Ұлағатты маман иелері ұлықталды

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұстаздар күніне орай, «Ұстаз – Ұлы тұлға» атты салтанатты кеш өтті. Шараға қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұлағатты жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Ұстаз. Осы бір сөздің түбірінде қаншама киелі құдірет пен ұлағатты ұғым жатыр. Адам баласы қай заманнан бері оқуды үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Осы орайда оқушы зердесіне білім мен қатар тәрбиені ұштастыра білген ұстаздардың еңбегі елеулі. Олай болса, мұғалімдер күні дәрежесі биік, ең ұлық мереке. Қай заманда да қоғам ұстаз мәртебесіне селқос қарамаған. Себебі, ұстаз ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші тұлға. Ертеңі еңселі болғанын қалайтын кез келген мемлекет алдымен мұғалімдердің жағдайына мән беруі шарт. Осы мақсатта қала бюджетінің 40 пайыздан астамы білім саласына бағытталып келеді. Жыл сайын жаңа білім ошақтары мен балабақшалар пайдалануға берілуде. Оқу саласында атқарылған толымды істердің нәтижесінде оқушыларымыз түрлі байқауға қатысып, білім биігінде топ жарып келеді. Мұның барлығы Сыр өңірі ұстаздарының ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

– Мен қаладағы №4 IT мектебінде физика пәнінен сабақ беремін. Өзім де сол білім ошағынан түлеп ұшқан шәкірттің бірімін. Еңбек жолында үлкен табысқа жетсем, ол маған білім берген ұстаздарымның арқасы деп білемін. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, бүгінде сабақ берген оқушыларым биіктен көрініп, үлкен мамандықтың иесі атануда. Бұл – ұстаз үшін зор мақтаныш. Барлық әріптестерімді төл мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріне жеміс тілеймін, – деді ол.
Салтанатты жиында Сыр өнерпаздары мен мектеп оқушылары мұғалімдер қауымына мерекелік концерт ұйымдастырып, ән мен күйден шашу шашты.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА