Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ұрпаққа ұғындырған даналықты

Ұрпаққа ұғындырған даналықты

   Қай заманда да адамзат баласы үш мамандықтың өкілдеріне зор құрметпен қарап, қадір тұтқан. Олардың қатарында адам жанын емдейтін – мұғалімдер,  тәнін емдейтін – дәрігерлер, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз ететін – заңгерлер бар. Ұстаз – бұрыннан жүрекке өте жақын әрі қымбат сөз. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дейді Абай. Бұл жолда ұлағатты ісімен ұрпаққа ғибратты істі насихаттап жүрген аяулы жандардың мәртебесі қашанда биік.  
Биылғы жылғы республикалық «Үздік педагог-2019» байқауы мәресіне жетті. Аталған конкурсқа еліміз бойынша 4 мыңға жуық педагог қатысуға ниет білдірген. Мұның өзі өз-өзін дәлелдей алатын, кәсіби тұрғыда білімі жеткілікті мұғалімдер көп екенін дәлелдей түседі. Сыр өңірінде 633 ұстаз облыстық турға өтіп, финалда сынға түскен 178 педагог арасынан 64-і үздік атанған еді. Жылдан-жылға қатысушылар мен жүлдеге ие болатын мұғалімдер саны артып келеді. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы төсбелгі мен марапаттау қағазы табысталды. Бұдан бөлек, әрбіреуіне 2 миллион 525 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Жеңімпаздар арасында Қызылорда облысынан екі ұстаздың есімі аталған болатын. Осындай зор қуанышқа  Текей батыр Қарпықұлы атындағы арнайы пән оқытушысы Ботакөз Таңқыбаева да ие болды.


Еселі еңбек жемісі
Ботакөз Таңқыбаева Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіргеннен кейінгі уақыттан бастап осы кезге дейін тәжірибе жинақтап, ізденістен таймай келеді. Алғашқы қызметтік жолын «Болашақ» университетінің колледжінде арнайы пән оқытушысы болудан бастаған ол  бүгінде «Жас өркен» колледжінде пән оқытушысы, директордың оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда.   
Өзің таңдаған мамандықты атқарып жүргендіктен, оның шыңына жету де бір мақсат. Көптің тасасында қалмай, озық ойлы ұстаз болуды Ботакөз алдына мақсат етіп қойды. Сол жолда аямай тер төкті, көп ізденді. Жас өреннің бойына өз білімі мен білігін құю жолында ғылыми тұрғыда жұмыс жасады.
Жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік педагог» байқауы Ботакөз үшін зор мүмкіндік болды. Оған қатысып, өзінің шын жүйрік екенін дәлелдегісі келді. Осы салада өзінің ғылыми кітаптары мен зерттеулері жарық көрді. Сонымен қатар, шәкірттері әрбір жарыстан жүлдемен оралатын. Студенттерінің әрбір жүлдесі Ботакөзге алға басуға жол ашты. Осылайша, «Үздік педагог» байқауына қатысуға шешім қабылдады.
 – Оның өзіндік критерийлері бар еді. Мәселен, педагогтың кәсіби құзыреттілігі, біліктілікті арттыру, инновациялық білім беру технологияларын, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, кәсіби конкурстарға қатысуы, зерттеу жұмыстарының нәтижесі бағаланады. Мұнан бөлек, өңірдегі, республикадағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі, авторлық бағдарламалар әзірлеу, инновациялық-педагогикалық идеяларды насихаттау және шәкірттердің жетістіктері де сараланды. Осы талаптар бойынша дайындық жасалды. Еңбектерім бағаланды. Ізденістерімнің нәтижесінде биыл зор марапатқа кенелдім, – дейді үздік педагог.
Бүгінгі күнге дейін Ботакөз Таңқыбаеваның 3 оқу құралы және 5 әдістемелік көмекші нұсқаулығы жарық көрген. Үлкен ізденіс, терең оймен еңбек етуінің нәтижесінде ұлағатты педагог көптеген жетістікке қол жеткізіп келеді. Шәкірттері республикалық, халықаралық ғылыми жоба жарыстарының және олимпиадаларда жүлдегер атанды. Соның бәрі байқауда сараланды.
Расында, Ботакөз Рахманқызының 12 жыл уақыт аралығында еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның педагогтың қызметтегі еңбектері жыл сайын өз бағасын алып келеді. Айта кетсек, 2017 жылы Ы.Алтынсарин  атындағы Ұлттық білім беру академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Одан бөлек , облыс, қала әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамотасына да қол жеткізген. 


«Көзіме жас алдым»
«Мен өзім марапаттау кезінде көзіме жас алдым. Осы жетістікке қандай еңбекпен келдім? Қанша ауыртпалық болды? Бәрі  ойға оралды». Бұл «Үздік педагог-2019» байқауында жеңімпаз атанған Ботакөз Таңқыбаеваның алғашқы толқынысы. Республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінген ол ең керемет сезімді бастан кешіргенін айтып берді.
  – «Үздік педагог» олимпиадасы – педагог мамандар үшін зор мүмкіндік. Оған қатысу үшін алдымен таудай талап, алға нақты мақсат қоя білу керек. Сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етсеңіз, мұратыңызға жетесіз. Шаршасаңыз, алдағы мақсатты еске түсіріп, ары қарай жұмыс істей беру керек. Сонда өз нәтижесі де болады, – деді ол.
Ботакөз Таңқыбаева ұстаз жолын таңдағанын дұрыс деп санайды. Өз мамандығын жоғары бағалағандықтан үнемі ізденіс үстінде жүреді.
  – Мен бала кезімнен мұғалім болуды армандадым. Бұл тұрғыда өзіме сабақ берген ұстаздардан өнеге алдым. Сабақ үстінде олардың біліміне қарап, тамсанатынмын. Мен де сондай маман иесі болсам деп мақсат қойдым. Мұғалім болу  көп ізденісті қажет етеді. Бізге қарап, жас ұрпақ тәрбие, білім алады. Сондықтан әрбір ісіміз көпке үлгі болуы тиіс. Бұл тұрғыда қазір көп ізденіс қажет, – деді үздік педагог өзінің тәжірибесімен бөлісіп.
Ботакөз Таңқыбаева – талай шәкіртті білім қайнарынан сусындатып, қанатын қатайтып, үлкен өмірге ұшырды. Тәуелсіз елдің ертеңі – келешек ұрпақтың іргетасының мықты, көкжиегінің кең болуы үшін тер төкті.
Өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген педагогтың студенттері әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз. Қызметімен қоса отбасын қатар алып келе жатқан ол үш ұлды тәрбиелеп отыр. Төгілген тер, атқарылған жұмыс міндетті түрде жемісін береді. Ботакөз Таңқыбаеваның биылғы жетістігі соның дәлелі.

Айтолқын АЙТЖАНОВА


19 қараша 2019 ж. 637 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам