Заманауи үлгідегі білім ордасы

Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовқатысты.
– Тәуелсіздігімізді алған уақыттан бері Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш салаға ұдайы көңіл бөлініп келеді. «Келешектің кілті – білімді ұрпақтың қолында» деген қағидат берік қалыптасты. Міне, соның дәлелі – бүгін тағы бір жаңа мектеп ел иігіліне берілді. Елдің болашағы – балалар үшін олардың заманауи технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратта сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Биылғы жылы тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз конференциясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдауында педагогтардың мәртебесін көтеру, білім сапасын арттыру, еңбек нарығына сапалы мамандар даярлау, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мәселелерімен бірге бала тәрбиесіне қатысты нақты басымдықтарды айқындап берді, – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Айта кеткен жөн, аймақта оқу ошақтарының 60 пайызы жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіліп, компьютерлер толықтай жаңартылған. Сондай-ақ, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі де толық шешілген. Ал балабақшалардың желісі жыл сайын артып келеді. Оның 72 пайызы жеке сектордың үлесінде. Нәтижесінде 3-6 жастағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толықтай қамтылған.
«Ақмешіт-ақпарат»