағдайлар кейбір халықтарда кездесуде. Бір отбасында қанша бала болса, олардың бірі мылқау, бірінің ақыл-есі кем, ал енді бірінің құлағы естімейді. Сондай-ақ, бала сүйе алмаған жағдайлар бар.
– Жастардың жеті атаны жатқа білуі міндетті. Оның маңыздылығын әрбір ата-ана үйде балаға күнделікті айтып отыруы керек. Бұл – бұрыннан келе жатқан қағидамыз. Өз басым жеті атаға жетпей қыз алысуға түбегейлі қарсымын. Өйткені, бүгін жастықтың, сезімнің әсерімен үйленіп, ертеңгі күні өкініп, опық жеп отырғанын қаламаймын. Жеті атаны үйрету – атадан балаға жалғасып келе жатқан тәрбиелік дәстүріміз. Балаға әкеден бастап, ағайын-туысты, нағашы жұртты, алыс-жақынның кім екенін ұғындырып, ата-тегін, руын санасына сіңіріп өсіру қажет, – деді зейнеткер Әлібек Жанасылов.
Қыз болсам да бала күнімде үлкендер жеті атамды жаттатып отыратын. Бабаларымыз кім болғанын, ауылда кімнің жақын туысқан екенін санама құйып отырушы еді. Алайда, қазір бізден кейінгілерге осыны кім айтып отыр деген ойға қалдым. Бәрі күйбең тіршіліктің жетегінде жүріп, ағайын-туыстың кім екенін үйретпек түгілі, оларға бөлетін уақыты да жоқ.
Үлкендердің ең басты мақсаты – ол ұрпағының ертеңгі күні бір-біріне жат болып кетпеуі. Осы тұрғыда елін, жерін сүйетін, отбасының тарихын білетін азамат дайындау ата-ананың тікелей міндеті. Сондықтан отбасында балаға жеті атасын үйретіп, олардың өмірі мен ерлігін ұдайы айтып отыру қажет. Міне, сонда ғана біздің елде ру сұрасып, жеті атадан аспай қыз алыспайтын, салт-дәстүрді берік ұстанатын ер азаматтар қатары артар еді.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ